Әлеумет

Оқушылар телефонмен қоштасты

Мектепте оқушылардың телефон ұстауына тыйым салу қажет пе? Дәл осы сұрақтың қоғамда қызу талқыланып келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Биік мінберлерде де аз көтерілген жоқ. Соңғы рет өткен жылдың қараша айында оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салатын заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды.

Сонда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов оқушылардың сабақ үстінде ұялы телефонды ұстауына шектеу қою жөнінде норма енгізілгенін айтты.

Арада бір апта уақыт өткенде Асхат Аймағамбетов «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында телефон мәселесіне қайта айналып соқты.– Сабақ кезінде оқушыларға телефон қолданып отырған сыныптасы кедергі келтіреді. Жақында Мәжіліс депутаттары сабақ кезінде телефон пайдалануды шектеу туралы бастама көтергенін оқыған шығарсыздар. Бекер емес екенін PISA зерттеуі тағы бір мәрте көрсетіп отыр. PISA-2022 зерттеуі бойынша, сабақ барысында оқушылардың 23 пайызына цифрлық құрылғылар кедергі келтіреді екен.

Оған қоса оқушылардың 21 пайызына сабақ барысында цифрлық құрылғыларды пайдаланатын сыныптастары кедергі келтіреді, – деп жазды Асхат Қанатұлы. Бұрынғы Білім және ғылым министрінің жазбасының астындағы пікірлерге де назар аударып едік, заң жобасындағы норманың желі қолданушылары тарапынан үлкен қолдау тапқанын аңғардық. Қолдап қана қоймай, тағы бір мәселенің шетін шығарыпты. Мәселен, Жаңабек Жүсіп есімді желі қолданушысы:

«Бастама өте дұрыс. Оқушылар секілді ұстаздарға да сабақ үстінде телефон ұстатпау керек. Оқушыларға тапсырма беріп қойып, өздері телефон ұстап, ғаламтор ақтарып, ойын ойнап отыратын ұстаздар жайлы көп естиміз», – деп ойын ортаға салыпты. Ал филология ғылымдарының докторы Ләззат Дүйсембековадан мәселеге байланысты айтарын сұрағанымызда оқушыға, студентке, тіпті ұстаздарға да сабақ үстінде телефон пайдалануға шектеу қою керек деп есептейтінін айтты.

– Тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, мұғалімдер мен оқытушыларға да сабақ уақытында телефон ұстауға тыйым салу керек. Сабақ кезінде дәлізде телефонмен әңгіме айтып жүретін талай оқытушыны көрдім. Сабақ жайына қалады. Студенттерге де сол керек, мазасын алмаса болды. Университет басшылығы да риза, ешкім шулап жүрген жоқ, бәрі белгіленген аудиторияда тыныш отыр, – дейді Л.Дүйсембекова. Қоғамда қызу талқыланған заң жобасын 1 ақпанда сенаторлар мақұлдап, 23 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды». Енді оқушылар сабақ уақытында телефон пайдалана алмайды.

Дегенмен қоғамда әлі де заңға қатысты жұртшылық пікірі екіге жарылып тұр. Мәселенің мәніне бойламай жатып байбалам салып жатқандар да, қос қолын көтеріп қолдап жатқандар да жетерлік. Даттайтындар «ақпараттық технологиялар дәуірінде телефонға тыйым салу дұрыс емес» екенін алға тартады. Ал жақтайтындар телефонға тыйым салу оқушылардың оқу үлгеріміне үлкен әсер ететінін, басқа да пайдалы тұстары көп екенін айтады.

Дегенмен шектеуді дұрыс түсінбей жатып айқайға аттан қосып жатқандар өте көп. – Білім саласында он жылдан аса қызмет атқарған ұстаз ретіндегі ойым, шектеуді бұдан да ертерек енгізу керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес. Ең біріншіден, телефон оқушының өзіндік ойлау қабілетін төмендетеді. Екіншіден, көп жағдайда оқушы біліміне емес, ұялы телефондағы интернетке сенім артады. Мәселен, қазір кез келген математикалық есептердің жауабын интернеттен көзді ашып-жұмғанша тауып алуға болады.

Тізбелей берсек, телефонның оқушыға тигізетін зияны шаш етектен. Сондықтан оқушылардың сабақ уақытында телефон ұстауына тыйым салуды қос қолымды көтеріп қолдаймын, – дейді ұстаз Гаухар Сабырқызы. Мәселеге орай ата-аналардың да, оқушылардың да айтар ойы, алға тартар ұсыныстары жеткілікті.

– Әлеуметтік желіден байқағаным, көп мұғалім қазіргі мектеп бағдарламасында электрондық техника арқылы орындайтын тапсырмалардың көп екенін, сол себепті шектеу қоюдың дұрыс емес екенін алға тартуда. Иә, солайы солай шығар. Бірақ қазір кез келген мектептің материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Кез келген, тіпті шалғайдағы ауылдардағы білім ошақтары интерактивті тақтамен, компьютермен жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан телефонға тіреліп тұрған ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Оқушы сабаққа кіріп бара жатқан кезде телефонын өшіріп қояды. Қажет болған жағдайда қосып, пайдаланады.

Дегенмен оқушылардың телефон ұстауына мүлдем тыйым салуға үзілді-кесілді қарсымын. Себебі телефон арқылы балаларымызбен хат-хабар алмасып, жүрген-тұрғанын бақылап отырамыз. Қазір қоғамда неше түрлі жаға ұстатарлық оқиғалар орын алып жатыр. Сондықтан бала-шағамыздың амандығы қымбат, – дейді ата-ана Ләйлә Ықыласова. Сол секілді Биазат Қожабеков есімді оқушы сабақ уақытында телефонның пайдасына қарағанда зияны көп екенін жеткізді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Францияда мектепке телефон алып келген оқушы сабақтан шеттетіледі екен. Ал Қытайда жаза тіптен қатаң. Мектеп әкімшілігі оқушының қолынан телефон байқаса, айыппұл салады. Сол секілді Италия, Испания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей мемлекеттерінде сабақ барысында телефон пайдалануға рұқсат берілмейді. Әлемнің ең дамыған елдерінің алдыңғы қатарында жүрген аталған мемлекеттердің мұндай қадамға істерге іс таппай, еріккеннен бармағаны анық. Бір анығы, қазір жемісін көріп отыр. Ал Қазақстанда қаншалықты нәтижелі болатыны алдағы жылдардың еншісінде.

Талғат НҰРХАНОВ