Жаңалықтар

БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРСІЗ?

БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕП ЖҮРСІЗ?

«Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» немесе «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, әкенің мінезі, іс-дағдысы бала бойына сіңеді. Егер әке мәдениетті болып, өзін рухани бай тұлға ретінде көрсете білсе, бала да болашақта саналы ұрпақтардың қатарынан болатыны анық. Сыртқы күш пен ортаның әсері қанша күшті болса да, ең алдымен, бала әкенің қасиетін бойына еріксіз сіңіреді. Әкесін сыйлап, әкеге қарап бой түзеген баланың тәрбиесі жөнді, болашағы жарқын болады

. Отбасы – қоғамның негізі. Баланың болашақта жан-жақты, тәрбиелі, білімді болуы отбасында берілетін тәрбиеге, әсіресе әкенің тәрбиесіне көп байланысты. Қазір қоғамда ұл-қызына сүйіспеншілігін білдіре бермейтін әкелер көп кездеседі. Олардың дені сезімін іште бұғып ұстағанды дұрыс санаса, енді бірінде әкелік сезім мүлде оянбауы мүмкін. Арамызда баласының маңдайынан бір иіскеу былай тұрсын, сұрағына жауап беруге асықпайтын селқос әкелер де бар. Көпшілігі тек балаға тегін берумен, қаржылық мәселесін шешумен шектеледі. Балаға тек те керек, бірақ ең бастысы – әке мейірімі, махаббаты, шапағаты мен шарапатының орны ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар атадан өте туады, бір бала бар кері кете туады» деген тұжырымнан баланың қандай болмағына негіз қалайтын әкенің өзі екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Сонымен бірге қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бірақ өз кезегінде мектептің оқушыларға беріп жатқан тәлім-тәрбиесі, ер балалармен атқарып жатқан жұмысы аз емес. Нәтижесі де жаман емес. Алайда мұндай жауапты істен баланың ата-анасы да шет қалмау керек. Тәрбиенің барлығын мектепке артып қою – үлкен қателік. Әр отбасы – жеке мемлекет. Ал сол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Алайда әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі сол, бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына – шешесіне ысыра салатын, жауапкершілікті сезінбейтін әкелер жетерлік. Қазіргі қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі – әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру. Осы орайда осыдан 3-4 жыл бұрын бала тәрбиесіне әкелерді тарту мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан әкелер кеңесі құрылды. Кеңес құрамына өмірлік тәжірибесі мол зиялы азаматтар енді. Төрағасы болып беделді де белсенді азамат Қонысбай Ильясов сайланды. Әкелер кеңесінің жұмысы отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелерді бала тәрбиесіне атсалысуға шақыру. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы ата-ананың белсенділігін арттыру мен мектеп жасындағы ұлдар­ды еңбек­ке тарту. Әке­лер кеңесінің басты мақсаты ба­­­ла­­­­ның бойында өжет­тік, мәрттік қа­сиет­терді әке арқылы қалып­тастыру, бала мен әке арасында тығыз байланыс орнатуға бағыт беру, ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқаратын еңбегі ерекше екендігін ұғындыру. Аналар материалдық, рухани қажеттіліктерін бергенімен әкенің орнын толтыра алмайды. Сондықтан ұлдың да, қыздың да тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Ана баласына жылулығын, мейірімін сыйласа, әке баланың өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Бала әкеден ерліктің, еңбектің, адамгершіліктің, іскерліктің, имандылықтың негіздерін үйренеді. Ұрпағын қатарынан қалдырмай, жан-жақты, ақыл-ойы жетілген азамат болып өсуі үшін моральдік, материалдық құндылыққа, жайлы тұрмыс, білім алуына, өнерін ұштауына, салауатты өмір сүруіне жағдай жасау – әкенің басты борышы. Сонымен бірге ақыл-парасаты, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, киім үлгісі арқылы әке өз өнегесін көрсете білуі керек. Әке – ұлы күш пен сабырдың иесі іспеттес. Әке баласының физикалық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән бергені жөн. