Әлеумет

КЕЙБІР АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ ДӘРІХАНА ЖОҚ

КЕЙБІР АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕ ДӘРІХАНА ЖОҚ

Шалғайда жатқан ауылдық елді мекен тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыру – мемлекет назарында тұрған басты мәселенің бірі. Бірақ қазіргі таңда бұл түйткіл кейбір ауылдарда өзекті күйінде қалып отыр.

Мәселен, кей ауылда тұрғындар қызу түсіретін «Парацетамол», ауырсынғанды басатын «Но-шпа» секілді қарапайым дәрілердің өзін майшаммен іздесе де таппайды. Өйткені ауылдарда дәріхана жоқ. Тіпті дәріханасы жоқ білдей ауылдық округтер де баршылық. Ондай елді мекенде «басы ауырып, балтыры сыздаған» адам түнімен көрер таңды көз ілмей атырып, жергілікті жердегі медицина маманына жүгінгенде олар бар болғаны ауырсынғанды басатын дәрі егіп, алғашқы медициналық көмегін көрсетіп, одан әрі дәрі тағайындаумен ғана шектеледі. Ары қарай дәрі іздеген тұрғын ауданға немесе облыс орталығына сабылады. Такси қызметі тиімсіз ауылдарда науқас кім жақын арада қаладан келеді, соның жолын тосады. – Қамқалы ауылдық округінде 900-ден аса тұрғын бар. Орталығы Шығанақ ауылы болғанымен тұрғындардың басым көпшілігі Жайлаукөл ауылында тұрады. Мысалы, Жайлаукөлде – 394, Қамқалыда – 200, Шығанақта 304 тұрғын бар. Ауылдық округтен Тараз қаласына да, Жаңатас қаласына да такси жүрмейді. Біріншіден, жол тым қашық. Екіншіден, жолақысы қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салады. Үшіншіден, жеке көлігімен адам тасығысы келген тұрғынға да такси қызметін ұсыну өте тиімсіз. Жалпы Шығанақтан облыс орталығына жол жүрген адам Үшарал, Ақкөл ауылы арқылы 285 шақырымды, ал Жаңатасқа дейін 200 шақырым қашықтықты еңсеруі керек. Ал қоғамдық көлік аудан орталығына да, Таразға да аптасына екі-ақ мәрте қатынайды. Сонда науқас дәріге қолы жеткенше екі-үш күн ем-домсыз жатып қалады. Мәселен, жақында ауылдың бір азаматы моншаға түсіп жатқанда байқаусызда ыстық суға күйіп қалды. Оның емі қаздың майы араласқан қоспа көрінеді. Сол кезде қаздың майы буын ауырғанда, пневмония, тері ауруларына таптырмас ем екенін естідік. Ол құтыға құйылып, арнайы дәріханада сатылады екен. Жазатайым оқиға орын алғанда жанашыр адамдары қаздың майын Тараз қаласынан жылдам алдырды дегеннің өзінде бір күннен аса уақыт кетті. Ал жайшылықта ауруына шипа іздеген адам қажетті дәріні асқан төзімділікпен кемі 3-4 күн күтеді. Сондықтан Қамқалы ауылдық округіне қарасты үш ауыл тұрғындары үшін ең болмаса бір дәріхана ашылса деген өтінішіміз бар, – дейді Сарысу ауданы, Шығанақ ауылының тұрғыны Қайрат Исақов. Дәл осындай өтінішті аталған ауданның Досбол ауылдық округіне қарасты Үлкен Көкдала ауылының тұрғыны Берсүгір Иманбаев та айтты. Ол тіпті қан қысымы бойынша есепте тұрғанын, ал ауданға барып тегін дәрі алу үшін жолдың қашықтығы мұрша бермейтінін сөз етті. – Досбол ауылдық округіне Кіші Көкдаланы қосқанда үш ауыл қарайды. Бізде дәрігерлік амбулатория жоқ, әр ауылда кемі бір бөлмелі медициналық пункт бар. Барлығын қосқанда округ бойынша 90-ға тарта үй бар. Тоғызкент ауылдық округі 37 шақырым қашықта жатыр. Сол ауылдық округтен анда-санда дәрігер келіп, науқастарды қабылдайды. Оның жазып берген дәрісін іздеп Тоғызкент ауылындағы дәріханаға барамыз. Ол жақтан іздегенімізді таппасақ, 110 шақырым қашықтықтағы Жаңатасқа жол тартамыз. Өзім қан қысымым бойынша есепте тұрған адаммын. Ауданға барып үш ай, әлде бір айда ма, тегін дәрі алуға құқым бар. Дегенмен ол дәрілерді алып көрген емеспін. Шынымды айтсам, жол жүру, тағы да басқа машақаттарды ойлағанда ауруымды ұмытып кетемін. Біз