Журналист қыз - келіншектер марапатталды
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстық ардагерлер үйінде ҚР Журналистер одағы облыстық филиалы аймақтағы қалам ұстаған арулардың басын қосып, сый-құрмет көрсетті.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов өңірлік БАҚ-тың дамуында журналист қыз-келіншектердің еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті. – Руханият пен мәдениетті дамытуда журналистиканың алатын орны ерекше. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай журналистика саласында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегін ескеріп, құрмет көрсеткенді жөн көрдік.
Облыстың тыныс-тіршілігін, жетістігі мен кемшілігін жасырмай ашық жазып, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып жүрген нәзікжандыларымыздың еңбегі ерен, – деген филиал төрағасы кездесуде қонақтарға естелік сыйлықтар тапсырып, гүл шоқтарын ұсынды.
Cалтанатты іс-шарада «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы да сөз алып, мереке иелерін қуаныштарымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде құрмет құшағына бөленген қыз-келіншектер де ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«AR-AI»-ақпарат