Кәсіп

Әйгерімнің тәттілері таңдайда ериді

Өзін тұлға ретінде қалыптастыру жолын білмейтін немесе талаптанбайтын, бойында бар талантын ұштамайтын, қолынан келетін іске ұмтылмайтындар тек қиялына ғана иек артып, өзін-өзі алдаумен ғана күн кешетіні белгілі. Асылында, қыз-келіншектердің томаға-тұйық күй кешіп, кейде өз-өзін жоғалтып алуы тұрмыс құру мен бала босанғаннан кейін басталады. Тәтті арманын қиялында ғана емес, өмірде шындыққа айналдырған кәсіпкер келіншектің бірі – Әйгерім Тілеуова. Ол қазіргі «хит» өнім саналатын тарыдан жасалатын чизкейк пен түрлі тәттілер, шоколадты құлпынай дайындап сатады. «Instagram» әлеуметтік желісінде «aika_cakes» парақшасымен танымал кейіпкеріміз тек тәттілер пісіріп қана қоймай, кондитерлік шеберлік сағаттарын да өткізеді.

 – Арман адамға қанат бітіреді. Кейде ойыңдағы істі жүзеге асыруға талпынғанда түрлі қиындықтар жолыңды кес-кестейді. Бірде ілгері жүріп, енді бірде қайтадан артқа қадам жасауға тура келеді. Кейде қанша тырыссаң да кедергілер бас көтеруге мұрша бермеуі мүмкін. Алайда қандай кедергілерге тап болсаңыз да ойыңыздағы тәтті армандарды, биік мақсаттарды жүзеге асырудан бас тартпағаныңыз абзал. Мен тәттілердің бәрін үйде пісіріп сатамын. Саудамды «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшам арқылы жүргіземін. Тынбай жұмыс істей бергеннен шаршап, әл-дәрменім таусылып, қатты қиналған кездерім де аз болмады. Бірақ берілмедім. Соның арқасында кәсібімнің нәсібін көріп отырмын, – дейді Әйгерім Байділдақызы. Жалпы кейіпкеріміз 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында дүниеге келген. Жастайынан тәтті торттар, бәліштер, пирогтар пісіруге махаббаты ерекше болыпты.

Енді міне, бүгінде өз кәсібін өрге домалатып отырған жайы бар. Әйгерім тәтті пісіруге ғана әуестеніп қоймай, кезінде өлең жазып, айтыстарға қатысып, «Жамбыл оқулары», «Абай оқулары» секілді байқауларда бақ сынаған. Әдебиетке жаны жақын ол жоғары оқу орнынан филолог мамандығын алып шыққан. Тұрмыс құрған соң ескі хоббиін еске түсіріп, қолынан келетін дәмді де тәтті чизкейктер пісіруді бастап кетеді. Бұл кәсібі оған қомақты табыс әкеліпті. Қазіргі таңда Әйгерім үш баланың анасы. – Күйеуімнің қолдауы ерекше болды. Мақсат-мұраты айқын адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, күйеуім мен енемнің арқасы. Үш баламды қарап, білім алуыма және кәсіп ашуыма жағдай жасап отыр.

Ер адамның әйелін қолдауы – үлкен тірек. Қорғанышың, сөзіңді, ісіңді қолдаушың бар екенін түсінесің. Өмірімнің жақсы жаққа қарай өзгеруіне отбасымның ықпалы көбірек тиді. Алдағы уақытта тәттілер дүкенін, мейрамхана ашсақ деген жоспарымыз бар, – дейді кәсіпкер. Салада 6 жыл тәжірибесі бар кәсіби кондитер бүгінде күніне 25-30 мың теңге тауып отыр. Республика бойынша қыз-келіншектерді жинап, тәттілер пісіруден шеберлік сағатын да өткізеді. Өзі де ірі халықаралық деңгейдегі кондитерлердің дәрістеріне қалмай барып, білімін шыңдауда. Тәтті әрі сәтті бизнесті жанына серік еткен Әйгерімнің алар асуы әлі алда деп білеміз.

Эльмира Байназарова