Руханият

Лебіздер легі

Лебіздер легі

Егемен ел тарихындағы айтулы күндердің бірі – 1 наурыз. Бұл күні Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алып, нанын тең бөліскен кеңпейіл, қонақжай қазақ халқына алғыстарын айтады. Алғыс айту мерекесі – тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына қоныс аударған әртүрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына тағзым ететін күн! Адамдарды бір-біріне жақындата түсетін мереке қарсаңында біз облыстағы бірқатар ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен Алғыс айту күнінің мән-маңызы туралы ойларын сұраған едік. 

ІЗГІЛІК ПЕН МЕЙІРІМДІЛІКТІ ДӘРІПТЕЙДІ

Мухабат ТУРДЫЕВА, облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Жыл құсындай келіп жеткен көктемнің алғашқы мерекесі саналатын бұл күнді барша қазақстандықтар үлкен қуанышпен қарсы алады. 2016 жылдан бері тойланып келе жатқан Алғыс айту күні – барлық қазақстандықтарға арналған, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, еліміздің бірлігі мен тыныштығын айшықтайтын, құрмет пен жанашырлықты, ізгілік пен мейірімділікті дәріптейтін жалпыұлттық мереке. Бұл күн – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің қазақ жері мен қонақжай халқына деген тағзымының белгісі. Сондай-ақ 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Тәуелсіздік жылдарында ынтымақтастық пен өзара қамқорлық сияқты берік құндылықтар біріктіруші күшке айналып, еліміздің болашағына деген нық сенім қалыптастырды. Баршамызды қайырымдылыққа, мейірімділікке, жақсылыққа үндейтін мерекеде әр отбасыға бақ-береке, бейбіт өмір және табыс тілеймін! Егемен еліміздің бірлігін нығайту, берекесін еселеу жолындағы игілікті істеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын!

Өзара ілтипат БІР КҮНМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Айгүл ҚАБИЕВА, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары: – Алғыс айту күні түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске игілікпен қадам басуға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Бұл мерекенің жыл өткен сайын мәні мен мазмұны тереңдеп, салмағы мен сипаты, құндылығы артып келеді. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнінің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан атаулы мерекені тұтас қоғамның көзайым құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналдыру үшін ынтымақ, бірлік, келісімнен бөлек, айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы аса қажет. Ендеше көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын! Бұл бір күнмен шектелмейтін мереке. Сіздерді айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

ҚАМҚОРЛЫҚ ШАРАПАТЫ

Елсихан ХАЗБУЛАТОВ, Қордай ауданындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы: – Қаншама ұлт пен ұлыс «тар жол, тайғақ кешіп», апталап, айлап жол азабын шегіп әрең жеткенде оларға қамқорлық танытып, бір бөлме болса, бір бұрышын, екі бөлме болса, бір бөлмесін берген қазақ халқы – қасиетті халық. Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи жадты сақтау, ұрпақтар арасындағы байланыс пен халық бірлігін берік құндылық негізінде нығайту деп есептеймін. Аз уақытта Алғыс айту күні ғұрпымызда бар ғұмырлық мерекеге айналып үлгерді. Ауызбіршілігіміз артып, бір-бірімізге деген ілтипат-құрметіміз күшейе түсті. Бұл күнде көктемнің алғашқы лебі сезіледі, сонымен бірге жанымызға жақын жандарға ыстық ықыласпен жүрек сөзін арнап, жабыққанға жігер сыйлаймыз. Ең бастысы, бұл мерекенің құндылығы тар заманда талай ұлттың баласын бауырына басқан, адамзатты алалап бөлмеген, Алаш жұртының алтын діңгегі – дарқан мінез қазақ халқына Алғыс айтуда жатқанын жадымыздан шығармасақ деймін.

ҰРПАҚТАР БІРЛІГІ

Ирина Акулова, «Шиват Сион» облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы: – Бұл датаның қазақстандық мереке күнтізбесінде пайда болуы кездейсоқ емес. Ол еліміздің терең тарихымен байланысты және ол қазақстандықтардың әртүрлі ұрпақтарын біріктіреді. Алғыс сөздер мен қарапайым сыпайылық көңіл күйіңізді көтереді. Осы мерекеде Отанға деген риясыз сүйіспеншілігіңіз, адал еңбегіңіз үшін құттықтаулар мен алғыс сөздерді қабыл алыңыздар. Алғыс айту күні қазақ ұлты үшін де, осындағы өзге ұлт өкілдері үшін де өте маңызды, қуанышты әрі тарихи мереке. Айтулы мерекеде сіздерге бейбітшілік, бақ-береке, табыс, отбасыларыңызға тыныштық, махаббат, келісім мен ынтымақ тілеймін! Алғыс айтуға, жан жылытар сөздерге жомарт болыңыз. Айналаңыздағылардың, туыстарыңыздың, достарыңыздың, әріптестеріңіздің сіз үшін жасаған игі істеріне ризашылығымызды білдіреміз. Бәріміз осы үлкен ғаламшарда жүргеніміз үшін алғыс айтуды ұмытпаңыз.