Дін

Тазару мен рухани кемелдену айы

Рухтың азығы – иман, намаз, ораза, қайырымдылық, Алланы тану, мойынсыну, құлшылық жасау. Абай атамыз «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» дейді. Пенде болғандықтан иманымыз кейде әлсірейді, кейде күшейеді. Осы тұста өз-өзіңмен жұмыс істейтін әлемде керемет бір уақыт пен сәттің болғанын қалаймыз. Ол қасиетке толы, он бір ай бойы кір шалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы – Рамазан айы.

Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы кезі. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Рамазан айы келгенде жаннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді. Осынау берекеге толы ай несімен ерекше? Дана халқымыз Рамазан айын «он екі айдың сұлтаны» деп қастерлеп, барша мұсылман жұртшылығы асыға күткен. Ел бірлігінің ұйытқысы дінде екенін жақсы білген бабаларымыз тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Шортанбай ақынның мына өлеңінде ол жақсы бейнеленген: «Құбылаға бас қоймақ – Мұсылманның тарығы. Ораза, намаз қаза қылмасаң, Көңіліңде Құдай барлығы». («Он ғасыр жырлайды». Алматы, 2006. Б.202). Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Рамазан – арабшадан аударғанда түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала («Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – дейді. Яғни бұл айда адам баласы ораза ұстай отырып, өз нәпсісін тәрбиелейді. Құдси хадисте Хақ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген. Рамазанда жай уақытта жасаған жақсылықтар, салиқалы амалдар сауабы мен жасалған жамандық та еселеніп жазылады. Сондықтан бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Ораза тұту – тек ас ішуден тыйылу ғана емес, аузы берік адам көз, мұрын, ауыз, қол, аяқ сынды барлық жан-тәнімен ораза болуы шарт.

Аштықтан денеміз әлсірегенімен рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп, түсінеді. Өзінің ішкі жандүниесіне терең бойлайды. Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Тіпті адамды «ихсан» дәрежесіне көтереді. Жанында ешкім болмаса да өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деген. Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді». Құран – ақырет күніне дейін еш өзгермейтін ұлы мұғжиза. Дәл осы Рамазан айында қолға Құранды көбірек алыңыз. Хатым түсіріңіз, арабшасын оқи алмасаңыз үйренуді бастаңыз, қазақша мағынасын оқыңыз. Құран оқыған адамға әрбір әрпі үшін сауап жазылады. Әлиф – он сауап, ләм – он сауап, мим – он сауап.

Ал ораза айында бұл сауап екі еселенеді емес пе?! Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады», – деген. Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Періштелер және Жәбірейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі (Қадір, 4)», – деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі жер бетіне сан мыңдаған періште түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) келесі бір хадис-шарифінде ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп болатыны айтылады. Адамдардың көпшілігі осы Рамазанда ораза ұстап, кейін намазға келіп жатады. Бұл ұлық айдың жүргізген тәрбиесінің нәтижесі. Сіз өзіңізге парыз болған ғибадаттарды орындауға жүрексініп, барлық амалды зейнеттен шыққан соңғы уақытқа қалдырып жүрсіз бе? Осыншама ризық, береке бар айда сізді намаз бастаудан не тосып тұр? Алланың өзі жәрдемін беретін оразадан не алшақтатып тұр? Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда біз жолаушы ғанамыз. Зейнет жасына жетіп-жетпеуіміз бір Жаратушының қолында. Дәл қазір, дәл осы сәтте жаратылысымыздың мақсаты болған Аллаға құлшылық жасауды бастаңыз. Алла тура жолға тек сүйген пенделерін ғана салады. Сол сүйген құлының бірі болуға асықпайсыз ба? Міне, барлық кедергілерді жойып, рухты толықтыратын, иманды күшейтетін, нағыз мұсылман болатын уақыт – Рамазан айы келіп жетті.

Алламен қарым-қатынасы дұрыс адамның өмірі де дұрыс арнамен жүрмек. Азғырушы шайтандар кісенделді, өз-өзіңізбен қалдыңыз. Ендеше амалға көшіңіз. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылданды. Алла қаласа, биыл Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Қасиетті айда ауызашарлар таратылып, мешітте рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Сондай-ақ онлайн түрде мобильді банк қосымшасында «пітір-садақа» бөлімі арқылы да аударсаңыз да өзіңіз білесіз. Бұл қасиетті айда иманға бет бұрған жандардың саны артып, еліміз көркейе берсін. Алла екі дүниенің бақытына жеткізіп, иманы, амалы, әдебі толық мүмін болуды жазсын!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

облыс бойынша бас имамы