«ТАРАЗ» КЛУБЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ҚАШАН ШЫҒАДЫ?
«ТАРАЗ» КЛУБЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ҚАШАН ШЫҒАДЫ?
Жалпы «Тараз» клубының жанкүйерлерін қуанта алмай жүргеніне талай жылдың жүзі болды. 1996 жылы ел чемпионы атанып, 2004 жылы Қазақстан кубогының иегері болған клубтың содан бергі 20 жылда көсегесі бір көгермей-ақ қойды. «Тараз» әлі талайды таңғалдырады» деп жылдар бойы өз-өзімізді жұбатып жүргенде 2022 жылы бірінші лигадан бір-ақ шықты. Қалай десек те «болар іс болып, бояуы сіңді». Өткенді қазбалағаннан уақытымызды жоғалтпасақ, ешқандай пайда таппасымыз анық. Біз үшін маңыздысы – «Тараз» футбол клубының ендігі болашағы. Жуырда облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтің қатысуымен өткен жиында клубтың бүгіні мен болашағы жан-жақты талқыланып, футбол десе ішкен асын жерге қоятын әрбір жанкүйердің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді. БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан кездесуде Арман Бақытжанұлы өткен жылды қорытындылап есеп берді. Биылғы жоспарлар айтылды. Қысқаша баяндасақ, бүгінде облыс көлемінде басқармаға қарасты 53 спорт мекемесі жұмыс істеуде. Өңірде спорттың 83 түрі қамтылған. 805 спортшымыз түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командалардың сапында өнер көрсетуде. Өткен жылы жамбылдық спортшылар республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1 655 медальға қол жеткізген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 492 мың адамға (40,2 пайыз) жетіпті. Сондай-ақ өткен жылы 23 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілген. 71 спорт алаңшасы ашылған. Биыл 2 спорт кешенінің құрылысы жаңадан басталады. Халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 64,9 пайызды құрайды. Баяндама аяқталғаннан кейін кездесу сұрақ-жауап форматында өрбіді. Жиынға қатысушылар саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Мәселен, «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков «Тараз» футбол клубының қазіргі мүшкіл халі жайлы сөз қозғап, тығырықтан шығарудың жолы ретінде бірнеше ұсынысын ортаға салды. – «Тараз» футбол клубы – таланттар ұстаханасы десек, ешкім қарсы дау айта алмас. Клубта тәлім алып, кейін үлкен футболда жоғары жетістіктерге жеткен аяқдоп шеберлері жетерлік. Қуантатыны, ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес. Әр жылдары жаңа таланттар шығып жатады. Өкініштісі сол, жұлдыздай жарқырап шыққан жастарымызды бағалай алмайтын секілдіміз. Бір ғана мысал айтайын. 2005 жылы дүниеге келген Абинұр Нұрымбетов есімді жас футболшы біздің клубта бар болғаны 2 ай ойнады. Сөйтіп, Жезқазған қаласының бір командасына сатып жібердік. Кейін Белоруссияның жоғары лигасында ойнайтын «Энергетик» командасында өнер көрсетті. Жуырда Хорватияның тағы бір танымал командасына ауысып жатыр екен. Енді қараңыз, Абинұрдың қазіргідей деңгейге жетуі үшін клуб қаншама қаржы жұмсады. Киім-кешегі, жүріс-тұрысы, тамағы бар дегендей. Осы орайда еуропалық клубтардың тәжірибесіне зер салайықшы. Мәселен, «Manchester City» клубының академиясында бір талант өсіп келеді делік. Көзге түсіп жүр. «Челсиға» немесе «Барселонаға» сатып жібере салмайды. Талантын одан сайын ашып, клубтың игілігі үшін пайдаланады. Командасының белгілі бір жетістікке жетуіне үлесін қосады. Содан кейін барып қыруар қаржыға сатып, көл-көсір пайда табады. Ал біз пісіп-жетіліп тұрған футболшыны сатып жібереміз. Қызығын басқалар көреді. Одан кейін біздің кезімізде ауыл жастарын қолдау мақсатында «Былғары доп», «Алтын масақ» деген секілді түрлі турнирлер болатын. Қаншама таланттың тұсауын кесті. Өкінішке қарай, қазір бірі де жоқ. Шетелден легионерлер алдырып, қыруар қаржыны текке шашқанша ауылдардағы футболды жаны сүйетін жастарды дамытуға көңіл бөлген әлдеқайда пайдалы болар еді. Тағы бір маңызды мәселе – орталық стадионға қатысты. Қазір стадион клубтың балансында емес. Футболшыларымыз жаттығу немесе ойын өткізу үшін стадионның басшылығымен келісуге тура келеді. Мұны қалай түсінуге болады? – дейді Талғат Кеншінбеков. Ал Арман Ташметовтің айтуынша, «Тараз» футбол клубы 2022 жылы 1,3 миллиард теңге қарызға батқан. Өткен жылы 750 миллион теңге қарызы жабылыпты. Биыл қарыздан толық құтылады деп жоспарланып отыр. – Басқарма тізгінін қолға алған сәттен бастап клубтың мәселесіне көңіл бөліп, тығырықтан шығарудың барлық жолын қарастырып жатырмын. Қарызы көбейіп кеткендіктен команданы бірінші лигаға түсірдік. Егер олай жасамасақ, биыл клуб банкрот болатын еді. Бәріңізге белгілі, клубтың демеушісі жоқ. 2022 жылы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақсы көмектескен. Бірақ жақсы нәтиже көрсете алмағандықтан компания өткен жылы қолдау көрсетуден бас тартты. Қазіргі таңда командада 17-18 жастағы жергілікті жігіттер ойнауда. 100 мың теңге жалақы алады. Жастарымыздың қарқыны жаман емес. Рас, сіз айтқандай, клуб түлектері қазір жан-жақта ойнап жүр. Бәрімен командаға қайта оралу бойынша сөйлесіп жатырмын. Бірақ бірінші кезекте қарыздан толық құтылуымыз керек. Әйтпесе 100 мың теңге жалақыға ешкім келмейді. Жастарды қолдау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Клуб қарызға батқаннан кейін жастар құрамасы назардан тыс қалған екен. Тіпті жаттықтырушылар 7 ай бойы айлық алмаған. Қазір бәрі қалпына келді. Жастар керек-жарақпен қамтылды. Түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибелерін толықтыруда. Орталық стадионның мәселесі де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Клуб пен стадионды неге екіге бөлдік? Клуб банкрот болған жағдайда стадион сатылып кететіндіктен осылай әрекет етуге тура келді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Қарыздар жабылса, стадион клубтың меншігіне қайтарылады, – деді Арман Бақытжанұлы. Басқарма басшысының айтқанынан ұққанымыз, клубты қайта аяғынан нық тұрғызу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Енді қолға алынған жұмыстар жемісті, нәтижелі болса дейміз. Қиындықтар артта қалып, «Тараз» клубының таңы жарқырап ататын күн де жақын деп сенейік.
Талғат НҰРХАНОВ