Жаңалықтар

Президент Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанын мәлімдеді

Президент Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанын мәлімдеді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, Кездесуде ол Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қытай Төрағасына шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдірді.
– Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыздың тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды.