Білім

Директорлар тәжірибе алмасты

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы мектептерінің директорларымен кездесті. Жиын барысында орта білім берудің өзекті мәселелері мен озық тәжірибені таратуға арналған «Заманауи мектепті басқару: трендтер мен болашақ» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

 Диалог алаңында басшыларға білім беру сапасын арттыру бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар мен міндеттер туралы айтылды. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы орта құру, цифрландыру, тиімді тәрбие жұмысын ұйымдастыру, инклюзивті білім беру және тағы да басқа мәселелер сөз болды. Бұдан кейін кездесу TEDx форматында жалғасып, министр отандық білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды.

Кездесуге қатысқан 800-ге жуық мектеп, білім бөлімдері мен басқармалардың басшылары менеджердің басқару құзыреттері, кадрлық әлеуетті дамыту, білім беру саласындағы маңызды басымдықтар бойынша тәжірибе алмасты. Естеріңізге сала кетейік, бұл – мектеп директорларымен өткен қорытынды кездесу. Мұндай басқосулар бұған дейін еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерінде өткен болатын.

А.Орынбасарқызы