секілді есепте тұрған адамдарға тегін дәрі ауылдағы медпункт арқылы таратылса деген тілегім бар, – деді Берсүгір Әмедияұлы. Талас ауданының Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік, Көшек батыр ауылдарының тұрғындарымен де тілдестік. Олар да дәріхананың жоқтығын, дәріні Тараз қаласынан алдырып жүргендерін сөз етті. Мән-жайға қаныққаннан кейін біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті ғимаратына арнайы бас сұқтық. Департаменттің басшысы Манат Сейдумановтың айтуынша, облыстағы ауылдық елді мекендердің 63 пайызы дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Департамент қадағалау органына жататын болғандықтан қалған ауылдарда дәрі-дәрмек қолжетімді болуы үшін тиісті атқарушы органдарға ұсыныс берілген. – Бұл мәселе бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен жиында да, жуырда ғана облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында да қозғалған. Аппараттық кеңесте департамент тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстар, яғни медициналық және фармацевтикалық бақылау нәтижесі бойынша есеп бердім. Сол кезде шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерде дәріхана пункттерін ашу немесе оларды жылжымалы дәріхана пункттерімен жабдықтау жөнінде, яғни алыс ауылдарда дәрілік заттардың қолжетімділігі бойынша тиісті шаралар ұйымдастырылмағаны айтылды. Бұл кемшіліктер Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарына тән екені де атап көрсетілді. Сонда Ербол Шырақпайұлы облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспановаға арнайы тапсырма берген болатын. Біз жағдайды зерделеп, ары қарай ұсыныс бердік. Енді ол мәселені шешумен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы айналысады. Ал тегін таратылатын дәрі-дәрмекке келсек, біз тұрғындар тарапынан тегін дәріні ала алмауына байланысты шағым түссе ғана тексеріс жүргіземіз. Тегін дәріні ауылдық елді мекенде орналасқан медициналық мекемеде тарату, таратпау мәселесін де аталған басқарма шешеді, – деді Манат Тұрарұлы. Сөйтіп, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысына хат жолдадық. Ал басқарманың жауабында: «Амбулаториялық деңгейде науқастардың дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-75 «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы «Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындау туралы» №ҚР ДСМ-88 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Басқарма ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін арттыру және дәрілік заттарды алу үшін ірі елді мекендерге бару қажеттілігіне байланысты уақыт шығындарын азайту мақсатында облыстағы дәріханалары жоқ шалғайдағы ауылдық елді мекендерде жылжымалы дәріхана пункттерін ашу жөнінде мәселені алдағы уақытта облыстық мәслихаттың қарауына ұсынады. Сарысу ауданында шалғайдағы ауыл тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жылжымалы дәріхана пунктін іске қосу қарастырылуда. Жылжымалы дәріхана пункті созылмалы аурулармен ауыратын және есепте тұрған ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізетін болады. Ол елді мекендерге кесте бойынша қатынайды деп жоспарлануда. Жылжымалы көлік жұмысы іске қосылғанға дейін шалғай ауылдағы мейіргерлер аптасына бір рет келіп дәрілерді әкетіп жатыр. «Пациенттер дәрі үшін қалаға қатынауда 3-4 күнін жоғалтады» деген ақпарат осы уақытқа дейін орын алған жоқ» делінген. Яғни алға қойылған жоспар ауқымды. Мәнді мәселе облыс әкімінің де бақылауында. Сондықтан ауыл тұрғындарын толғандырған мәселе жуық жылдарда толық шешіледі деген үміттеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