Биыл Таразда 16 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі
Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың алға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Ал бұған бұқаралық спортты дамыту арқылы қол жеткізуге болатыны белгілі. Егемендік жылдары осы бағытта қыруар шаруа атқарылды. Өңірлерде ашылған түрлі спорт нысандары – жоғарыдағы сөзіміздің айқын айғағы.
Тараз қаласында да атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында жеке демеушілер есебінен – 10, қалалық бюджеттің қаражаты арқылы 5 спорт нысаны салынды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, осы жылы мемлекет қаржысы есебінен 10 кіші футбол алаңшасы пайдалануға беріледі.
Айталық, «Самал», «Бәйтерек», «Қарасу» ықшамаудандары, «Қайнар», «Победа», «Бурыл», «Химик» алқаптары, «Солнечный» кенті және Лұқманов көшесіндегі №26 орта мектептің маңында жасанды төсеніші және қоршауы бар кіші футбол алаңшалары бой көтереді.
Сондай-ақ үстінде жоғары тоқ сымдарының жүргізілуіне байланысты «Жігер» алқабындағы №35 кіші футбол алаңшасының орны ауыстырылмақ.
Бұдан бөлек, биыл демеушілердің көмегімен «Ұлы дала» ықшамауданында 6 бірдей футбол ойнайтын, әмбебап және «Street Workout» алаңшалары орнатылады. Бұлардың барлығы жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына зор септігін тигізері сөзсіз.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы