Ердің мақтаны, елдің көркі
Қазақ халқы әйел затына үлкен құрметпен қараған. Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – дейді. Сондықтан қазақ әйелдері жайлы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын.
Жалпы әйел баласы жанының нәзіктігіне қарамастан соншалықты батыр. Ел аузында қалған «Әйел қырық шырақты», «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздер бекерге айтылмаса керек. Айта берсек, қазақ әйелі жайлы айтар сөз бітпес. Халқымыз әйелдің атқарған қызметіне, қоғамдағы алатын орнына еш уақытта бейжай қарамаған. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қызмет еткен әйелдер қара нардың жүгін көтеріп, ер-азаматтарына тіреу болып, бүкіл елді асырады емес пе? Әйелдердің еңбекке араласуы, ерлердің еншісіндегі істерді олардан кем орындамайтынын сол тылдағы нәзікжандылар дәлелдеп кетті.
Жазушыларымыз да халықтың құрметіне бөленген нәзікжандылардың тағдырын талай рет шығармаларына арқау еткен. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі секілді. Бұл күн – отбасының берекесі мен ұйытқысы саналатын аналарымызға, жарымызға, әпкелеріміз бен қыздарымызға жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. Құрметті аналар, әжелер, барша қыз-келіншектер және білім саласының ардагерлері!
Сіздердің аттарыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешқашан толастамасын. Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл күй тілеймін. Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!
Аружан Жексенхан,
Шерхан Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз инновациялық институтының
оқытушысы