Спорт

Қазақ күресінен түйе балуандар анықталды

Ақтөбе қаласында қазақ күресінен 2004-2006 жылы туған жастар (ұлдар мен қыздар) арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Турнирдің соңында «Түйе балуан» атағы сарапқа салынды.

Түйе балуан белдесуінде бас жүлде Эльнар Жанболатұлына (БҚО) бұйырды. II орынға Сардар Абдисамитұлы (Түркістан облысы) лайық деп танылды. III орынды Алихан Назымханов (Түркістан облысы) пен Бибарыс Нұғман (Жамбыл облысы) жеңіп алды.Жалпыкомандалық есепте 
І орынға  3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен Жамбыл облысы, 
ІІ орынға  Абай облысы (2 алтын, 4 күміс, 4 қола), ІІІ орынға  Түркістан облысы (2 алтын, 
3 күміс, 7 қола жүлде) ие болды.

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА XX ҚЫСҚЫ СУРДЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА АТТАНДЫ. Алматы қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтетін XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына ұлттық құраманы ресми шығарып салу рәсімі өтті.2-12 наурыз аралығында Түркияның Эрзурум қаласында өтетін дүбірлі додада 36 елден келетін 1 000-ға жуық спортшы арасында тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал, керлингтен 34 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеге Қазақстан тарапынан шахмат, сноуборд, шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады.
Ресми шығарып салу рәсімі барысында XX қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметовке тапсырылды. Спортшыға Қазақстан туын жазғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов табыстады.«ЖОСПАРЫМДЫ ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕП ҮЙРЕНГЕНМІН» Жуырда кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінің Президенті болып сайланды. Комитеттің Бас ассамблеясында спортшы қызметтегі нәтижесін сөзбен емес, іспен көрсететінін, оған халықаралық тәжірибесі септесетінін тілге тиек етті.

Геннадий Головкин сөзінің басында туған жеріне қызмет ету өзі үшін жоғары мәртебе екенін атап өтті. Даңқты боксшы халықаралық деңгейде жинаған тәжірибесін өз елінде қолдану көптен бергі қалауы болғанын жасырмады. Г.Головкин: «Маған Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетін басқаруды ұсынғанда қазақ спортын дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз ойымды, жоспарымды сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Осы орайда менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – барлығын өзімнің туған елімде жүзеге асыру», – деді.  

AR-AI АҚПАРАТ