Тәрбие - тал бесіктен
Отбасында балаға тәрбие беруде ата-анамен қатар әженің де атқаратын рөлі айрықша. Бүгінде би жарысынан бүлдіршіндер арасында облыстық, республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген Жансел Байжанованың да тәрбиесіне баса көңіл бөліп, қамқорлық танытушы бірден-бір тұлға – әжесі Айсұлу Байжанова.
Жансел Русланқызы Тараз қаласындағы жалпыға арналған орта білім беру ісімен айналысатын «A-Status» жекеменшік мектебінің 2-сынып оқушысы. Бүгінде Жансел «Diamonds» би спорты клубының белді мүшесі. Жалпы А.Байжанова екі ұл тәрбиелеп өсірген ана. Ұлдарына лайықты тәрбие беріп, қабілетіне қарай мамандық игеруіне жағдай жасаған бала жанының бағбаны. Үлкен ұлы Руслан Астана қаласында телекоммуникация саласында еңбек етсе, кенжесі шаш үлгісін жасаудың хас шебері. Балалары мамандық таңдайтын кезде ана жүрегі ұлдарына қабілетіне қарай қолдау көрсетуді құп көрген. Немересі Жанселдің де бойынан өнердің ұшқынын байқап, би үйірмесіне беріпті. – Негізі Қызылорда облысының тумасымын. Сондықтан да қаны қазақ болғаннан кейін ұлдарымның жаны да қазақ болсын, бітім-болмысы ұлттық ұстанымымыздан алшақтамасын деген оймен қазақы болмысымызға тән тәрбие беріп өсірдім.
Халқымыздың әдет-ғұрпын, құндылығын бойларына сіңіруге тырыстым. Бүгінде үлкен баламнан сүйіп отырған екі немерем мен келінім қолымда тұрады. Тұңғышым Астанаға жақында ауысты. Ендігі мақсат – 21 жастағы кенжемді аяқтандыру. Жанселдің бойында бұғып жатқан өнер бар екенін жасынан байқап, би үйірмесіне беруге шешім қабылдадық. Негізінен немерем ән салып, ұлттық аспабымыз – домбырада да шебер ойнайды. Десе де би де ұлы өнер әрі дене тәрбиесіне таптырмас құрал.
Одан бөлек біз жасымызда қазақ би өнерінің падишасы Шара Жиенқұлованың атына тәнті болып өстік. Ал сондай әйгілі биші болу үшін бүлдіршін буыны қатпай тұрып кәсіби мамандардан тәлім алуы керек. Бұл тұрғыда «Diamonds» би спорты клубы жас таланттардың талабын ұштап, өнер көгіне самғатуда. Немеремнің түрлі жетістіктерге жетуі үйірме жетекшілерінің қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін, – дейді Айсұлу Байжанова. Айсұлудай аналардың арманы бұл өмірде шындыққа айналып жатса, қанекей? Кәсіпкермін деп асып-тасымай, қарапайымдылық қалпын сақтап, бала-шағасына адал еңбекпен нан табуды өсиет еткен осындай аналар барда қазақ қоғамы ешқашан тоқырауға ұшырамайды. Өйткені «Әйел – әлемнің шуағы».
Н.БОЛАТҰЛЫ