ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ҚҰНЫ ЖОҚ, ҚАЙТАРЫМЫ БАР
ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ҚҰНЫ ЖОҚ, ҚАЙТАРЫМЫ БАР
Ақын С.Торайғыров «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп, өзі өмір сүрген заманда артында адамға ой салатын құнды сөз қалдырған екен. Жалпы жақсылықтың қайтарымы қашанда – жақсылық. Адамнан қайтпаса да Алладан қайтады. Бұрын жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әпкем мен ағам (жездемді аға дейтінмін) мені мектепке қызметке орналастырды. Оларға «Қалай рақмет айтамын?» деп жолын сұрап едім, ағам: «Алғашқы айлықақыңнан шайға тәуір конфеттер әкелерсің», – деді. Әпкем «Қымбат конфет сұрағаны несі?» деп ағама ренжіді. Сонда ағам ол тәттілер менің өмірімде ешнәрсе шешпейтінін, бұл жақсылыққа алғыс айтып үйрену үшін жасалған амал екенін түсіндірді. Мен ол кезде тым жас едім, еш нәрсенің парқына бойлап бара бермейтінмін. Сол кезде мен «Мемлекеттік мекемедегі мен атқаратын қызмет көзі ашық, көкірегі ояу, елгезек, жанарынан жалын атқан, лапылдап жанған алау секілді жас толқынға мұқтаж?» деп ойладым. Мендей білімді жастар жұмыссыз өріп жүргенін, ешкім ешкімге мұқтаж, ешкім ешкімге міндетті емес екенін ол кезде түйсіне алмағаным рас. Ағамның айтқаны сабақ болды. Кейін өзім де есейіп, ой түйіп, түрлі қызмет атқарып, өзгеге көмек бере алатын мүмкіндікке ие болдым. Түсінгенім, жақсылықты білетін, бағалайтын адамға тағы жақсылық жасай бергің келеді екен. Ал жақсылығыңды солай болу керектей қабылдағандар келесіде тағы бір жақсылық жасаудың орайы келгенде есіңе де түспейді. Жаратушымен қатынас та солай. Құдай да, өмір де оның әр кішкентай жақсылығына, көзге іліне бермес сұлулығы үшін алғыс айтып, тамсана алатын пендесіне бар ғажабын көрсететінін түсіндім. Шайдың түбінде қалған түйіршікке, сүртілмеген айғыз терезеден сығалаған күннің көзіне сүйсініп, болмашыға қуанып, қиындық болып жатса, одан да бір қайыр табатын пендесін ешқашан жақсылықтан мақұрым қалдырмайтынына көзім жетті. Жаратқан «Мына пендем менің әр бергенімді бағалайды. Кішкентай жақсылығыма мәз болады. Осы пендемді қуанта берейінші» дейтіндей. Бағалай білгенге бақ қонады. Немесе өмір өзін сүйгендерді сүйеді. Осы нәрсе ақиқат екен. Мен қазір қорқынышымды жеңіп, саяхатқа шыққаныма ризамын. Яғни өз-өзіме жақсылық жасағаныма қуанамын. Адам баласы әрдайым өзіне де жақсылық жасауды ұмытпауы керек. Он бес күндік еңбек демалысымнан бір тәтті естелік, өзіме жасалған жақсылық бар. Баршамызда проблемалар болады. Бірақ өзімізді аяп еңіреп, ең бақытсыз жан санайтындай жағдайдан бізді сақтайтын мықты антидиот – ол өзімізге жасаған жақсылықтарымыз. Өзіңе жасалған жақсылықтардың тағы бір мықты қасиеті бар. Ол адамды емдейді. Тіпті бала кезден қалған реніштерді жояды. Бұрынғы реніш күйінің орнын жаңа әдемі сезімдер мен әсерлер басып алады. Егер басыңнан бір қиындық өтсе, бұл оны жеңуге, еңсеруге қажетті үлкен терапия. Өмір күрестен тұрады. Тағдырыңмен арпалысып жүріп болса да армандарын орындап, тұлға ретінде өсіп, ел-жер көріп, жақсылыққа қуана білген адам жұрттың арасында бақытсыз, байғұс бола ала ма? Әрине, жоқ. Дәл осы себептен қартайғанда өткен өміріңізге риза болып отыру үшін өзіңізге көптеп жақсылық жасауға асыққан абзал. Маған көптеген жылы жүзді адамдардың жақсылығы өтті. Өзімнің де шамам келгенінше алдыма келген жанның меселін қайтармауға тырысамын. Сол секілді әрбіріміздің өмірімізде біздерге жақсылығы өткен адамдар болады. Бәлкім, ол балаңызды босанардағы көмектескен акушер-гинеколог, сәбидің кіндігін кескен кіндік шеше, қызметте бірге жүріп сөзімен, ісімен үлгі көрсеткен жан болар. Ойлап қарасаңыз, қиналып тұрғанда қол ұшын созған жақсы адамдар әрбірімізде бар. Солардың тілеуін тілеп, қолдан келсе кезінде жасаған жақсылығына жақсылықпен жауап қатсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, басына түскен уақытша қиындықтан құтқару, аз уақыт болса да оған жеңілдік сыйлау – баршамыздың алдымыздағы парызымыз. Шамамыз келсе жақсылық жасап жарысайық! Біреудің қажетіне жарасақ, өзгенің көзіндегі мұңның жойылуына жәрдем болсақ, жай ғана түсінуге тырыссақ – соның өзі жақсылық емес пе? Айдаладағы бөтеннің өзі кейде көмек көрсетіп жатады. Заманымыз қанша жерден түлкі болса да «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, жақсы адамға қашанда құрмет пен ризалықтың есігі ашық деп ойлаймын. Айтайын дегенім, қараңғы жерде «жарқ» еткен жылы сәуле, әйтеуір, өмірімізде бір кездеседі. Уақытында жеткен жедел жәрдем қызметі, сүйкімді медбике, ота жасағандағы дәріні дәлме-дәл егетін анестезиолог, ақшадан қысылғанда көмектескен құрбың, жақсы сөзімен жанға дәру болған әпкең, саған өмір сыйлаған анаң, бәрі де жақсылық жасаушы жандар емес пе? Әлем жақсы адамдар барда мәнін жоғалтпайды. – Әлі есімде, қаным аз болғандықтан ем алып жүргенмін. Аялдамада тұрып кеш болғанын байқамаппын. Қоғамдық көліктер тоқтап қалыпты. Қас қарая адам аяғы сиреп, қорқа бастадым. Жаяу жүруге әл-дәрменім бітіп тұрған. Такси шақырта қояйын десем, соңғы ақшама дәрі алып едім. Не де болса бір автобус келіп қалар деп аялдамада тұра бердім. Осы кезде жалғыз отырғанымды көріп бір адамның сұлбасы маған қарай жақындады. Бір жағы тонап кете ме деп қорқып тұрмын. «Әпке, неге жалғыз жүрсіз? Автобустар да тоқтады. Мұныңыз не, қайда барасыз? Мен сізді таксиге салып жіберейін», – деп, жиырмадан асқан жас бала қасыма келді. Ақшасын төлеп, таксиге салып жіберді. Сасқаным ба, ауырып тұрғандықтан ба, атын да сұрамаппын. Маған сол бейтаныс жігіт осылайша жақсылық жасады. Маған жасаған жақсылығы оған Алладан екі еселеп қайтатынына сенімдімін. Әрдайым тілеуін тілеп отырамын, – дейді көршім Бағдагүл Елемесова. Осындай жақсы адамдар көп қой. Қайтарымын күтпейтін, қолындағы барын аямайтын адамдар арамызда баршылық. Бірақ атағы үшін, қызметі үшін араласып, сыйластық танытатындар да жетіп артылады. Жылы қабақ, ашық көңіл, кіршіксіз пейіл де біреудің келесі біреуге берер жақсылығы. Бүгінде интернетті ақтарсаңыз, әлеуметтік желілерде қарияларға, кішкентайларға, үйсіз-күйсіз адамдарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсетіп жүретін адамгершілігі жоғары жандар туралы бейнежазбалар көптеп кездеседі. Осыған қарап-ақ халқымыздың көлдей кең пейілі мен адамгершілікті ту еткен адал халық екенін көреміз. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ол ешбір жақсылық жасамағаннан қайырлы. Эльмира БАЙНАЗАРОВА