Жаһандық ынтымақтастық барометрі
Бүгінгідей геосаяси ахуал, халықаралық қатынастар үрдісі күрделі сипат алып, мемлекеттер мен трансұлттық компаниялар арасындағы бәсеке жаңа қарқын алған уақытта жаһандық ынтымақтастықты терең зерттеген талдау еңбектерінің маңызы жоғары. Осы мақсатта әлемдегі түрлі ақыл-ой орталықтары мен мамандардың зерттеулері жүйелі жарияланып келеді.
Бүгін оқырман назарына осы жылдың қаңтар айында Бүкіләлемдік экономикалық форум мен «McKinsey & Company» халықаралық консалтинг фирмасы бірлесе жариялаған «Жаһандық ынтымақтастық барометрі-2024» (The Global Cooperation Barometer 2024) есебін ұсынамыз. Еңбекте жаһандық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына мамандар тарапынан жан-жақты ғылыми талдау жасалған. «Жаһандық ынтымақтастық барометрі-2024» зерттеуі бес көрсеткіш бойынша 42 индикаторды негізге ала отырып, мемлекеттер мен компаниялар арасындағы бүгінгі таңдағы өзара ынтымақтастық мәселелеріне сараптама жүргізіп, тарихи даму траекториясын анықтайды. Зерттеуде жарияланған диаграммада көрсетілгендей, жаһандық ынтымақтастықтың негізгі бес саласы бойынша ағымдағы тенденцияларға баға берілген.
Сауда және капитал: ынтымақтастық пандемия кезінде өскенімен геосаяси шиеленістер және жаңа шектеулерге байланысты өткен жылы баяулады. Климат және табиғат: міндеттемелердің артуына байланысты мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық деңгейінің артқанына қарамастан, табиғатты ластаушы қалдықтардың бөліну көрсеткіші әлі де өседі. Инновация және технология: деректер ағыны, зияткерлік меншік, халықаралық білім алмасу 2020 жылға дейін ынтымақтастықтың ұлғаюына септігін тигізді.
Бірақ әрі қарай мүмкіндіктерді пайдалану үшін бірлескен жұмыстың қажеттілігі туындап отыр. Денсаулық және әл-ауқат: пандемия кезінде ынтымақтастық күшейді, алайда уақыт өте бұл саладағы жаһандық ынтымақтастық қарқыны бәсеңдей түсті. Бейбітшілік пен қауіпсіздік: 2016 жылдан бері бұл бағытта ынтымақтастық деңгейі төмендеп, қазіргі таңда құлдырау үрдісі басым. Зерттеу деректеріне сүйенсек, экономикалық қуаттың күретамыры саналатын халықаралық сауданы қалпына келтіруге болжамды жаһандық бөлінушілік тенденциясы қауіп төндіріп келеді.
Ал талдау нәтижелері көрсеткендей, технологиялық инновация, оның ішінде генеративті жасанды интеллект (AI) саласы жыл сайын 2,6-4,4 триллион долларға бағаланатын өнімділікті арттырудың үлкен әлеуетіне ие. Жаһандық қауіпсіздік бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының былтырғы есебінде көрсетілгендей, қазіргі таңда әлемде екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең көп даулы қақтығыстардың орын алып отырғаны көрсетілген. Климаттың өзгеруі, пандемия сияқты шұғыл дағдарыстарды шешу, денсаулық сақтау саласындағы ұзақмерзімді жетістіктерді ілгерілету және ықтимал кемшіліктердің алдын алуға қатысты мәселелер жаһандық координацияны жаңа шарттар жағдайында жүйелеуді қажет етеді.
Ғылыми талдау нәтижелеріне сүйене отырып, аталған есепте мамандар мемлекеттік және жеке сектор басшыларына өз мүдделерін қорғау мен жаһандық ынтымақтастықты ілгерілету үшін келесі қадамдарды ұсынады. Біріншіден, жаһандық коопетиция (бәсекелестік жағдайындағы ынтымақтастық) тәжірибесі. Геосаяси тартыс күшейген дәуірде тараптар өзара бәсекелестік ынтымақтастыққа жол бермейді немесе бір саладағы ынтымақтастықтың төмендеуі басқа саладағы ынтымақтастыққа әсер етеді деп есептемеуі керек.
Оның орнына тараптар бәсекелестікпен қатар, болжамды ортақ мүдделерді ілгерілету жолдарын іздеуге де назар аударуы қажет. Екіншіден, басқару дағдыларын арттыру. Әрбір компанияға, оның ішінде ірі трансұлттық корпорацияларға белгілі дәрежеде жаһанданудағы өзгерістер әсер етеді (мысалы, әлемдік сауда ағындары). Ынтымақтастықты күшейтуге болатын және геосаяси күйзелістерге жақсы төтеп беретін бағыт ретінде басқару дағдысын қалыптастырған жөн.
Жаһандық байланыстарды және олардың бизнеске әсерін түсіну көпұлтты корпорацияның әрбір атқарушы басшысы үшін негізгі құзырет болуы керек. Үшіншіден, динамикалы стратегиялық опцияларды құру. Жаһанданудың ескі парадигмасы көбінесе бизнеске байланысты болды. Қазіргі таңда үкіметтер қайтадан көшбасшы рөлге ие. Үкімет әрбір компанияның кіммен, қайда, қандай қарым-қатынаста екеніне мұқият диагностика жүргізуі қажет. Бұл әлеуетті әлсіз тұстардың тәуекелін терең бағалауға мүмкіндік береді. Тұрақты баламаларды және жаһандық оқиғалардың динамикасын ескере отырып, жаңа стратегиялық нұсқауларды әзірлеуді қоса алғанда, егжей-тегжейлі сценарийді жоспарлауға жағдай жасайды. Төртіншіден, бөліну емес, әртараптандыру тәжірибесі.
Зерттеуде мамандар компаниялар мен мемлекеттерге нақты серіктестерден толық бөлінудің орнына, серіктестіктің өзге көздері мен байланыстарын әртараптандыруға басымдық беруді ұсынады. Бұл тәсіл бір ғана көзге шамадан тыс тәуелділіктен аулақ болу арқылы тұрақтылықты күшейтеді. Әртараптандыру тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар инклюзивті және өзара байланысты сауда жүйесі мен экономикалық өсімге ықпал етеді.
Аталған стратегия неғұрлым тұрақты және инклюзивті экономикалық ландшафт жасауға жол ашады. Зерттеу нәтижелері бүгінгі геосаяси ахуалдың күрделілігіне қарамастан жаһандық ықпалдастық жан-жақты дамып, ынтымақтастық элементтері бәсекелестік элементтерімен қатар өмір сүре алады деген баға береді. Мамандар трансұлттық компаниялар мен мемлекеттер жаһандық ынтымақтастық күш пен тұрақтылықты тудыратынын есте ұстауы қажет екендігіне кеңес бере отырып, құнды талдамалық нұсқаулықтарды ұсынады. Бүкіләлемдік экономикалық форум мен «McKinsey & Company» халықаралық консалтинг фирмасы ұсынған «Жаһандық ынтымақтастық барометрі-2024» зерттеуі ғалымдарға, сарапшылар, үкіметтер мен компания басшыларына, жалпы қызығушы қауымға терең ғылыми талдамалық зерттеу нәтижелерімен көмекші құрал бола алады.
Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы