СҮЛДЕҢДІ СҮЙРЕТКІҢ КЕЛМЕСЕ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ІШУДІ ТОҚТАТ!
СҮЛДЕҢДІ СҮЙРЕТКІҢ КЕЛМЕСЕ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ІШУДІ ТОҚТАТ!
Жанды жадыратып, ұйқыңды шайдай ашатын бұл сусындар барлық дүкен сөрелерінен табылады. Сиқырлы сусынды әсіресе оқуы мен жұмысын қатар алып жүрген жастар, күндіз-түні жолда жүретін такси жүргізушілері, қызметте күні қарбалассыз өтпейтін жұмысбастылар мөлшерден тыс пайдаланады. Өкініштісі жас та, жасамыс та құмартып ішетін сусын түбімізге жетуі мүмкін. Ал оны қаперіне алып жатқан тірі жан жоқ. Алғашқы энергетикалық сусындар жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды тосын оқиғалар көбейіп кеткен. Мұның салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, Қазақстан қоғамында кейінгі кезде энергетикалық сусындарды еміреніп тұрып ішетіндердің қарасы көбейе бастаған. Сиқырлы суға әсіресе желік қуған жастар тым әуес болып алған. Қазір энерготониктер 170-тен астам елде сатылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында зиянды қоспалардың барын мәлімдегеніне қарамастан энергетикалық сусынның жылына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Мұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екені әлі белгісіз. Дегенмен оның қауіптілігіне мамандар ерекше назар аударып отыр. Энергетикалық сусындарда кофеин басым және оның құрамында бета-каротин, креатин, таурин аминқышқылы, глюкоза, матеин, гуарана тропикалық жемісі бар. Бұлардың әрбірінің ағзаға қалай әсер ететіні жөнінде толығырақ тарқатқанды жөн көрдік. Кофеин жүрек-қан тамыр жүйелерінің жұмысын жақсартады, әсерінен ми жұмысы жеделдейді. Каротин ағзадағы майды қышқылдандырады, нәтижесінде бұлшық ет жиырылып, шаршау бәсеңдейді. Таурин аминқышқылын медицинада жүрек ауруын емдеу үшін қолданады. Бірақ 0,5 литр энергетикалық сусынға не себепті 1000 миллиграмм таурин қышқылы қажет екені түсініксіз. Глюкоза қантты көбейтеді. Алайда көп мөлшерде тұтыну аса қауіпті. Матеин – тропикалық жеміс ағашы, ол асқазанды алдайды. Бұл қоспалардан кейін сусын көп мөлшерде газдалады. Өздеріңіз білетіндей газдың да денсаулыққа зияны аз емес. – Энергетикалық сусындар танылмай тұрып адам өзін сергек сезіну үшін бір шыныаяқ кофе ішетін. Қазір кофе емес, осы сусындарды тұтынып жүр. Кофенің әсері адам бойында 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусын 2 есе көп тұрады. Артықшылығы осы, – дейді тағамтанушы әрі диетолог Әсел Телібаева. Аталған тағамтанушы жастарға сусынды күніне 2 құтыдан көп пайдаланбауға кеңес береді. Айтуынша, егер мөлшерден көп ішсе, ол қан қысымы немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Сусын құрамындағы дәрумендер мультидәрумен кешенін алмастырмайтыны тағы бар. Сондықтан жүрек ауруына шалдыққан, гипертониямен ауыратын жандар да оны ішкенде сақ болуы қажет. Ол ағзада кез келген өнімді шамадан тыс мөлшерде қолданғанда осматикалық шок болатынын да еске салды, яғни жасуша зақымданады. Мысалы, етті, шоколадты, нанды көп жесеңіз, ағзаңызда ауытқу пайда болады. Сол себепті энергетикалық сусынды 3-4 литрлеп ішпеу керек. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Себебі 250 мл құтыдағы сусында кофеин бір шыныаяқ күрең шай немесе кофедегі кофеиннің көлемімен мөлшерлес. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан, ішек ауруларын болдырмаудың бір жолы – энергетикалық сусындарды шектеу екенін айтқан. Мысалы, Франция, Дания және Норвегияда энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде рұқсат етілмеген. Тек, оның құрамындағы заттар адамның жүйке жүйесін ынталандыру үшін дәрі ретінде дәріханаларда сатылатын көрінеді. Ал кейбір елдерде жасөспірімдерге сатуға болмайтын заң қабылданған. Қызылды-жасылды сусындардың адам денсаулығына зияндылығын қанша айтсақ та артық емес. Нәтижесінде жастарымыз спортпен айналысу арқылы күш жинап, шұбат, қымыз, айран секілді ұлттық нәрімізбен сусындаса екен. Сондай-ақ көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Ол жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, ол жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді екен. Оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мастық күйге түсіреді. Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді дегенге сенбейтін жан жоқ шығар. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни сергіткіш сусын ішкен адам өз энергия қорын пайдаланады. Сусындарға құмартқан жандар осы жайттарды қаперлеріне алса екен, – дейді Әсел Талғатқызы. Ең сорақысы, бойыңа қуат беретін керемет сусындар адам өліміне себепші болған жайт аз емес. Тіпті энергетикалық сусынды пайдалануға қатысты шетелде бірнеше сот ісі болған. Ирландиялық спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Ресейлік мамандар да сусын жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан көршілес орыс елінде бірнеше энергетикалық сусындарға қатаң тыйым салынған. Біздің елімізде де маңызды мәселені халық қалаулылары мінберлерде көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Ал Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулы бекітті. Қаулыда «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» деп анық көрсетілген. Бірақ бұл қаулы әлі күнге өз күшіне енбей келеді. Керек десеңіз бұл қаулы жарыққа шыққалы сусындарды тұтынушылардың саны екі-үш есеге өскен. Жақында қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің «Facebook» парақшасындағы бір жазбасына көзім түсті. Анығын айтқанда, құқық қорғаушысы өз парақшасында белсенді желі қолданушысы Әбдімәлік Исаевтың ескертпе жазбасын бөліскен. Жазбада Ә.Исаев өзі ауруханада жатқанда «Gorilla» сусынына тәуелі болған жігіттің аянышты халін баяндайды. Жиырма бес жасар жігіт зиянды сусынның зардабынан әбден қиналған. Денесі өзіне бағынбай, жаурап, қалшылдап, қол-аяғы тырысқан. Құдды бір есірткіге тәуелділер сынды. Мейірбикемен қоса үш адам жабылып жатып тыныштандыратын дәріні әзер еккен. Жазба авторы жігітті беті бері қараған соң әңгімеге тартқанда ол жұмыс уақытында сусынды асыра пайдаланғанын айтып күрсінген екен. Дәрігерлер жігітке энергияға тәуелділік деген диагноз қойған. Желі белсендісі энергетикалық сусынның қатеріне куә болғанын, қолданушыларға мұқият болуды айтып, өз көзімен көргендерін сабақ болсын деп оқырмандарымен бөлісіп отыр. Әбдімәлік Исаевтың жоғарыда айтқандарына қосарымыз да, аларымыз да жоқ. Ұрпақ болашағы, ұлт келешегі үшін елімізде энергетикалық сусындарды өндіруге де, сатуға да тыйым салған дұрыс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