ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛУДА
ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛУДА
Ұсыныстар бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихат бірлескен шешімі шығарылып, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылды. 2021 жылдың 7 желтоқсанында Республикалық ономастика комиссиясында қаралып, оң қорытынды шығарылды. Халық танысып, талқылау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталына орналастырылды. Талқылау аяқталғаннан кейін, 2022 жылы 24 қаңтарда нысанға атау беру алгоритміне сәйкес қаулы жобасы білім және ғылым, мәдениет және спорт, әділет, қаржы, ұлттық экономика министрліктерінен келісім алуға жолданды. Бес министрліктен келісім алғаннан кейін қаулы жобасы қажетті құжаттарымен Қазақстан Республикасы Үкіметіне жолданып, 2022 жылдың 11 сәуірінде «Жамбыл облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және атауын өзгерту туралы» №204 қаулысы қабылданды. Аталған қаулымен облысымызда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына, Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай осы тұлғалардың, сондай-ақ Алаш және қоғам қайраткерлерінің, атақты композиторлардың, ғалымдардың, ақын-жазушылардың есімдері 43 мектеп пен 1 мәдениет үйіне берілді. Соның ішіндегі Сарысу ауданындағы 1 және Шу ауданында 5 мектептің атаулары қайталанатындықтан, осы аудандарда С.Сейфуллин, Жамбыл, Төле би, Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов, М.Әуезов есімімен аталатын мектептер бір-біреуден қалдырылып, білім мекемелерінің құжаттарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру және тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында қайта аталды (Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдардың» 2-бөлігінің 8) тармақшасында «бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiндегi бірдей нысандарға бiр атауды бiр мәрте ғана беру» деп көрсетілген. Бір ауданның көлеміндегі барлық мектеп бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкке қарасты болып есептеледі). Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 25-5-бабының 4) тармақшасына сәйкес «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімінің Владимир Савва атындағы №9 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Мұхтар Әуезов есімімен қайта аталды. А.ИСҚАЛИЕВА, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің бас маманы