Тарихы терең Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі мүмкін
Тарихы терең Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі мүмкін
Міне, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сарапшылар дүниежүзілік қолөнершілер көне Тараз шаһарында бас қосып, қаланың әлеуетін бақылап, оның дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ену мүмкіндігін айқындамақ. Жергілікті билік әлемдік қолөнершілер кеңесіне өтініш берген. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Каддуми Саад-Аль, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев, «Асыл Дизайн» сән үйі «Аспара» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізуге қатысты орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Қонақтар осы жөніндегі халықаралық сараптамалық комиссия мүшелері екенін айта кетейік. Облыс әкімі өз сөзінде 2000 жылдық тарихы бар шаһардың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқанын жеткізді. Айта кету керек, бүгінгі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың бесеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер. – Үш күндік сапарларыңызда Тараздың терең тарихымен танысып, жәдігерлерге бай екеніне, қолөнершілер қаласы атануына лайық екеніне көз жеткізе түсесіздер деп ойлаймын. Тарихымызды таныту арқылы туризмді дамыту бойынша ауқымды шаралар жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыс істейміз деген кәсіпкерлерге барлық қолдаулар көрсетіледі, – деді Нұржан Нұржігітов. Жиынға қатысқан қонақтар да жамбылдықтарға өз алғысын білдіріп, атадан балаға мирас етілген қолөнер шеберлігінің еліміздің бірден-бір қаласында сақталғанына таңданысын білдіріп, қала тұрғындарының қонақжайлылығына тәнті болды. Келесі күні сарапшылар түрлі локацияларға бөлінген көрмеге аттанды. Көрмеде облыста өндірілетін жүн, яғни табиғи шикізаттан жасалған жұмыстар ұсынылды. Ұсақ малдан алынған жүн бірегей қасиеттерге ие әрі ағзаға да пайдалы. Бүгінде облыс орталығында 78 халық шеберлері тіркелген, олардың 30 пайызы киіз бұйымдарын дайындаумен айналысады. Яғни бас киім, аяқ киімдерден бастап, сәнді аксессуарлар мен сөмкелерге дейін дайындалады. Көрме барысында сарапшылар тобы Эльмира Мырза-Ғали басқаратын «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығына барып, үй жағдайында киізбен қалай жұмыс істеу керектігін үйрететін шеберлік сағатына қатысты. – Ежелгі заманнан бері біздің халқымыз киізден бұйымдар жасаумен айналысқан. Біз киіз бұйымдарын қаланың брендіне айналдырмақпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров. Айта кетейік, дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне әлемнің 55 шаһары енген. Бұл тізімге әзірге Қазақстаннан бірде-бір шаһар енбеген. Сарапшылар пікірінше, Тараздың мүмкіндігі мол. – Тараз Ұлы жібек жолы бойындағы саудасы дамыған қалалардың бірі әрі бірегейі болған. Әсіресе қолөнер саласының терең тарихы бар. Осыны қайта жаңғыртып, дүниежүзіне паш ету керек, – деді Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша вице-президенті Әзизбек Мұртазаев. Бұл мәртебелі тізімге енген қалаларға қойылатын талап бар. Халықаралық сарапшылар осы сапардан соң бас қосып, қорытынды шығарады. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне ену-енбеуі қыркүйекте белгілі болады.
Аяулым ЖАМАНҚАРА