Таластық спортшылар талайды тәнті етіп жүр
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – тәуелсіз еліміздің тұтқасы. Сондықтан мемлекет тарапынан балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдауды тапсырды.Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, содан бергі төрт жылда көп тірлік тындырылды. Әсіресе спорттық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңселі ғимараттар бой көтерді. Жолдау жүктеген міндеттер аясында басқа да атқарылған жұмыстар, шешімін тапқан мәселелер аз емес.
Мемлекеттік қолдау шаралары Талас ауданында спорт саласының дамуына да тың серпін сыйлады. Жан-жақты қолдаудың және жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жыл таластық спортшылар үшін табысты болды. Аудан спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық спорттық бәсекелерде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мерейімізді өсіріп, мәртебемізді биіктеткен жетістіктерімізге қысқаша тоқталсам, спортшыларымыз халықаралық додаларда 5 медальға қол жеткізсе (1 алтын, 1 күміс, 3 қола), республикалық бәсекелерде – 49 (12 алтын, 18 күміс, 19 қола) және облыстық түрлі деңгейдегі жарыстарда 196 медальды (62 алтын, 57 күміс, 77 қола) еншіледі. Таласта туып, көк туымызды тек биікте желбіретіп жүрген саңлақтарымызды атап өтер болсам, Ернұр Сүлеймен қазақ күресінен ересектер арасында Азия чемпионы атанды. Әліпбай Сағыныш самбо күресінен ересектер арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанжығалады. Нұрай Сәрсенбай фунакоши каратэден екі дүркін әлем чемпионы атанып, абыройымызды асқақтатты. Дильяра Тұрсынбек (бокс), Аңсар Әмірбек (дойбы), Ақниет Сәбітбек, Жасұлан Рахан, Ерасыл Нұрлан (қазақ күресі), Елнұр Дулат (қол күресі), Сүндетәлі Амантай (аударыспақ) ел біріншіліктерінде топ жарды. Байрақты бәсекелердің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков жаттықтырушыларымен бірге қабылдап, сый-құрмет көрсету дәстүрінен жаңылған емес. Осы орайда Нұрбол Әбдімәжитұлының қолдауын айтпай кетуге болмайды. Аудан әкімі спорт саласының дамуына барынша мән беріп, нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапты. Бір ғана мысал, ауданда жасөспірімдер мен жастар арасында футболды кеңінен насихаттау және дамыту мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында аудан әкімдігінің қаулысымен «Талас» футбол клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының 2023 жылғы №189 бұйрығымен Қаратау қаласындағы орталық стадион «Талас» футбол клубының теңгеріміне берілді. Мекемеде 20 қызметкер жұмыс істеуде. Жылдық қаржылық жоспары – 55,7 миллион теңге. Қазіргі таңда клуб басшылығы футболдан Қазақстан Республикасының екінші лигасына қатысу үшін құжаттарын дайындауда. Сонымен қатар жасөспірімдер құрамасының «QJ-лига» жобасына қатысуы жоспарланған. Келешекте таластық аяқдоп шеберлері сенім үдесінен шығып, биік белестерді бағындырады деп ойлаймын.
Жалпы ауданда денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 19 мың 797 адамға немесе аудан тұрғындарының 40,3 пайызына жетті. Өткен жылы аудан бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 392 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 27 мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, Талас ауданының 95 жылдығына орай командалық көкпардан аудан біріншілігі, Қаратау қаласының 60 жылдығына орай футболдан «Кеншілер кубогы», қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің бөлім бастығы, подполковник Дастан Әділбайды еске алуға арналған жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық турнир, КСРО спорт шебері, Талас ауданының Құрметті азаматы Базылхан Жұртшыбайұлының жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар аясында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, талай таланттың жұлдызын жарқыратуға жол ашты. Заманауи үлгіде салынған, барлық жағдайы жасалған, сәні мен салтанаты келіскен спорт кешендері ауыл жастарының, тұрғындарының спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік беруде. Ауданда бүгінгі таңда 178 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Спорт нысандарында тұрғындардың спортпен шұғылданудың арнайы кестесі жасалып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Қолданыстағы, бірақ тозығы жеткен нысандарды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы Қаратау қаласы, Ә.Молдағұлова көшесінің №59-61 үй ауласындағы кіші футбол алаңшасы мен №3 ықшамаудандағы №18-24 үй ауласындағы кіші футбол алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Сондай-ақ демеушілер есебінен Сейілбек ауылындағы кіші футбол алаңшасына жасанды төсеніш төселді. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Дамыған әлем» қоғамдық қорының демеушілігімен Бөлтірік шешен, Ойық ауылдарында әмбебап спорт (баскетбол, волейбол) және стритворкаут алаңшалары орнатылып, қолданысқа берілді. Мұнан бөлек «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ойық ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Нысан биыл пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар өткен жылы бұқаралық спорттық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру және нұсқаушылардың тиімді жұмыс істеуіне ықпал жасау үшін жалпы сомасы 11 миллион теңгеге спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Алдағы уақытта да спорт саласын дамытып, чемпиондарды тәрбиелеу бағытындағы жұмысымызды жоспарлы түрде жалғастыратын боламыз.
Ерназар ТОҚСАНБАЕВ,
Талас ауданы әкімдігі денешынықтыру
және спорт бөлімінің басшысы