Жаңалықтар

Асқар тау аласармайды

Асқар тау аласармайды

Биыл қазақ геологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан даңқты жерлесіміз Қаратай Тұрысовтың туғанына – 90 жыл. Айтулы датаға орай М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дөңгелек үстел отырысы өтті. 

Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аталған университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. Қаратай Тұрысов – саналы ғұмырын туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған тұлға. Қарапайымдылық пен қайраткерліктің, адамгершілік пен адалдықтың, отаншылдық пен ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен біртуар азамат. Ғалым 1934 жылы 2 ақпанда Талас өзенінің бойындағы Жасөркен ауылында дүниеге келген. Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітіріп, Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы геологиялық барлау институтына оқуға түседі. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды. Әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаратай Тұрысов қазақ геологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ғалым «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минерал бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып», зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек. Арқаңда дорбаң, қолыңда балға-қайлаң. Дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», – деп айтқан екен. Қаратай Тұрысов лауазымды қызметтерді де абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған заңғар тұлға заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, «Еңбек Қызыл Ту» және «Барыс» ордендерімен марапатталған. Таутұлғаның 90 жылдығына арналған басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев сөз сөйлеп, қайраткердің өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Аталмыш жиынның маңыздылығын да атап өтті. Тәуелсіз еліміздің қалыптасып дамуы жолында аянбай еңбек еткен, тектілігі мен тазалығымен ерекшеленген арда азамат туралы облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ой қозғады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов те мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың қазақ халқына сіңірген ерен еңбегін ерекше атап өтті. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ғалымның соңында қалған рухани, ғылыми мұраларын насихаттап, жастарға көбірек айту керектігін тілге тиек етті. Жиында Қаратай Тұрысовтың сыныптасы, Еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті теміржолшысы Әбдуәлі Данаев сөз сөйледі. Ақсақал өткен күннен сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Қаратай Тұрысов екеуі мектепті күміс белгімен бітіріп, үлкен өмірге аттанғанын, достық қарым-қатынасы үзілмегенін көпшілікке жеткізді. Бүгінде тоқсаннан асқан қария ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жастарға өз батасын берді. Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Бақыт Мырзабеков «Өмірі – жастарға үлгі» тақырыбында баяндама жасады. Еңбек жолынан бөлек болмысына, адамгершілік қасиетіне, елін шексіз сүйген ұлтжандылығына тоқталды. Мәскеуде оқып жүрген қазақ жігіттерін жинап ақыл-кеңесін айтып, ғылым мен білім, еңбек жолында үлгі көрсеткен қамқорлығы жайында естеліктерімен бөлісті. Жиында басқа да азаматтар өз ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісті.