Жамбыл жаңалықтары

Таразда троллейбус паркі қайта құрылуы мүмкін

Таразда троллейбус паркі қайта құрылуы мүмкін

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиынға Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысып, онда өңіріміздегі халықты сумен қамтитын кәсіпорын жұмысын және транспорт жұмыстарын жандандырудың тиімді жолдары талқыланды.

Аталған басқосуда Еуропа қайта құру және даму банкінің тұрақты инфрақұрылым директорының орынбасары Бахтиёр Файзиев аталмыш банктің ұсынатын қызметтерін таныстырды. Біздің елде атқарып келген жұмыстары жөнінде толық мағлұмат берді. Жамбыл өңірінде бұл банк бұрын «Тараз су» аталып келген қазіргі «Жамбыл су» мекемесінде бірқатар жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан екен. Ол биыл тағы да тараздықтарды сумен қамтып отырған осы кәсіпорынның техникалық-энергетикалық жабдықтарын жаңартуға қажетті қаражатты несиелендірудің тиімді тетіктерін ұсынды. Аталмыш қаржы ұйымының өкілі Бахтиёр Файзиевтің айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі энергетика, табиғи ресурстар, телекоммуникация, өндіріс, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік, туризм, сауда, агробизнес секілді экономиканың негізгі секторларына қолдау көрсетеді. Қаржының 51 пайызы инфрақұрылымға, 18 пайызы табиғи ресурстарға, 17 пайызы энергетика саласына жұмсалыпты. Біздің елдің аталған салалары бойынша банк барлығы 295 келісімшарт жасасып, осы істерге жұмсалған қаражаттың жалпы құны 9,6 миллиард еуроға жетіпті. Еуропа қайта құру және даму банкінен келген өкіл «Жасыл қалалар» бағдарламасының тиімділігін түбегейлі таныстырып, атқарылатын жұмыстарды мәлімдеді. Бахтиёр Файзиев бұл бағдарлама халық қалың шоғырланатын, көліктер қозғалысы үзіліссіз, қарбалас қаланың экологиясын жақсартуға қосар үлесі орасан екенін сөз етті. Бүгінде тиімділігі жоғары бұл бағдарламаның игілігін Еуразия мен Солтүстік Африкадан 56 қала көріп отыр екен. Айтылған мәліметтерге қарай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Жасыл қалалар» бағдарламасы аясында Тараз қаласында троллейбусты қайта жаңғыртуға назар аудартты. – Таразда троллейбус паркін неге қайта құрмасқа? Экологиялық тазалық үшін де, тұрғындардың жағдайын жақсартуға да тигізер пайдасы көп екені даусыз. Бұл істі қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Әбілханұлы, толық зерттеп, қарастырыңыздар. Жұмысты тездетіп бастаңыздар. Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүргізілетін жұмыстарды жылдамдатып қарастырып, ертерек істі қолға алайық. Мейлінше мемлекетке тиімді, халыққа оңтайлы болар жағын ойластырайық. Банктің ұсыныстарына қарай көпшілікке берері мол ірі істерді жүзеге асыруға күш салатын боламыз, – деп Нұржан Молдиярұлы кеңесшілері мен басқарма басшыларына тапсырма берді. Талай іс талқыға түскен жиыннан жақында Таразда троллейбус жүріп қалуы мүмкін деген ой түйдік. Сондай-ақ облыс басшылығы Еуропа қайта құру және даму банкімен байланысты нығайтып, халықтың игілігіне қажетті істерді жүзеге асыруға келісті.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА