Мәдениет

Әке арманын орындаған әнші

Ән көгіне өрмелеген қазақтың Мәдина есімді үш қызын білемін. Жүректері де нәзік, сезімдері де мейірімге толы, әндерін тыңдасаң өзге бір тұңғиық әлемге еніп кеткендей әсерде боласың. Осындайда Ұлықбек Есдәулеттің мына бір өлең жолдары еріксіз еске түседі:

 Әсіресе әжемнің көзі нұрлы, Демде ұйытып әкетер сезіміңді. Шүйке бүккен аялы алақаны, Себетіндей ақ сүттей мейірімді, – дегені. Кісі жанына «қалам төндіре үңілу» деген осы шығар, сірә. Марк Твен: «Мейірімді жақсы сөзден екі ай азық аламын», – деген екен. Сол айтпақшы, марқұм Мәдина Ералиеваның сыбызғы тіліндей нәзік даусы құлақ құрышында әлі тұр. Мәдина Садуақасованың таң шығындай таза әнін естігенде талайдың ұйқысы шайдай ашылатынына күмән келтірмесеңіз де болады. Ал менің сөз еткелі отырған кейіпкерім – Мәдина Сағынбекова. Жезтаңдай, күміс көмей әншіге арнап шығарған бір шумақ қара өлеңім де бар: Әннің бар ерке, естісі, Тыңдаса ұйып көп кісі. Мәдина айтса сол әнді, Тұнады Каспи, Ертісі... Мәдинаның «Ақ қанат көбелек» әнін тыңдағанда осындай керемет әсерде боласың.

Мәдинаның орындауындағы Табылды Досымовтың осы әнінің табиғаты бөлек, тұмаша тұнық сезімге толы шығарма екенін өнер адамдары да аузынан тастамай айтып жүретін. Оның үстіне осы әнді Мәдинаның өзі орындаса ерекше естілетін, тыңдаушысының жүрек қылын тербететін. М.Сағынбекованың 2013 жылы өткізген «Гүл сыйлашы маған» атты ән кеші де көрермен көңілінен шығып, жас әншіге қанат бітірді. Дарынды да талантты әншінің осы ән атауын алған екі ән жинағы жарыққа шығып, күйтаспасының тұсауы кесілді. Сахнада жүргеніне 14 жыл болғанда филармония саңлағы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Арада тағы төрт жыл өткенде омырауына «Мәдениет саласының үздігі» және «Қазақ өнерінің қайраткері» деген төсбелгілер тағып, мерейі үстем болды. Оның орындауындағы «Ақ қанат көбелек», «Аппақ қар», «Ұнатамын мен сені», «Ақ қар» әндеріне бейнебаян түсіріліп, енді олар «Facebook», «Instagram» желілерінде «онлайн-концерт» болып көрерменге жол тартты. Жезтаңдай әнші домбыра да, гитара да тартады.

Оған қосылып ән де айтады, ән де шығарады. Міне, Мәдинаның өнер саласында жүргеніне биыл ширек ғасыр болады. Ол аудан-ауданды, елді мекендерді аралап, халық алдына шығады, мәдени-көпшілік шаралардан қалмайды. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттауға белсене қатысты. 22-24 қыркүйекте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен және «Отандастар» қорының қолдауымен Түркияның Стамбул қаласында болып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кіші құрылтайы аясында Бағжылар аудандық мәдени орталығында «Жемал Решид Рей» концерт залында өткен гала концертке қатысып қайтты.

Мәдина осы сапардан кейін Қырғыз Республикасының Бішкек шаһарында болып, ондағы ресми іс-шараға да қатысты. Ол телебағдарламаларға да жиі қонақ болып тұрады. Жақында республикалық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы оны «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Мәдина Жақсылыққызын дәстүрлі әндерді дәріптеу мақсатында өтіп жүрген байқауларға қазы етіп те шақырады. Ол шақырған жерден қалмайды. Жақында «Жамбыл» телеарнасына Кенен Әзірбаев филармониясының 55 жылдығына орай сұхбат та берді. Шіркін, «бәрін айт та, бірін айт» осының бәрін Жақсылық аға көргенде ғой. Өз қызының әке өсиетін орындағанына көзі жетер еді. Дегенмен Мәдинаның үйінде үш қарлығашы, яғни үш қызы бар. Жан жары Айдар да әскери қызметтен босаған кезде Мәдинамен бірге барып, көпшілік ортада ән айтқанды жақсы көреді. Айдар баянда, Мәдинасымен қосылып дуэтпен ән шырқайды. Өйткені бұл шаңыраққа өнер қонған.

Сейсен Қожеке, журналист,

Тараз қаласы