Заң

Мемлекеттік  тілді білу өмір талабы болуы қажет

Мемлекеттік  тілді білу өмір талабы болуы қажет

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі  - қазақ тілі. Мемлекеттік тіл  елдіктің, тәуелсіздіктің, бірліктің нышаны. Бүгінде тіл саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп, барынша жағдайлар жасалуда.Президент Қ.К.Тоқаев: «Қазақтың тілі - қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», - деген болатын. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өткен болатын.Өскелең, жаңашыл және іскер ұрпақты тәрбиелеудің тіл саясатының тиімді болуына ықпалы зор. «Тәрбие бесіктен басталады» - демекші,бала қай тілде тәрбиеленіп, білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді. Әрине, тәрбие білім ошақтары толық  қазақша сөйлемейінше, мемлекеттік тілге деген бетбұрыс жақын арада бола қоймас. Білім беру саласындағы жағдай бүгінгі күндегідей болса, қоғамның өзге салаларындағы тілдік ахуал қалай дамымақ?! Сондықтан бұл мәселе ерекше  көңіл бөлуді қажет етеді.  Мемлекеттік тілдің басты мәселелері Конституцияда , «Тіл туралы»  Заң жүзінде шешімін тапқанымен, өңіріміздегі мемлекеттік мекемелерде толыққанды қолданылуы жүзеге асырылмауда. 2023 жылы облыс сотарында мемлекеттік тілде қаралған азаматтық істердің 45,4  %ғана болуы - осының айғағы. Бұл көрсеткіш  2022 жылы 43,6 % болған, яғни, азаматтық істердің мемлекеттік тілде  соттарда қаралуы шамалы  1,8 % -ғағана  арттқан.Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын биліктің бір құрылымы болса, ал мемлекеттік қызметші - мемлекеттік органда ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіліктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік тіл билік тілі. Олай болса, мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметші  мемлекеттік органда өз деңгейінде қызмет ете алмайды. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің іс-қағаздары, ақпараттары мен есептері, сотқа берілетін талап-арыздары және  тағы да басқа құжаттары ҚР «Тіл туралы» Заңның 4 бабына сәйкес тек мемлекеттік тілде рәсімделуі   қамтамасыз етілмеуде. Ал, халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді қажетті деңгейде меңгермеуі азаматтардың қызмет алу құқығын  шектеуге әкеп соғуда.Өңіріміздегі халықтың 73,73% қазақ ұлты бола тұра, сотқа талап қоюлар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар, тергеу материалдарының басым бөлігі орыс тілінде түсуде.  Сот, прокуратура, құқық қорғау, мемлекеттік  органдар, адвокатура, әділет жүйесіндегі кадрлардың мемлекеттік тілді жетік білмеуі, сотқа азаматтардан, заңгерлерден, құқық қорғау және мемлекеттік органдардан   талап қоюлардың, арыздар мен өтініштердің  негізінен орыс тілінде түсуі, сот жүйесінде мемлекеттік тілдегі сот актілерінің үлгілерінің толық қолданылмауы, құжат айналымындағы қазақ тілінің үлес салмағының аздығы, азаматтарға құқықтық көмектің орыс тілінде  басым  көрсетілуі  - өзекті мәселелер болып келеді. Қазіргі кезде Жоғарғы Сот  өз тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына, оның соттарда кең қолдануына ерекше көңіл бөлуде. Сол себептімемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметшілердің, заңгерлердің мемлекеттік  тілді үйренуін, алтілдерді оқыту орталықтарда оқып, сертификат алған қызметшілердің жұмыс барысында әзірленетін құжаттарын өздері, тек  мемлекеттік тілде рәсімдеуін талап етуіміз қажет деп есептейміз. Бүгінгі күні қоғамда мемлекеттік тілді игеру қажеттілігі туындаған жағдайда ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін боламыз. Сондықтан, ұлттық құндылығымыз мемлекеттік тіліміздің барлық салада  толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету үшін   мемлекеттік мекемелер мен органдар  ішкі іс-қағаздарын, сотқа талап қоюлар,  арыздар мен  өтініштерді  тек мемлекеттік тілде  берілуі - мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына әсері болатыны сөзсіз.

Жомарт РҮСТЕМБЕКОВ

Жамбыл облыстық сотының

азаматтық істер жөніндегі

сот алқасының төрағасы