Флорист болудың да бейнеті көп
Адам баласының әдемілікке жаны құштар. Кейде көшеде сұлу бойжеткенді, сүйкімді бүлдіршінді, жайқалып өсіп тұрған гүлді байқап қалсақ, қасынан ұзап кеткенше көз алмай көркемдікке сүйсіне қарайтынымыз рас. Ал күнделікті өмірде сондай сұлулық композициясымен жұмыс істеп, адамдарға қуаныш сыйлайтын мамандар да бар. Мысалы – флористер. Флорист – ерекше гүл композицияларын жасайтын және ландшафты дизайнға қатысатын маман. Қарапайым тілмен айтқанда, гүлдестелерін таңдап, көркемдеп жасап беріп, ұсынатын жандар. Халықаралық қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында мамандығымызды өзгертіп, бір күнімізді флорист болуға арнадық.
Флористің романтикалық мамандық екеніне Тараз қаласындағы «101 гүл» орталығында өткізген күніміз барысында көз жеткіздік. Арулардың талғамы әртүрлі болғанымен сыйлыққа гүл алғанды ұнатпайтын қыз-келіншек жоқ. Әсіресе гүл бизнесі қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында жақсы жүретіні жасырын емес. Алдын ала келіскеніміздей, бізді орталық басшысы Дарина Асқарбекқызы күтіп алып, жұмыс барысымен таныстырды. Кәсіпкердің айтуынша, гүл бизнесі тынымсыз еңбекті қажет етеді және екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бұл кәсіпті дамытып, табыс табу үшін қыр-сырын терең меңгеру қажет. – Кәсіпті жолдасым екеуміз бірге бастадық. Біздің бұл салаға түк қатысымыз жоқ. Екеуміз де өзге мамандық иесіміз. Дегенмен гүлге деген махаббат осы кәсіпті бастауға себепкер болды. Алдымен Шымкент қаласында оқу-тәжірибелік курсынан өтіп, саланың қыр-сырын меңгердік. Қазір нағыз өз мамандығымызды тапқандаймыз, – деген кәсіпкер флорист болу үшін адамның бойында фантазия, идея болса жеткілікті екенін айтады. – Флористің бойында гүлге деген шексіз махаббат болуы қажет. Ол әр тапсырысқа зор жауапкершілікпен қарап, жаңашылдықтарды енгізіп тұруы маңызды. Егер қызығушылығың болмаса, ісің өнбейді, – дейді кәсіпкер. Кез келген адам флорист бола алмайды.
Мәселен, кәсіпкер флорист маманды жұмысқа алатын болса, біріншіден, оның фантазиясына, екіншіден, жылдамдығына және адаммен қарым-қатынасына, тұтынушылармен тіл табысуына қарайды. Себебі флорист психологиялық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Дарина бізді сондай сыннан сүрінбей өткен жас флорист Ұлдаш Оршыбекпен таныстырды. Ұлдаш бізге гүл таңдауға көмектесіп, оңай әрі әдемі етіп орап, алымсаққа ұсынуды үйретті. Флористің көмекшісі болған өте қызық екен. Барлық жұмысты шынайы ыждағаттылықпен, ерекше махаббатпен істейсің. Хош иісті гүлдерді сындырып алмайын деп қамқорлықпен, барынша аялап ұстайсың. – Енді «Эсперанза» деп аталатын раушан гүлінің жапырағын тазалап, қауашақ қабатын ақырындап алыңыз, – деді Ұлдаш арнайы ыдыстағы раушандарды бері қарай жылжытып. Әдемілік пен жұпар иістің ортасында отыру адамның мінезіне де әсер ететін тәрізді. Гүл дүкеніндегі Дарина мен Ұлдаштың бойынан ерекше нәзіктік, үндерінен биязылық еседі. Қабақтары да тым жылы. Осылайша ептілік пен сабырлылықты қажет ететін жұмысқа кірісіп кеттік. Айтқандарын тап-тұйнақтай орындауға тырысып, қайшымды сайлай бастағанмын. Флорист гүлдерді спираль бағытымен бір жаққа қарай жинауды үйретті. Қолымдағы букеттегі гүлдердің барлығы бір жаққа қарай жиналып, әдемі реттілікпен көз сүйсінтті. Сыртына жұқа қағазды жапсырғышпен жапсырып, қиықтап орадық, сыртын күлгін түсті жылтыр қағазбен жауып, сабағын нәзік лентамен гүлдеп байладық. Жалпы бір букетті дайындау флориске байланысты екен. Гүлді реттеп, тазалап алса, 10-15 минутта тез жинауға болады.
