Әскери әлеуетіміздің артуына әйелдердің де қосар үлесі бар
Қолына қару алып, Отан қорғау ерлердің ғана ісі емес. Халқымызда ерлермен бірге иық тірестіріп жауға қарсы шапқан жауынгер әрі батыл әйелдер ежелден-ақ болған. Олар жауынгерлік әдіс-тәсілдерді ерлермен бірдей меңгеріп, ұлы даламызды қорғауға атсалысқан. Қазір де тәуелсіз Қазақстанның армиясында қызмет атқарып жүрген нәзікжандылар аз емес.
АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АҚМАРАЛ
Әскери қызметтің талап ететін қиындықтарына және жауапкершіліктің жоғары екеніне қарамастан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамында нәзікжандылар да жауапты қызметтерді атқарып жүр. Солардың бірі – Ақмарал Төлеутаева. Ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 21450 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ақмарал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы жоғары білімді жалғыз әйел офицер. Анығын айтқанда, ҚР Ұлттық қорғаныс университетін 2017 жылы «Әскери ұжымда психологиялық жұмысты ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әскери қызметкердің отбасынан шыққан Ақмарал бала күнінде ата-анасымен бірге түрлі гарнизондарға көшіп-қонып жүрген. Өскенде «әскери қызметші боламын» деген ой оның бойында оқушы күнінен бастап қалыптасқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Педагогика-психология» факультетін 2002 жылы бітіріп шыққан соң еңбек жолын «Аэроұтқыр» әскерлерінің 32363 әскери бөлімінде парашютші болып бастайды. Әскери өмірге жаңа қадам басқан Ақмаралдың алға қойған мақсаты – офицер болу. Сондықтан кез келген сынаққа дайын болды. Өз міндеттерін тиянақты орындады.
Офицер болсам деген қалауы көп күттірмеді. Ақмарал 2008 жылы 03811 әскери бөліміне психолог болып ауысқан соң погонында көптен бері аңсаған қос жұлдыз пайда болды. Офицер атанғаннан кейін көп ұзамай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамындағы жеке батальонға психолог болып тағайындалды. Артынша бригадалық психолог қызметі жүктелді. Ұжымның көптігіне қарамастан Ақмарал әр сарбазды жеке таниды. Өйткені әскери бөлімдегі психолог үшін ең маңызды міндет – әр адамның психологиялық ерекшеліктерін көре білу. Жұмысын жан-тәнімен сүйіп істейтін маман 2017 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің жаңадан ашылған «Психология» факультетіне оқуға түсуге талпыныс білдіреді.
– Оқуға түсерде қатты толқи қоймадым. Қорқыныш та болмады. Бұл оқуға түсуге деген ынтамның жоғары болғанынан деп ойлаймын. Өйткені академиялық әскери білім алу тамаша мүмкіндік екені белгілі. Аталған оқу орнының табалдырығын қалайда аттауға бекінгенім соншалық, оқуға қабылдану үшін алуымыз тиіс 50 балдан асырып, 72 балл жинадым, – дейді ол. Бұл офицер А.Төлеутаеваның кезекті жеңісі болды. Оқуға түскеніне әріптестері, қызы мен ұлы, ата-анасы ерекше қуанды. Әсіресе бар ғұмырын әскери салаға арнаған әкесі Әріпбектің қуанышында шек болмады.
Ал өзі қызмет ететін бригаданың сарбаздары Астанаға салтанатты маршпен шығарып салыпты. Әскерде «Жауынгерлік тумен қоштасу» деген дәстүр бар. Сарбаздар жауынгерлік тумен жаңа кезекшілікке ауысқанда, қызметін немесе оқуын аяқтағанда қоштасады. Ұлттық қорғаныс университетін бітіру де аталған қасиетті әскери рәсіммен ерекшеленеді. Яғни лайықты деп таңдалған офицер барлығының атынан жауынгерлік тумен қоштасады. Қорғаныс университетіндегі оқуын аяқтаған Ақмарал да жауынгерлік тумен қоштасу рәсімін бастан өткеру құрметіне ие болды. Қанша адамның сенімін арқалаған Ақмарал рәсім кезінде өзімен қатар білім алған барша әскерилердің атынан жауынгерлік тудың алдында тізе бүгіп, сүйіп, қоштасып, ұмытылмас сәттер үшін алғыс айтады. Ерекше атап өтерлігі, осы уақытқа дейін Ұлттық қорғаныс университетінің тарихында бұрын-соңды кейіпкерімізден өзге бірде-бір әйел офицер жауынгерлік тумен қоштасу құрметіне ие болмаған екен. – Әскери сала мен үшін таңсық емес. Себебі әскерилер отбасынан шыққанмын.
Өмірлік жолдасым да әскери қызметкер. Қорғаныс университетіне қыз-келіншектер өте сирек түседі. Сондықтан әскери академияда білім алған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы жалғыз әскери әйел екенімді мақтанышпен айтамын. Қазіргі шенім – майор. Осы қолбасшылықтағы әскери бөлімдер мен құрамалардың психологиялық қызметінің бас маманымын. Бұл үлкен жауапкершілік. Себебі Қызылордадан бастап Жаркентке дейін біздің өңірлік қолбасшылықтың әскерлері орналасқан. Әскери психология әскер қатарына шақырылған жастардың әскерге жарамдылығын қадағалаудан басталады. Жаңа ортаға сіңісіп кеткенше әр сарбаз түрлі сезімді бастан кешіреді. Бұл өзгерістер жүйке жүйесіне әсер ететін факторларға алып келуі бек мүмкін. Әскери өмірге икемделу процесі белгілі бір уақытты талап етеді. Өйткені әскери қызметтің тәртібі мен талабына жауынгердің жүріс-тұрысы, мінез-құлқы сәйкес болуы керек. Міне, осы уақытта сарбаздың әскери ортаға тез сіңісіп кетуіне психологиялық қолдау міндетті түрде қажет.
Әсіресе алыста қалған жақындарына деген сағыныш сезімін баса білуде, рухани тұрғыда күйзеліске ұшырамауының алдын алуда әскери психологтың алатын орны бөлек. Осы мақсатта әскери қызметшілер арасында әртүрлі тренинг, ойындар жүргізіледі, – дейді А.Төлеутаева. Кейіпкеріміз әйел адамға әскери маман болу қиын емес деп санайды. Әрі таңдауына еш өкінбейтінін айтады. Тәжірибелі маман отбасында балдай тәтті немерелерін бағып отырған бақытты отанасы.
Антына адал Айгерім
Айгерім Үштаева да әскери салаға кездейсоқ келмеген. Оның екі ағасы әскери қызметте. Жолдасын да осы салада жүріп кездестірген. Үштаевтар отбасын ауылдастары «Әскерилердің әулеті» деп атайды екен. Өйткені бұл шаңырақтағы 4 бірдей азамат еліміздің Қарулы Күштері сапында қызмет етеді. Айгерімнің өзі де, ағалары да атақ пен мансаптың артынан ермей, «Отанды қорғау – қасиетті борыш, киелі іс» деп танып, ел тыныштығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Олардың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осындай ұлы мақсат. – Үлкен ағам Жанасбек қолбасшылықта мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру орталығының басшысы болған. Қазір зейнетте. Ал Қуанышбек ағам тауда әрекет ететін атқыштар бригадасының командирі болған. Алматыдағы командалық тактикалық училищені, кейіннен Ұлттық қорғаныс университетін бітірген ол өз ісінің кәсіби маманы. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор. Осы ағаларым жас кезімде әскери киімдерімен ауылға келген кезде қызыға қарайтынмын.
Ол уақытта әскери қызметшілер бізге нағыз батыр болып көрінетін. «Екі ағамның жолын қуамын» деп мен де «Кеден ісі» мамандығына оқуға түстім. Алайда өз мамандығым бойынша жұмыс табылмай, 2008 жылы 03858 әскери бөліміне қызметке келдім. Негізгі атқаратын қызметіме келсем, 2008 жылдан 2017 жылға дейін 03858 әскери бөлімінде кадр бөлімінде іс жүргізуші болып жұмыс істедім. 2017 жылдан қазірге дейін 03858 әскери бөліміндегі жауынгерлік даярлау басқармасында жауапты атқарушы болып қызмет етіп келемін, – дейді А.Үштаева. Айгерімнің әскери шені – кіші сержант. Негізгі міндеті бойынша басқармаға келіп түскен құжаттармен жұмыс істейді. Анығын айтқанда, құжаттарды тиісті иесіне, яғни офицерлерге таратып шығады. Сондай-ақ орысша мәтінде жазылған құжаттарды қазақшаға аударады. Одан бөлек айына бер рет полигонға барып, әскери дайындықтан өтіп тұрады, түрлі жарыстарға қатысады. Жоғарыда сөз еткеніміздей, кейіпкеріміздің өмірлік серігі де әскери қызметте. Айгерім жолдасы екеуі отбасында екі қыз тәрбиелеп отыр. Кіші сержант Айгерім өз сөзінде әскери қызметші болу қыз баласы үшін еш ауыр емес екенін меңзеді.
Медбике Мәншүк
Әскери дәрігер болу – жараланған жауынгерге тәуліктің кез келген уақытында алғашқы көмек көрсетуге дайын болу. Ұрыс алаңында жаныңды шүберекке түйіп, бірінші кезекте жауынгердің өмірін құтқару. Мұндай мамандықтың иесі болу үшін адамға асқан төзімділік пен салқынқандылық керек шығар. Келесі кейіпкеріміз – өмірін осы салаға арнаған жан. Мәншүк Есбергенова 1978 жылы 22 қарашада дүниеге келген. Мектепте оқып жүрген кезінен батырлардың ерліктері туралы фильмдерді тамашалап, бала күнінен әскери дәрігер болуды армандайды. 1995 жылы орта мектепті бітірген соң Жамбыл медициналық жоғары колледжіне оқуға түсіп, 1997 жылы бітіреді. Сол жылы Жамбыл ауданының Аса ауылындағы орталық аудандық ауруханада медбике болып еңбек жолын бастады. Көптен күткен арманы орындалып, 2007 жылы ҚР Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Әскери салаға бет бұрған ол Тараз қаласындағы әскери госпитальдің әскери медбикесі атанды. – Басты міндетім – жараланған әскери қызметшілердің өмірін құтқару.
Бейбіт уақытта олар санитарлық-гигиеналық қадағалауды орындайды, емдеу-алдын алу жұмыстарын жүзеге асырады, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізеді, медициналық жабдықтауды бақылайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, біз көбіне профилактикаға көңіл бөлеміз. Жеке құраммен әрдайым дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу, дене дайындығын қолға алу сынды әртүрлі шаралар өткіземіз, – дейді ол. Мәншүк Есбергенованың жары да өмірін әскери қызметке арнаған. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы шекара қызметінде еңбек етеді. Екінші ұлы Жамбыл медициналық жоғары колледжінде оқиды.
Ол да болашақта әскери дәрігер болғысы келеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының аға офицері, майор Ильяс Байбулов та әскери салада әйелдердің ерлермен тең дәрежеде иық тіресіп еңбек етіп жүргенін айта келіп, әріптестерін мерекесімен құттықтады. – Қазақстан армиясында тек медбике, байланысшы немесе іс жүргізуші әйелдер ғана жұмыс істемейді. Ұшқыш, мерген, барлаушы секілді мамандықты меңгерген қыздар да сапта жүр.
Қарулы Күштерімізде жыл сайын мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту ісіндегі сіңірген еңбегі үшін әскери қызметші әйелдер мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мерзімінен бұрын кезекті әскери атақтар алады. Әріптес қыз-келіншектерді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін, – дейді Ильяс Халмахамбетұлы. Расында да Қарулы Күштер қатарындағы әйелдер өзіне жүктелген әскери борышын абыроймен атқарумен қатар, бойындағы нәзіктігін жоғалтпай, отбасының да ұйытқысы болып жүр. Олар – мейірімді ана, асыл жар. Отанды қорғауға елеулі үлес қосып жүрген осындай қыз-келіншектердің еңбегі елеуге тұрарлық.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