«Қыздарымның анама тартқанын қалаймын»
– Менің анам – мейірімі күндей ыстық, пейілі даладай, жүзі жұлдыздай жарқын әйел. Аузынан уыз сүті кеппей жатып анасынан айырылып, жетімдіктің де ащы дәмін татқан. Небәрі төртінші сынып оқитын бүлдіршін қызға анасынан айырылудан артық қандай қасірет болуы мүмкін. Қазақта «Анасыз бала – шерлі жетім» деген сөз бар. Қазір ойласам, сәбидің кішкентай жүрегінде тарқатылмаған шері, мұңы болады екен. Аллаға сансыз шүкір, анам бүгінде жарының жүрек жылуына бөленген, бала сүйген, немересінің қолынан су ішкен бақытты жан.
Анамның аты-жөні – Зухра Нәбиқызы. Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Қазалы, Арал топырағы кіші жүзден тарайтын алты ата әлімнің атақонысы. Анам сол рудың қызы. Анамыз отбасында бес ағайынды болған. Екі ұл, үш қыз. Нағашы әжемнің ерте бақилық болғанын жоғарыда айттым. Анам өзінің үлкен әпкесі Зина анамыздың қолында өскен. Үлкен ағасы Ғалым нағашым бір кездері Тараз қаласында қызмет істепті. Бойжетіп қалған анам ағасының үйіне Таразға қонаққа келгенде әкемізбен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтеріпті. Сүйіктісін аз уақытта өзіне қаратып, жары болуға келістіргеніне қарағанда әкем де қырағы жігіт болған секілді. Отбасымызда үш перзентпіз. Әпкем, қарындасым және мен. Мен алтыншы сыныпты аяқтаған соң әкемнің жұмысына байланысты біраз уақыт Алматыда тұрдық. Кейін Таразға қайта келдік. Бірінші сыныптан бастап орыс мектебінде оқыдым. Орыс тілін де, орыс мәдениетін де жақсы білемін деп айта аламын. Әкем де, анам да қазақы ортада тәрбие алып, салт-дәстүрге қанып өскен адамдар болғандықтан қанша орысша оқысам да қазақылығымнан алыстамадым. Анамның мінезі қанша жұмсақ болса да бала тәрбиесіне келгенде өзгермейтін ұстанымдарына өте берік.
Мысал үшін айтайын, бірде туыс ағаммен базарға бардық. Ақша ағамның қалтасында болатын. Содан аңсарым бір ойыншыққа ауып, соны қалай да қолыма түсіргім келіп: «Әкемнен де, анамнан да сұрадым, рұқсат етті!» – деп өтірік айттым. Сөйтіп, әлгі ойыншықты сатып алғыздым. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Үйге келе салып анам өтірік айтқаным үшін қатты жазалады. Сол күнгі жеген таяғым әлі күнге есімнен кетпейді. Тағы бірде туыстарымыздың үйіндегі бір ойыншыққа қызығып, қайтарда қалтама салып кеткенім бар. Ол кезде де жазасыз қалған жоқпын. Мұндағы басты мәселе – анамның қырағылығында. Кішкентай зат болсын оның бізге қайдан келгенін дер кезінде біліп қойып, қатал әрі әділетті шешім қабылдап, ол затты орнына алып баруға үкім етуі. «Балаңды аясаң, аяма!» деген сөз бар қазақта. Кім білсін, егер де дер кезінде байқап, жазаламаса, әдетке айналуы да мүмкін бе еді?! Балалар көбіне мінезімен де, тағдырымен да ата-анасын қайталайды. Анам 18 жасында отбасылы болса, мен де жиырма жасымда шаңырақ көтердім.
Бүгінде 4 перзенттің әкесімін. Келіншегімнің есімі – Сымбат. Жоғары білімді, Еуропада оқыған. Абай атамыздың «Шығысым батыс боп кетті» дегеніндей, шығыстың да, батыстың да бай мәдениеті мен білімін бойымызға ұштастырып, енді сол білімді елімізге еңбек етіп сіңірсек деген жайымыз бар. Мен үйленгеннен кейін анамның көзі қызарып, көңілі түсіп жүрді. Әрине, көз жылағаннан қызарады. Содан кейін көңіл бұзылмай қайтсін?! Сөйтсем, бауырынан шықпаған баласын келінінен қызғанып жүр екен. Мың жерден есейіп, жар сүйгенде анамның алдында мәңгілікке перзент болып қалатынымды сонда сезіндім. Анам заманауи игіліктерден қалып кетіп немесе соған таңырқайтын қазақ емес. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі. Көлікті өзі жүргізеді. Әлеуметтік желідегі парақшаларын сауатты жүргізіп отырады. Немерелерін оқуына, басқа шаруаларға өзі апарып, алып келеді.
Содан кейін саяхаттағанды жақсы көреді. Шетелге барып келу – анам үшін көрші ауылға барып келген сияқты дүние. Анам отбасы үшін жаралған шаруаның адамы. Шетелге құр саяхат үшін ғана бармай, ол жақтан киім-кешек әкеліп, оны таныстарға сатып, кәсіп қыла алады. Анамның өте дәмді дайындайтын асы – манты. Шынында, ол кісінің әзірлеген мантысын анау-мынау мейрамхананың кәсіби аспаздары дайындай алмайтын шығар. Әлде мейірім, махаббатпен жасаған ас сондай бола ма, кім білсін?! Келіншегім біздің үйдің табалдырығын аттағаннан бастап сәлем салып, орамал тартып, былай айтқанда, «стажировканы» ойдағыдай өткізді. Оның бәрі еріккеннің ермегі емес, салт-дәстүрді білсін деген анамның көрегендігі, жөнді білгендігі деп ойлаймын. Қазір іссапардан келгенде бірден анаммен әңгімелесуге уақыт тауып, түннің бір уағына дейін сөйлесеміз.
Ана мен бала болып сырласамыз. Көбіне отбасының, жеке бастың мәселелерін ақылдасамын. Жұмысқа қатысты шаруалардың бәрін айта бермеймін. Әкеммен де кәдімгі дос секілді қарым-қатынастамын. Бала кезімде көлігіне мінгізіп алып, қала көшелерімен келе жатқанда ақыл-кеңестерін құлағыма құйып отыратын. Өмірде өз бетімше шешім шығаруға үйретті. 16 жасымда көлік жүргізуге рұқсат қағазын алып берді. Содан бері «ат үстіндемін». Марқұм атам совхоз директорлығынан бастап ірі қызметтерде болған кісі. Әулетті жұмылдырып, әлеуметтік мәселелерді оңай шешеді екен. Үйлену тойы немесе одан да басқа шараларды көптің білегін біріктіріп істейді екен.
Ол мінез әкемде де, менде де бар. Төңірегіміздегі жоқ-жітіктерге қол созу, қарамағымдағыларға қайырымды болу – ең басты ұстанымдарымның бірі. Қазақ ұл баланы «ұябасарым» деп жақсы көреді. Қызды «жатжұрттық» деп құрметтейді. Анам үнемі әпкеме де, қарындасыма да «Күйеулеріңді құрметтеңдер! Ер-азамат түз үшін жаратылған, қайда болдың деп мазасын алмаңдар» деп отырады. Үлкен қызым анама тартқан және қатты жақын. Анам қазір немерелерімен бақытты ғұмыр кешіп жүр. Қыздарымның анама тартқанын қалаймын.
Нұрсұлтан ТЕМІРХАН, облыстық мәслихаттың депутаты,
«Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры: