Заң

Мәжіліс отбасының шырқын бұзғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын қабылдады

Мәжіліс отбасының шырқын бұзғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын қабылдады

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Бұған дейін әйеліне қол көтергендер сотталып, педофилдердің өмірбақи бас бостандығынан айырылатыны хабарланған болатын. Заң жобалары президенттің зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленді.

Онда төмендегі нормалар бар: 
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;
  • Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;
  • Қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (16 жасқа толмағандарға қатысты) жасын анықтауға;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап, тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;
  • Сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзету енгізілді.

Дауыс беру барысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады, 3 депутат қарсы болды, 5 депутат қалыс қалды. Сонымен қатар «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады, 1 депутат дауыс бермеді, 2 депутат қарсы болды, 6 депутат қалыс қалды. Заң жобалары екінші оқылымда қабылданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін маңызды заң жобасы қаралғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны күшейтуді халық көптен бері талап етіп келе жатқанын еске салды. «Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек. Ата дәстүрімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнауы керек», - деді Ерлан Қошанов.