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді ұзын-сонар әңгіме немесе ақыл айтып емес, өзінің іс-әрекетімен көрсетсе, бала санасында мәңгі есте қалады. Қазіргі таңда әкенің рөлі сәл төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеден гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл рухты, намысты болып ержетуі үшін мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көруі қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанған принциптеріне қарап бой түзейді. Әкелеріміз бізге кезінде қандай ақыл, өнеге айтты, сол тәрбиені біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізгеніміз дұрыс. Әке тек қана ақылымен, сөзімен ғана емес, баласына жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен тәрбие беруге тырысу керек. Ақыл айтумен шектелу жеткіліксіз. Өзің шылым шегіп тұрып балаңа «темекі тартпа» десең, күнде ішімдік ішіп жүріп «араққа жақындама» деп ұрыссаң, ол қандай тәрбие болмақ? Қысқасы, әке қандай болса, бала да сондай болады. Күн сәулесінің табиғаттағы маңыздылығы қаншалықты жоғары болса, отбасындағы тәрбие баланың дұрыс қалыптасуында соншалықты маңызды. Қанша дегенмен жүрегі жұмсақ аналар тым еркелетіп жібергенде әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болады. Әр отбасында отағасы балаларына әке болып ақыл беріп, керек кезінде олардың досы секілді сырласып, ой бөлісуге тырысқаны жөн. Егер ата-ана өз міндетін дұрыс атқарса, баланы дұрыс жолға саламын деп қиналмаса да болады. Себебі бала дұрыс өмір сүруді мына сіз бен бізден үйренеді. Баланың тәрбиелі болып өсуіне рухани отбасының тигізетін әсері көп. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп-қадірлеу – кез келген баланың перзенттік борышы. Әке өнегесін көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары тұлға болып қалыптасады. «Ата-анаға көз қуаныш, Алдына алған еркесі. Көңіліне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі», – деп хакім Абай айтқандай, ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт-арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екенін есте сақтайық. Олай болса, ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болатын бейнесі екенімізді ұмытпайық. Жақсы мінез бен асыл қасиеттерді ардақтай білейік, бойымызға сіңіріп, дарыта білейік. Орайы келіп тұрғанда ата-аналарға бала тәрбиесіне қажетті 10 кеңес беруді жөн санадық: 1. Қуаныш, ашу, ауырсыну, нәзіктік, реніш сынды эмоциялардың барлығы қарым-қатынаста басты рөл атқарады. Ал бала үшін отбасы мен қоршаған орта арасында байланыс орнату маңызды. Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан балаларға жылулық жетіспейтіндей көрінеді. 2. Әр баланың өзіндік сипаты мен ішкі түйсігі болады. Оны кітаптарда жазылған қатып қалған қағида бойынша үйретуге тырыспау керек. Әр адамның жеке көзқарасы мен мінезі болады. Сондықтан балаға еркіндік беріп үйреніңіз. Оны шынайы әлемнен жасырмаңыз. 3. Кез келген жерде әдепсіз баланы кездестірсеңіз «ата-анасы қандай тәрбие берген» деп іштей ойланасыз. Ал тәрбиелі баланы жолықтырсаңыз да «ата-анасы кім екен, қандай жақсы бала» деп тамсанамыз. Дегенмен идеал адам жоқ. Сондықтан балаңызға дұрыс бағыт-бағдар берсеңіз, сіздің де балаңыз ел қызығатындай тұлға болып қалыптасатыны анық. 4. Баланың жас ерекшелігін ескеріңіз. Мысалы, үш жасар бала төрт жастағы баладан ерекшеленеді. Ал үш жасар бала мен он жасар баланың айырмашылығы аспан мен жер тәрізді. Балаңыз қанша жаста болса да оған сеніп, өзінің ойлануына мүмкіндік беріңіз. 5. Ата-аналар балаларының алдында керемет көрінгісі келеді. Баланың ақылды және мейірімді болып өсуі үшін оған үлгі көрсетуіміз керек екенін бәріміз білеміз. Десек те көпшілігіміз моральдік нұсқаулар тек бір жағдайда жұмыс істейтінін ұмытып кетеміз. Яғни сіз оларды өзіңіз орындап, ұстанған кезде ғана нәтиже береді. 6. Біз баламызға құрсақта жатқан кезден бастап жоспар жасай бастаймыз. Олар өсіп, бізден де көп жетістіктерге жетсе екен деп армандаймыз. Бірақ бір қызығы, сіз армандаған мінсіз сәби болмауы мүмкін. Сондықтан баланың бойында сізге ұнамайтын нәрсені өзгертуге тырыспаңыз. Оны сіздің арманыңыздағыдай болуға мәжбүрлемеңіз. Бала кім болғысы келсе, сол адамға айналуға көмектесіңіз. 7. Балаңыздың балалық шағы қаншалықты бақытты болса, соншалықты бақытты болып өседі. Бұл ғалымдар дәлелдеген императив. Баланы балалық шақтан айыруға болмайды. Күнделікті жасайтын жұмысынан бөлек, демалуға да уақыт қалдыру керек. 8. Әрбір ата-ана баласының басқалардан жақсы болғанын қалайды. Ол жақсы оқып, спортта да үздік нәтиже көрсетсе деп армандайды. Бала да бәріне үлгеріп, алда болуым керек деп санайды. Сөйтіп, бала өмірді шексіз бәсекелестік ретінде көреді. Бірақ біздің өміріміз тек күрестен тұрмайды. Өмірдің қазіргі сәтін сезіне білу керек. Балаңызға кез келген жағдайда жеңіске жету маңызды еместігін сіңіруге тырысыңыз. 9. Көпшілік ата-ана мінсіз болуға тырысады. Біздің балаларымыз біз өмір сүргеннен әлдеқайда жақсы жағдайда өмір сүреді. Біз баланың барлық қыңырлығына көнеміз. Жаңа ойыншық алғысы келсе сөзге келмей алып береміз. Міне, осыдан кейін бала қоршаған ортасындағылар да бар айтқанын істейді деп ойлайды. Екіншіден, келесі жолы қалаған затын әпермесеңіз көңілі қалады немесе ашуланады. Сөйтіп, бала өзімшіл болып өседі. Сол себепті балаға тәрбие бергенде мұқият болу керек. 10. Біздің әрекеттеріміз өз сөзімізге қайшы келіп жатады. Балалар әрқашан ата-анасының уәдесін есте сақтайды және олардың орындалуын күтеді. Бірақ ана мен әке бұл мәселені әрқашан соңына дейін жеткізе бермейді. Кейде олар балаға уәде еткенін ұмытып кетіп жатады. Бұл отбасына деген сенімді әлсіретеді, қарым-қатынасты бұзады. Әсіресе бала үшін маңызды нәрсе ұмытылып кетсе, есінде қалады. Соңғы жылдары отбасындағы зорлық-зомбылық жайлы да жиі сөз қозғала бастады. Тіпті отбасы туралы бұрынғы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әлі де жоғары мінберлерден отбасы проблемалары мезгіл-мезгіл көтерілуде. Таяуда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай дәстүрлі отбасы институтындағы ерлердің беделіне қатысты Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдеріне депутаттық сауалын жолдады. А.Әлтай: «Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда түрлі келеңсіздіктер байқалып жатыр. Солардың санатында өзінің ер-азаматынан қорлық көрген әйел ғана емес, әйел затынан қысым көретін еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балалары соққыға жығатын қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын, әкемнен сұрайын» деген түсінігі бар буын едік. Қазір «анам біледі, анамнан сұранайын, анам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр. Кеше ғана Қарағандыда болған 78 жастағы кейуананы өзінің ұлы ұрып-қорлау дерегі білегінен әл кетіп, бойынан қуат кеткен шағында туған баласынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатқанын айқындайды. Сондықтан қоғамдағы ер-азаматтардың және ата-аналардың құқығын қорғау мәселесі шешімін табуы тиіс», – деді. Депутат өз сауалында Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілінен ақпараттық кеңістікте қазақтың жігіттерін, ер-азаматтарын ез етіп бейнелейтін, қорқақ, жалтақ етіп сипаттайтын түрлі контенттердің артуы, комедиялық жанрдағы фильмдердің көбеюі ненің әсері екенін сұрады. Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы әкелер кеңесінің мүшесі