Жамбыл жаңалықтары

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ ЕРТЕ БАСТАУ ҚАЖЕТ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ ЕРТЕ БАСТАУ ҚАЖЕТ

Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу – басты міндет. Бұған жылыту маусымының өту барысы және газ саласын дамыту мәселесіне қатысты облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Ербол Қарашөкеев те баса тоқталды.

– Биылғы жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар үшін аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Дегенмен тұрғындар тарапынан уақытында жылуға қатысты айтылған сын өте көп болды. Оның ішінде Тараз қаласындағы ықшамаудандарды ерекше атап өтуге болады. Сол үшін алдағы жылыту маусымына дайындықты ерте бастап, бақылау мен жылу өндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұнғатов нысандарды жылыту маусымына дайындау және оның өту барысын қадағалау үшін құрылған облыстық штабтың 4 мәрте отырысы өткенін, жылыту маусымы 164 тәулікті құраса, бүгінгі күнге 153 тәулігі артқа қалғанын сөз етті. Сыртқы ауа температурасы соңғы 5 тәулікте +8 градустан жоғары болған жағдайда жылыту маусымын аяқтауға болады екен. Жалпы жылыту маусымы жыл сайын 178-184 тәулікті құрап, 5-10 сәуір аралығында аяқталып отырған. Аппараттық кеңесте Д.Тұнғатов салада атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап, шешімін күткен мәселелерді де атап көрсетті. – Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының жылу желілерінде жылудың қысымын ретке келтіруге арналған (қуаты – сағатына 1600 текше метр) сорғы стансасының құрылысы әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Мердігер «Строй Монтаж Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 10 ақпанда стансаны іске қосуға уәде берген болатын. Келісімшарт бойынша 2024 жылдың 29 ақпанында жұмыстар толық аяқталуы тиіс болған. Алайда бүгінгі күнге дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталмады. Осыған байланысты тапсырыс беруші ретінде Тараз қаласы әкімдігі шарттың талаптарына сәйкес сотқа талап-арыз беріп, айыппұл құнын өндіруі қажет. Тараз қаласының негізгі магистральді М-1 жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары биыл басталады. Мердігер және авторлық қадағалаушылармен келісімшарт жасалған. Қала әкімдігінде 2 мәрте кеңес өтіп, жылыту маусымы аяқталысымен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау көзделуде. Жобаның жалпы құны 10,675 миллиард теңгені құрайды. 2024 жылға республикалық бюджеттен 6,4 миллиард теңге және облыстық бюджеттен 710 миллион теңге қаралды. Десе де М-1 жылу жүйесіне қатысты құрылыс-монтаж жұмыстары мен автокөлік қозғалысының кестесін осы бастан бекіту қажет, – деді Дамир Сейсенбекұлы. Аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен «Ұлы дала» ықшамауданындағы сорғы стансасы құрылысы қашан пайдалануға берілетінін сұрады. Сондай-ақ М-1 магистральдік жылу желісі қаланың орталық бөлігінен өтетін болғандықтан құрылыс-монтаж жұмыстары мен автокөлік қозғалысының кестесін бекіту, жылу магистралінің бойында орналасқан құрылыс, сауда-саттық және басқа да нысандардың иелеріне демонтаж жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарлама тарату керектігін айтты. Тараз қаласы әкімінің айтуынша, бүгінде аталған жылу қысымын ретке келтіруге арналған сорғы стансасының құрылысы аяқталған. Мердігер компания сынақтан өткізіп, пайда болған ақауларды қалпына келтірген. Алдағы бір-екі күнде іске қосылатын болады. Бақытжан Әмірбекұлы М-1 магистральдік жылу желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары мен автокөлік қозғалысының кестесі бекітілгенін мәлім етті.