«Қандай бақыт – қырдан лала тергенім...»
Жуырда облыс әкімдігінің қолдауымен 24 жергілікті қаламгердің кітаптары жарық көріп, оқырманға жол тартқан болатын. Олардың қатарында ақын Жұлдыз Бейсек те бар. Жастайынан қазақтың қара өлеңін жанына серік етіп, қаламының қарымын танытып келе жатқан талантты арудың «Сүйші» деп аталатын жаңа жинағына жүрек қылын шертіп, сезімдерді селт еткізетін өлеңдері топтастырылған. Біз бүгін Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ақын қызымыздың бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакциядан
Әйел дұғасы Дүниеге қыз бала етіп жаратқан, Періштелер сәлем жолдап әр ақ таң, Берекесі, Құтына үйдің балатқан, Бұл дұғамды қабыл етші, Жаратқан! Қос бұрымды бақытым деп өргенде, Төркінімнен төл үйіме келгенде, Босағамды құтты құлшы аттаған, Құдай қолдап қосағыма бергенде. Қонағы боп отырсыншы төрімнің, Теңіздейін тебіренткен теңімнің, Кеңесте де келісті ақыл ұсынар, Қабырғасы болайыншы ерімнің. Ақ некемді қиған асыл жарым деп, Аяласа екен бақыт, бағым деп. Адал болса ғашықтық пәк сезімге, Разылығы үшін Алла жаным деп. Күн түскенде көлеңкесі бола алсам, Жаңа туған айдай болып тола алсам, Отау іші бесікпенен безенсе, Қозы-лаққа, тай, тұлпарға толар маң. Нәрсіз ойды, Мәнсіз сөзді құлыптап, Бір Алланың ұлылығын ұлықтап. Отауымда ұл-қызымыз ойнаса, Әлди деген әуеніммен ұйықтап. Құбылаға қарата гөр жүзімді, Бау-бақшалы көктем етші күзімді, Арқа сүйер азаматым аман боп, Жылатпашы ұлымды да, қызымды. Ескірмесе екен сезім іңкәрлі, Болсадағы кейбір кезде күн кәрлі. Қос жүректен шыққан ғашық әуені, Шаңырағымда тұрса деймін шырқаулы. Қос аққудай қанат қаққан көліне, Ұлды ұяға, қызды ұзатып еліне. Шаңырақта ата-әже болып біз, Немерені бақсақ тәтті еліге. Махаббатым деп мейірім үйгенде, Қадірлі ерім – хан, сұлтаннан, биден де. «Мен разымын, асыл жарым» десе екен, Маңдайымнан иіскеп бір сүйгенде. Пәрменінен бір Алланың кім асқан?! Ақ жаулығым ақ жолыма ұласқан, Әр күніміз қуаныштан құралып, Бірге татсақ бақыт дейтін бұлақтан.
Анамын мен Босағасын биік қойған бәрінен, Анамын мен, бесік тербер әнімен, Балаларым үйде жүрген бір-бір күн, Нұрын төккен күлкісімен, барымен. Келінімін, қызымын мен қазақтың, Қызмет етер қарашаға жанымен. Керегесін кең дүниеге балаған, Ерін «пір» деп екібастан санаған. Төрімдегі құрақ көрпе, көрпеше, Жүрегімді сипайтұғын алақан. Алла нұрын төгіп тұрған сияқты, Оқтауымнан, тезектегі табадан. Шаңырағым – күллі әлемнің өзіндей, Уықтарым – мың уақыттың көзіндей. Төрде ілулі қайыс қамшы өрілген, Өткен ата-бабалардың сөзіндей. Бақытты бол аналары қазақтың, Ақ жаулығы – аппақ сүттің өзіндей. Мен анамын, ең бай адам жаһанда, Мейірімін қосып берер тағамға. Әлдилесем бөбегімді жел гулеп, Әсем әнін шырқап берер далам да. О, анасы, аяулы ақ отаудың, Бала аман боп, бақ дарысын саған да. Сегізінші наурыз Қандай ғажап, шуақты күн не деген! Нұр саулайды ағыл-тегіл төбеден. Нұр ішінде гүлге айналған бір өзі – Жаным, анам, бүгін сенің мерекең! Сүйіншілеп жел жүгіріп, ұшып бақ, Жел қойнынан көп қуаныш түсіп қап. Шатырдағы соңғы қар да тамшы боп, Жерге тамып, қол соғады құттықтап. Құттықтайды жүгірген де, ұшқан да, Көктем келіп дарығандай күш талға. Бүршігімен сүйіп әсем бетіңнен, Қанатымен ән сыйлайды құстар да.
Бұлттар да бар моншағы шашылып, Кемпірқосақ көкжиекке асылып. Ана, сені құттықтайды көк шөп те, Табаныңа төселуге асығып. Жаным анам, іздеріңнен ерейін, Басқаныңнан бақыт тауып берейін. Сенен артық байлығым жоқ жалғанда, Ана, саған қандай сыйлық берейін? Мен сенің көктеміңмін Несіне өкінесің? Несіне көп налыдың? Бізге ортақ сезімдерден асылы жоқ, жарығым. Бар әнім – шаңырағымда, бүлдіршін – маңайымда, Тағдырым – маңдайыңда, сенсің ғой... жағдайым ба? Ашуға ерік берме, сабыр қыл, тоқта, күнім, Сен – менің жылы ұямсың, жылытпас от та бүгін. Тәтті сөз – алқаларым, алқымға тағайын ба? Күлгенің – күмістерім, толтырып алайын ба? Құт та өзің, құдірет те кіргенде үйге басың, Өзіңмен бірге отырып, шай ішу – сүйген асым. Сақтаулы бұрымымда нұрлы күн тарайын ба? Мекенді жарық қыл деп, әр талын жағайын ба? Күле ғой, бір күлуге кешігіп қалмайықшы, Сөзімді жүрегімде отырған жандай ұқшы. Бұл өмір – арпалысы қайғының, төккен нұрдың, Мен сенің мәңгі көктеп, гүлдейтін көктеміңмін. *** Нәрестесін тербеткеннің бірі – мен, Бесігіме таянумен түнімен. Әлдиімді жұбатамын, жан ана, Сенің мені әлдилеген үніңмен. Ертегі айтам, әп-әдемі күй іздеп, Дүниеден сәбиіме сый іздеп. Мен де сендей ең бақытты жан болдым, Нәрестемнің маңдайынан иіскеп. Түнгі ұйқыңды сәби шағым ұрлаған, Үйден өзге іске мойнын бұрмаған. Қандай жақсы сенің қызың болғаным, «Жарығым-ау!» дегеніңе нұрланам. Үлгісі боп даналықтың, өрліктің, Алау отын тұтандырып елдіктің. Кимешекті көпке үлгі болмысың, Ал мен сенің қадіріңді енді ұқтым. Ең әдемі өлеңімді арнасам, Ең әдемі жолыңды ізгі жалғасам. Деп келемін тағдырымның жолында, Сендей Арды биік қойып әрқашан. Ана!!! Жаным анам Жаным анам, күн нұрындай мейірлім, Жандүниеме сәуле болып құйылдың. Мен мәңгілік құндақтаулы сәбиің, Бір Аллаға аман қыл деп сыйындым. Жаным анам, ақыл ойдың кенісің, Жаһандағы бар жылы сөз сен үшін. Жанарыңа күлкі үйірсем кішкентай, Өмірдегі менің үлкен жеңісім! Жаным анам, қамқоршысы бағымның, Балаң қайғы білмесін деп сабылдың. Әлемімді әлпештейтін жалғыз ән – Әлдилеген әуеніңді сағындым.
