Орталықтың жұмысы - отбасының ырысы
Анаға тағзым – адамзатқа тағзым. Сондықтан ананың есімін ардақтап, есімін халыққа насихаттау – адам баласының абыройлы борышы. Бұл тұрғыда облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы ауқымды жұмыстар атқаруда.
Облыстық «Анаға тағзым» орталығы 2021 жылы ашылған болатын. Әулиеата өңірінің ажарын ашып, ең бастысы, барды насихаттап, құндылықтарды арттыруда өзіндік орта қалыптастырған орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғалидың жетекшілігімен осы уақыт аралығында талай тындырымды тірліктер атқарылды. Орталық өз қызметін 2 бағытта жүргізіп келеді. Атап айтсақ, «Ұлттық өнер және руханият», сондай-ақ «Әлеуметтік дағдыларды дамыту». «Ұлттық өнер және руханият» бағытында қыздардың жан-жақты дамуына және шығармашылық жеке тұлғасын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет элементтерін жаңғыртуға мән беріледі. Ал «Әлеуметтік дағдыларды дамыту» бағыты аясында психологиялық қолдау көрсетіп, құқықтық жәрдем беріп, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыс атқарылады. Аналардың өз кәсібін ашуына ықпал етумен қатар, мұқтаж аналарды түрлі үйірме-курстарға тартып, аз қамтылған отбасылармен тікелей жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда орталықта 10 үйірме, 9 курс, 3 клуб, 2 кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.
Мұнда жас қыздарды ертегі оқудан бастап, домбыра тартуға, ән айтып, күй шертіп, сурет салу мен би билеуге баулып, бойжеткендер мен қыз-келіншектерге іс тігу, ас әзірлеу, тіпті сол арқылы кәсіп иесі атануға да бағыт-бағдар беріледі. «Ана тілі» шешендік өнер, «Інжу-маржан» әдеби, «Қазына» ұлттық аспаптар, «Ерке сылқым» хореография, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн, «Береке» аспаздық және вокал сынды үйірмелер жас қыздарды өнерге баулып келеді. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында әйел-аналарға бет әрлеу, тырнақ шебері, қолөнер және аспаздықтан курстар және «Сырғалым» сырласу, «Ақ жаулық» ене мен келін өнеге мектебі, «Белсенді» ұзақ өмір сүру клубтары құрылған. «Жан дауа» психологиялық көмек және кеңес беру кабинеті арқылы психологтар көптеген қыз-келіншектерге рухани қолдау көрсетіп, түрлі психологиялық тренингтер өткізді. Заңгер маманына күн сайын әйелдер түрлі сұрақтармен қайырылып, заң шеңберінде жауап алды.
Орталықта осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай көптеген ауқымды іс-шара өтті. Оның ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» республикалық форумы мен «Іскер әйелдер» қауымдастығымен бірлескен «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық әйелдер форумын атап айтуға болады. Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында өткен «Тәуелсіздікке тәубе» акциясы аясында түрлі ұлт өкілдерінің тағамдарынан көрме қойылды. Ал көпбалалы аналар бауырсақ пісіріп, 30 метр дастарқан жайды.
Сонымен қатар «Анаға сәлем» республикалық онлайн байқауы, облыстық «Киелі кимешек» жас тігіншілер байқауы мен қалалық «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» атты келіндер байқауының да берер тәлімі мол болды. Ал «Анаммен бірге кітап оқимын» отбасылық байқауы, «Жүзден жүйрік, мыңнан түлпар» мақал-мәтел жарысы, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай «Ай мен Айша» жас қылқалам шеберлерінің байқауы да көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ «FUD-FEST» анасы мен қызы қатысатын фестиваль, «Ерте, ерте, ертеде...» театрландырылған қуыршақ театрының қойылымы, «Ұлы дала кереметі» тимбилдингі сәтті жобалар ретінде есте қалды. «Табиғатым – махаббатым» арт-терапиясы, «Желсіз түнде жарық ай...» атты әдеби-сазды кеш, «Көрпе-FEST» фестивальдары да елден алғыс алған іс-шаралар болғанын мақтанып айта аламыз.
Өткен жылы «Үкілі кәмшат» облыстық тігіншілер байқауы, «Қасірет пен қасиет» республикалық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылса, «Мейірім» акциясы аясында орталық қызметкерлері жас сарбаздармен кездесу кешін өткізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер және өмірлік қиын жағдайдағы балаларға қуаныш сыйлап қайтты. Сонымен қатар орталық «Достық дастарқаны», «Tiflo-асхана», «Tiflo-тігін», «Қазақ тілін үйренушілер үшін «Ынтымақ», анасы мен қызының бірге ас әзірлеуі арқылы отбасы ынтымақтастығын нығайтуға арналған «Ана көрген...», «Әжемнің ертегісі» жобаларын жандандыра түсті. Нақтылап кетер бір жайт, 2022 жылдың қараша айында «Анаға тағзым» орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасы» өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Осы ынтымақтастық аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы қабылданып, облыстағы әр балабақшаға бір анадан бекітілді. «Аналар алқасының» әжелері «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында 30-дан аса балабақшаға барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып беріп, балаларды ертегімен сусындатып жүр. Осы уақыт аралығында жеткен жетістіктер де айтарлықтай көп. Түрлі өнер байқауларында үйірмеге қатысушы қыздарымыздың қанжығасы майланып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде «Анаға тағзым» орталығы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құрамына қосылып, облыстық отбасын қолдау орталығына айналды. Сәйкесінше мекеме жұмысының ауқымы ұлғайып, міндеті де арта түсті. Бұған дейін тек аналарға, қыз-келіншектерге қызмет көрсетіп, солардың жұмысын үйлестіріп келсе, алдағы уақытта өңірдің барлық тұрғынына қызмет көрсететін болады. Яғни қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек беру, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсете отырып, әлеуметтік сүйемелдеу мақсатын ұстанады. Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс істеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ажырасулардың санын азайту, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балалары мен жанұя мүшелерін қосымша білім беру бағдарламаларына тарту қарастырылған.
Сонымен қатар отбасындағы психологиялық жайсыздықты төмендету, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылар мен мүгедектігі бар баланы бағып-қағып отырған отбасыларды әлеуметтік және психологиялық тұрғыда қолдау назарға алынған. Бұдан өзге көпбалалы, аз қамтылған, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді консультациялық қызметтер ұсынады. Тағы бір қуанышты жаңалық – осы жылдың ақпан айынан бері орталықта қазіргі замандағы бала денсаулығына қатысты ең өзекті мәселелерді ескере келе, «Логопед» және «Массаж» курсы ашылды. Шындығында, қазіргі таңда тіл кемістігі – балалар арасындағы кең тараған патологияның бірі. Тілінің кемістігі бар балаларын ата-аналар логопед дәрігерлерге қаратып жүреді. Әйел-аналарға арналған «Логопед» курсының арқасында баланы үйден емдеуге үлкен мүмкіндік туды.
Оқу курсын жоғары білімі бар, сертификатталған, тәжірибелі маман Еркемай Мейрамбай жүргізіп жүр. Маман баланың кеш сөйлеу факторларын анықтап, тұтықпа, аутизм диагноздарын ажыратуға көмектеседі. Балаға дұрыс диагностика жасап, деңгейі бойынша жоспар құрып үйретіп, баланың түсінігін қалыптастыруда қолданатын ережелерді түсіндіреді, тыныс алу мен тілге арналған артикуляциялық жаттығуларды үйретеді.
Бір жасқа дейінгі балалар арасында бұлшық ет гипертонусы, мойынның қисық бітуі, бассүйек ішіндегі қысым, дисплазия, гипоксия және тағы басқа сырқат түрлері аналардың бас уайымына айналды. Бұл сырқаттардың барлығы массажды қажет етеді. Жаңадан ашылған массаж курсына қатысу арқылы аналар үй жағдайында балаға массаж жасап үйрене алады. Алдағы жұмыс жоспарына сәйкес аймақ халқына қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының жұмысы жандана түседі.
Қымбат ҚАРЖАУҚЫЗЫ, облыстық «Анаға тағзым»
отбасын қолдау орталығының
біліктілікті арттыру курстарының әдіскері