Бірінші рет айналысып тұрған соң біздің букетіміз 20-30 минутта дайын болды. Дәл сол сәтте дүкенге кірген бозбала жаңадан дайын болған букетті туған күн иесіне сыйлау үшін сатып алып кетті. Байқағанымыз, қыз-келіншектер әлі қауызы ашылмаған балғын гүлдерді үйлестіріп алып, сыртқы безендіруіне дейін көңіл бөледі. Ал ер-азаматтар неғұрлым тез және көзге әдемі көрінетін дайын гүлдерді сатып алғанды дұрыс көреді. Сондай-ақ ер- азаматтарымыз тек туған күн немесе арнайы мерекеде ғана емес, кейде жақынын қуантқысы келіп, гүлге тапсырыс беріп жатады екен. – Кейде көңіл күйім тамаша, айлық алдым не болмаса бүгін олжалы болдым, сол үшін гүл берейін деп едім деп келіп тұратын тұтынушылар бар, – дейді Дарина. Дүкенге алғаш кірген сәттен бастап алуан түрлі гүлдердің аңқыған иісі көңілді бірден көтергенімен қоймай, мұрнымызды қытықтады. «Гүлдердің ортасында жүру қандай керемет» деп ойлап үлгердім іштей. Дүкенде оралған әрбір ақ, сары, қызыл раушандар, хризантема көздің жауын алады. Әр гүл ерекше күтімді қажет етеді. Бөлменің ішінде ауа температурасы төмен. Себебі гүлдерді салқын жерде ұстау керек. – Гүл – нәзік қыз сияқты. Оған қаншалықты күтім жасасаң, ол соншалықты құлпырып, хош иіс береді. Сондықтан біз әр гүлшоқтың күтіміне ерекше мән беріп, өз иесіне жеткенше махаббатымызды аямаймыз. Кәсіп болған соң шығынсыз болмайды. Кейде гүлдер ұзақ жолдан бізге жеткенше солып, мерзімі өтіп кетеді.
Бұл келеңсіздікпен бизнестің алғашқы баспалдақтарында кездестік. Қазір тәжірибенің арқасында мұндай жағдай орын алмайды, – дейді дүкен иесі. Әйелдердің табиғаты нәзік болғандықтан олар көп жағдайда сыйлыққа гүл алғанды жақсы көреді. Алайда көбі гүлдің түрі, түсі мен мағынасына көп мән бере бермейді. Флористер гүл сатумен ғана айналыспайды. Қандай гүл, қай жағдайда беруге болатынын айтатын кеңесшілер. Осыған орай біз Даринадан гүл сыйлау мәдениеті туралы сұрадық. – Гүл сыйлаудың мәдениеті мен өзіндік этикеті бар. Қызыл түсті гүлдер – махаббат пен құштарлықтың символы. Ал қызғылт түсті гүлдерді ең алғашқы кездесуде сыйлаған дұрыс. Әрі ол алғыс пен құрметтің белгісі іспеттес. Ақ гүлдер – тазалық пен шынайылықтың белгісі. Ақ гүлді үйлену тойына, мерейтойларға ұсынады. Сондай-ақ алғашқы кездесуде ашық немесе ақ түсті гүл сыйлау қызға деген сезімнің тазалығын білдіреді. Ал түрлі-түсті гүлдер арқылы жақыныңызды себепсіз қуантуға болады. Ең маңыздысы – гүл алған кезде санының жұп емес, тақ болуына үлкен мән беру қажет.
Одан кейін солған, сынған гүлшоқтарды қоспауды басты назарға аламыз. Біздің тұтынушыларымыздың жас ерекшеліктері әртүрлі. Жас жігіттерден бастап ересектерге дейін гүлшоқтарға тапсырыс береді. Әсіресе жастардың сүйіктілеріне гүл сыйлауға ықыластары ерекше. Олар тек мерекені күтпей, себепсіз қуантуға тырысады. Аналарын да ұмытпайды, – дейді кәсіпкер. Гүл дүкенінде бір күніміздің қалай өткенін байқамай да қалдық. Гүл туралы біз білмейтін құпиялар, қызықты мәліметтер көп екен. Гүлдердің арасында әңгіме-дүкен құрып, кешке бір-бір гүлшоғын ұстап үйімізге қайттық. Гүл адамдар арасында белгілі бір жылылық, сыйластық, жақындық, қамқорлық сезімін ұялатып, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайту үшін жиі қолданылады. Гүл болмаса, табиғат та көркем көрінбейді. Олай болса, белгілі мерекені күтпей, жақындарыңызға себепсіз гүл сыйлауды әдетке айналдырыңыздар.
Айжан Өзбекова