Бұл өмірде қанша шаттық, қанша мұң, Мұң көп болса кімге кінә артамын?.. Менің балаң көз жасымды сүртетін, Жаулығыңа дейін ана аңсадым. *** Бəйшешекпін, Түймедақпын, Нəркеспін, Шырқай алмас кеудемдегі əнді ешкім. Гүл дегенің – қауашағы жасымның, Сені көрмей көз жасыммен күн кештім. Меруертгүлмін, Жұпаргүлмін, Раушанмын, Тағы мені сен күлімдеп қарсы алдың. Үзесің бе, қолыңа алшы, қасыңа, Сенсіз бұлтты аспанымнан шаршармын. Еңлікгүлмін, Қызғалдақпын, Лаванда, Жылы сөзің жаңғырады санамда. Күндей сені көруші ем ғой, бір күлші, Күлкің тамсын сен түнейтін жанарға. Түймедақпын, Сарыгүлмін, Лаламын, Сенің бейнең сіңіп қалған жанарым. Сұлумын ғой, қауыз жардым қарашы. Саған деген сезімдерден жанамын. Оянамын кеудеңдегі үлпілмен. Жерде мен ғой күн төгетін күлкімнен. Миллион гүлдің жұпары жоқ дəл мендей. Саған қарап басымды иер Гүлмін мен! Сый Әр таңым сый, Әр түсім сый, Күнім сый, Құдай мені бақытты қып жаратқан. Сен сыйлаймын деген қызыл гүлің сый, Қырда өсіп жұпар иісін таратқан. Әр кешім сый, Әр түнім сый, Ауам да, Тәңір мендік нәсіп жазған маңдайға. Басқан жерім, аспан да сый, ғалам да, Құстар да сый, арманыма самғай ма? Әр сәтім сый, минутым сый, сағатым, Бұлттарым сый ақ жаңбырын төгетін. Қиялым сый үмітімді жағатын, Көзім де сый, Тек жақсыны көретін. Мезгіл де сый, мезет те сый сан түрлі, Сынақ та сый тұтқиылдан төнетін. Тәңір сыйға тартқан ғажап тағдырды, Жүрегім сый, сізді жақсы көретін. Суым да сый, Нуым да сый, Қолдарым, Аяғым сый, Баяғым сый, келерім... Мен Құдайдың сезем бақыт жолдарын, Сыйымды айтып тауыса алмай келемін. Көктем Көркем көктем келе жатыр, алақай, Қуанамын тәттісі бар баладай, Дала ошағы сағынады анамды, Нан пісетін қып-қызыл боп таба да-ай! Күліп көктем келе жатыр гүл алып, Қыс-әкеден 90 күнге сұранып. Қарсы алайық Махаббаттың ханшасын, Қолымызға ақ бұлттардан ту алып. Терезені сүртіп, ашып қоялық, Еріншектік ескі әдетті жоялық. Кемпірқосақ түсін суырып алып, Көңіл күйді қуанышпен боялық. Құстар бізге хабар беріп тұр, міне, Оят тауды, ну орманды сілкіле. Жердің бетін әрлеп, сұлу етейік, Қалып қоймай мазақ пенен күлкіге. Сұлу көктем келе жатыр жап-жасыл, Бүршік атып, бұтақ айтар баққа сыр, Қар жол ашып, ағын суға айналды.
Күлген Күнді Сақта Тәңір, Сақта нұр! Аққа толып, айран болар асыңыз, 18-де болар кәрі, жасыңыз. Жүріп өткен жерін гүлге ораумен, Келді көктем! Есіктерді ашыңыз. * * * Дүние-ай, сен не деген көркем едің, Түсімде де көрмеген ертегі едің. Шөптеріңе бетімді қытықтатып, Еркелегім келеді, еркелегім. Кемпірқосақты алсам ба жаулық етіп, Ауыстырсам тәжімді ай, күн етіп. Бұлақтармен күн бойы сыбырлассам, Жанымызға келеді-ау тау лып етіп. Неткен сұлу, әдемі жерім менің, Би билесін, ән салып төріңде күн. Әр күнім – бақ, тойға біз дайындалып, Гүлдеріңнің бояймын еріндерін. Ағаштардың жайқалып жапырағы, Мені сұлу болуға шақырады. Жақсы хабар естуге, жақсы әңгіме, Жапырағын айдынға батырады. Мадақтаумен әр мезгіл Жаратқанын, Құстар ұшар берсем деп қанаттарын. Адалдығы сый болса адамзатқа, Қонам десе, төсейтін дала ақ қарын. Жануарлар, аң, құстар – достарымдай, Әр өлеңге бір сөзден қосқан ұдай. Дүниеден күтемін жақсылықты, Көбелекті гүлдердің тосқанындай. Қандай сұлу дүние, қандай ғажап, Құшағында қуансам алмай тағат. Күн алтыннан қамзолын кигізеді, Бұл өмірім, расында, бақыт, бал-ақ. * * * Қандай бақыт – өмір сүріп жүргенім, Таң пердені ысырғанда күндерім. Көре берсем күнді көктен күнбе-күн. Терезеден сезінгенім гүл демін. Қандай бақыт – саф ауаны жұтқаным, Сезінемін сәуле сүйсе құт дәмін. Мен бір ағаш секілдімін, Өлеңім – Жапырақтың үстіндегі шықтарым. Қандай бақыт – мөлдір суды ішкенім, Теңіз кешіп, түбіне ере түскенім. Мезгіл – досым: көктем ертсе жаз жаққа, Сағынышқа шақыратын күздерім. Қандай бақыт – көк аспанды көруім, Сүйікті боп, сүйген жанды өбуім. Қандай бақыт – ренжіткенде біреулер, Жанып біткен ағаштардай сөнуім. Жер үстінде жүрген шағым еркелеп, Көзден аққан тамшыларды көл ме деп. Әрбір тамшы – бақыт кұнын ұқтырды, Бақытты шақ менде өте көп, демек. Қандай бақыт – қырдан лала тергенім, Қандай бақыт – оны анама бергенім.
