Жаңалықтар

«ШЕНІМЕ ЕМЕС, ЕЛІМЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ЗОР МӘРТЕБЕ!»

«ШЕНІМЕ ЕМЕС, ЕЛІМЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ЗОР МӘРТЕБЕ!»

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасының полиция қызметі құрылып, азаттықтың ақ таңын күзетіп, егемен еліміздің тыныштығын қорғайтын арнайы сақшысы белгіленген еді. Міне, осындай айтулы жылы дүние есігін ашқан жандардың да алдағы тағдыр жолы таңбаланғандай болды. Оның дәлелі, бүгінде офицерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген 30 жастағы полиция қызметінің құрдасы – облыстық полиция департаменті арнайы даярлық басқармасының аға инспекторы полиция майоры Қанат Көкталов.

– Мен мерейлі қызметтің төл құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Кішкентай кезімнен тарих кітаптарынан Қазақ елі қандай сындарлы кезеңдерді басынан өткергенін оқып, таңғалатынмын. Сонда осы күнге жетуімізде әр кезеңде көзсіз ерлік көрсетіп, жанқиярлық танытқан батыр аталарымыз бен ержүрек ағаларымыздың үлесі зор екендігін түсінетінмін. Дәл сол сәттен халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғасам екен, тәуелсіздігіміздің қорғаны, еліміздің мықты қалқаны болсам екен деген мақсатты арман көңіліме орныққан еді. Міне, осы жүрек түбіндегі балалық арманым орындалып, Қазақстан полициясы сапында қызмет етіп келемін, – дейді полиция майоры Қанат Көкталов. Қанат өзгелер секілді «әкемнің жолын қудым немесе ағама еліктедім» демейді. Ол өз қызметін – тағдырым деп есептейді. 2009-2013 жылдар аралығында Алматы академиясында әскери білім алған Қанат, алғашқы еңбек жолын Тараз қалалық ішкі істер басқармасы 2-полиция бөлімінің аға тергеушісі қызметінен бастайды. Жиырма жасар лейтенантқа аға тергеуші лауазымы үлкен жауапкершілікті жүктеді. – Өз қызметімнің асқан шыдамдылық пен жауаптылықты талап ететіндігін түсіндім. Сол себепті алғашқы сәттен жұмысқа беріле кірістім. Түрлі жантүршігерлік қылмыстардың куәгері болдым. Алаяқтық, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық, кісі өлімі сынды оқиғалардың тергеушісі болу жас маман үшін, әрине, оңай нәрсе емес. Бірақ қызметіме деген ықыласым мен адалдығым мені әрқашан алға жетеледі, – деп өмірлік ұстанымының беріктігін көрсетті. Қанат өзінің тергеушілік қызметіндегі үздік жетістіктері мен нәтижелі жұмыстарының арқасында алғашқы жылдары-ақ басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болады. Оның ішінде, атап айтсақ, Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының Алғыс хаты, Тараз қалалық ПБ бастығының мақтау грамоталары жұмысына деген ынтасын еселей түсті. 2014 жылы туған жері Меркі ауданының полиция бөліміне аға тергеуші болып ауысады. Екі жылдай туып-өскен жерінің қылмыстық оқиғаларының азаюына өз үлесін қосып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген ол 2016 жылы тамызда басшылықтың ұсынуымен аудандық полиция бөлімінің кадр жұмысы тобының кәсіби даярлық аға инспекторы лауазымына тағайындалады. Кадр ісінде жүріп Қанат офицерлік болмысымен қатар, шығармашылық қырларын да таныта бастайды. Бөлімдегі түрлі іс-шараларға қатысып, сахналық көріністерде рөлдер сомдап, актерлік қабілетін де көрсетеді. Осының нәтижесінде 2016 жылдың қыркүйек айында Павлодар қаласында өткен «Парасатты полицей» республикалық байқауында полиция департаментінің «Тараз қырандары» командасымен өнер көрсетіп, жүлделі 3-орынды жеңіп алуға өз үлесін қосады. Аталмыш байқауда ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарының қолынан қол сағатпен марапатталады. Кәсіби даярлық жұмыстарында да үздік көрсеткіштерімен көзге түскен Қанат 2017 жылдың қаңтар айынан полиция департаментінің арнайы даярлық басқармасының аға инспекторы лауазымына тағайындалады. Өз арман жолынан адаспай, сүйікті ісінің маманы болған ол: «Мен Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігін үлгі тұтатын ізбасарларының бірімін. Сондықтан Тәуелсіз елімнің тыныштығын, қауіпсіздігін қорғауда өз үлесімді қосып, «Қазақ полициясы» деген құрметті атаудың дәрежесі қашан да жоғары болғанын қалаймын. Шеніме емес, еліме елеулі қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе, – деп өз мақсаттарының айқындылығын дәлелдеп, нысанды киіміне кір келтірмей, асқақ мұраттарға абыройлы қызмет етуді көздейді.

Ботагөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы