Жастар

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ «Bir tolqynda» диалог алаңында пікірлесті

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ «Bir tolqynda» диалог алаңында пікірлесті

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты «BIR TOLQYNDA» Диалог алаңында жастардың басын қосты. «Жастар рухы: терең білім, адал еңбек және отаншылдық» тақырыбында жамбылдық өрендер пікір алмасты. Көзделген мақсат – «AMANAT» партиясы Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіндегі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жастарға арналған бейне үндеуін және «AMANAT» партиясы Жастар қанатының трансформациялық бағдары мен ел жастарының заманауи келбеті жөнінде талқылау.

Еліміздің 105 мың жас белсенділері топтасқан «AMANAT» партиясы Жастар қанатына биыл 22 жыл. Кезектен тыс VI съезде ұйым атауына ребрендинг жасалған. Ұйым атауына қатысты мәселелер бірнеше ай көлемінде талқыға салынып, ұйым мүшелері тарапынан да ұсыныс жиналды. Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде ұйым атауы «Жастар рухы» деп өзгертілген болатын. – Елдің жарқын болашағына сенетін патриот жастардан жасақталған біздің ұйым, қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясатының қозғаушы күшіне айналды. Біз жастар арасындағы барлық мәселелерді мемлекеттің күшімен шешіп тастау қиын екенін, көп мәселе жастар бірлестіктерінің азаматтық ұстанымы мен күш-жігеріне байланысты екенін жақсы түсінеміз. Қазір қоғамда жаппай түбегейлі өзгерістер басталды. Олар әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, жауапкершілікті арттыруға, қоғамның мемлекетті басқарудағы рөлін кеңейтуге бағытталған. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Әлемде орын алып жатқан геосаяси ахуал, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тигізіп жатқан әсері, ағымдағы жылдың басында елімізде орын алған қайғылы оқиға мемлекеттік саясатты ғана емес, қазақстандық жастар ұйымдарының көшбасшысы ретінде «AMANAT» партиясы Жастар қанатының да жұмыс бағдарын қайта қарауды қажет етті. Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Сондықтан ұйымдағы мүшелермен ақылдаса отырып, бірқатар міндеттерімізді анықтадық. Біріншіден, трансформация көзге көріне бермеуі мүмкін. Түбегейлі өзгерістер бірінші кезекте өзімізден бастау алуы тиіс. Сондықтан біз аймақтық филиалдарымыздың қызметін күшейтуді оқу орындарындағы, кәсіпорындардағы және өзге де ұйымдардағы бөлімшелеріміздің қызметін жандандырамыз. Филиалдарымыздың жұмысына арнайы индикатор белгілеп, тиісті рейтингін жүргіземіз. Екінші кезекте зияткер ұлт – мемлекеттің тірегі, елдің одан әрі дамуы мен өркендеуінің негізі екенін басты назарда ұстамақпыз, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек. Сондай-ақ ол бүгінгі таңда жас қазақстандықтар Facebook, Google, Amazon, Apple, LinkedIn, Microsoft, eBay, Booking.com. сияқты әлемдік алпауыт компанияларды бағындырып жатқанын, бұл құбылыс қазақстандықтардың жоғары зияткерлік әлеуетін көрсететінін, оны одан әрі дамыту және сақтау өз міндеттеріне жататынын тілге тиек етті. – Біз жастардың зияткерлік әлеуетін, кәсіби деңгейін көтерумен айналысамыз. Нақтырақ айтсақ, жоғары сынып оқушыларына дұрыс кәсіптік бағдар беріп, жастар арасындағы пікірсайыс қозғалысын күшейтеміз. Гранттар, стипендиялар, конкурстар, шахмат турнирлерін, бос жұмыс орындары туралы өзекті ақпарат ұсынылатын «Мүмкіндіктер форумын» өткізу жоспарымызда бар. Үшіншіден, жастардың арнайы санаттарымен, яғни ауыл жастары, NEET және жұмыссыз жастарды қолдау бойынша кешенді жобаларды іске қосамыз. Арнайы ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау үшін «Жастар-Жастарға» мобильді топтары жасақталады. Топ мүшелері елді мекендерге, базарларға, өзге де аталған санаттағы жастар орналасқан орындарға бағыт алады. Сондай-ақ «Өрлеу» кешенді жобасының аясында республика бойынша 1000 білікті ментор жасақтауды бастап кеттік. Төртіншіден, жастардың бойында патриоттық және әскери тәрбие саласындағы жұмысты күшейту қажеттілігі бұрынғыдан да пісіп-жетілді. Жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру үшін «Сарбаз болғым келеді» Ашық есік күнін өткізіп, «Qaisar» әскери-патриоттық жобасын іске асырып жатьырмыз. Бесінші, әрі ең маңыздысы Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан. Жаңа Қазақстан азаматтарының құқықтары әрдайым тең. Сондықтан жастардың өз құқықтары мен қызығушылықтарын қорғауға, пікірлерін ашық білдіруге, мемлекеттік басқаруға атсалысуға жағдай жасау – еліміздегі жетекші партияның Жастар қанатының бірден-бір міндеті. Осы орайда жастарды заңнамалық актілерді әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс топтарына тұрақты негізде тартып, мемлекеттік және өңірлік даму бағдарламаларын, бюджеттерді қалыптастыруға, олардың орындалуын бақылауға «Жас депутаттар» корпусының мүшелері белсенді қатысатын болады, – деді У.Болатбек. Жиынға қатысқан жастар ортаға салған ой-пікірлерімен қоғамда жиі айтылып жүрген Жаңа Қазақстанның қалыптасуына нақты іс пен шынайы өзгерістер арқылы бар күш-жігерін салатындарын жеткізді. Қ.РАХМЕТУЛЛИНА