Мың жұлдызы болсадағы аспанның, Жұлдыз болып бұл дүниеге келгенім. Көктем Көктем! Көктем, сен не деген көркем ең! Көк бұлттарға қиялдағы ертегі ең. Жапырағын жайғанда ағаш бұрымдай, Жер мойнына сап көтерер еркең ем. Ажарына әдемімнің үңілші, Жасыл қамзол кигізеді тігінші. Тақиясын шешкен бойда тау біткен, Балбұлақтар ойнақтайды бірінші. Аяулысын жерге сый ғып түсірді, Қыз да мұндай сұлу емес, түсінші. Әлемдегі жалғыз ғажап картина – Қолыңды алып кетер ме едім мүсінші. Кемпірқосақ түсін жерге шашқандай, Бойжеткендей ару қыздар ақмаңдай. Жер бетіне көтерілді дүр етіп, Жердің асты – төркінінен қашқандай. Уа, алақай, Қараңдаршы күйіме, Гүлдер қырдан жүгіреді үйіме. Жаңбыр жауып тазартады ауламды, Тереземді тамшылар кеп үйіле. Баянды бақ басталады үйімнен, Көріне ме бал-бұл жанған түрімнен. Қыр басынан құшағыма жүгірген, Қыр гүлдерін құшақтаймын бүгін мен. Көктем – ана Босанғандай бұтақтарым бүр жарды, Қолын бұлғап тал шақырды құстарды. Тіршіліктің белгісі ғой Оянды, Көктем – ана қолда деді ұшқанды. Сәукелесін киіп алды сарғалдақ, Қыр төсінде қызғалдақтар ән салмақ. Қиыршық құм жел қуалап күлгенде, – Ауыл, – дедім, – Көктен түсіп қалған бақ! Жер көрпесін имене ашты шөп керім, Көрді күннің қақ маңдайдан өпкенін. Күн құшады қара жерді жұмақ деп, Жер елжіреп дем бердіңдер көктегі үн. Сай-салалар бозбаладай тебіскен, Жүгіргендей мал қайтқанда өрістен. Таудан аққан апам сынды сол өзен, Қолындағы бармен елмен бөліскен. Бұлт – тостақтан шашу шашты аспан да, Домбыра үні шықты жерді басқанда. Үйіп едік жылтырынан жинап ап, «Көктеммін» деп жазу жазды тастар да.
Балалықтың иісіндей таң лебі, Бұл ғұмырым, ғұмыр емес бал ма еді?! Әр тал шашым раушан болып гүлдеп тұр, Көктем-ана, құшағыңа ал мені. Көктем дедім есімім Кірпіктерін әзер ашып шық жатыр, Жарысуға дайындалып жылға тұр. «Жаңбырменен қауышамын, алақай!» Деп аспанға көтерілді қолшатыр. Биші қыздай майысады жел cұлу, Бар даусымен күлер болды енді су. Қыр астынан бой көтерер қызғалдақ, Күнге қарап сыбырлайды: «Мен – сұлу». Жер-бесіктен басын созып өскіндер, «Рақмет, ана, еңбегіңіз – өстім» дер. Жапырағымен билеп және сыр айтып, «Бойжеттім мен, құлағымды тестім» дер. Қар жылаған... сұрағандай кешірім, Мейірімге ашық менің есігім. Біреу маған талмай ұзақ қарады, «Көктем» дедім, «Көктем» дедім есімім.
AR - AI АҚПАРАТ