«Ауыл аманаты» әр ауланың берекесін кіргізеді
Бүгінде ауданда «Ауыл аманаты» жобасының арқасында бірнеше ауылдық округтің тұрғындары табысын арттырып, тұрмысын түзеуде.
Қарасаз ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасына 187 тұрғын құжат тапсырған. Жоба ауылдық округте бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Қарасаздықтардың дені жобаның екінші бағыты бойынша құжат тапсырып, бүгінгі күні 150-ден астам тұрғын өз кәсіпкерлігін бастаған. Қазіргі таңда тұрғындар төрт түлікті күтіп-баптап, кәсібінің нәсібін көру үшін еңбек етуде. Ал жобаның төртінші бағытымен «Қарасаз-2023» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған 184 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Алдағы уақытта кооператив құрамына кірген жеке кәсіпкерлердің ауыл сыртындағы жерлері игеріледі деп жоспарлануда. Кооперативке жаңа техникалар алу үшін 89 миллион теңгеге өтінім беріліп, нәтижесінде үш жаңа трактор алынған.
Алдағы уақытта кооперативке қажетті тағы да қосымша ауылшаруашылық техникаларын алу көзделуде. Бесінші бағытта кәсіпкерлікті дамыту үшін қарасаздықтардан үш өтінім түсіп, бір өтініш иесіне несие беруден бас тартылған. Алдағы уақытта өтінім берген тұрғындардың қаражаты түссе, ауылдағы кәсіп түрлерінің қатарына жаңадан жиһаз жасау және термопанель шығару секілді жобалар қосылатын болады. Ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы жобаның ауыл тұрғындарына берері мол екенін айтады. Оның сөзінше, ауылдық округте жоба арқылы 67 жас өз кәсібін ашқан. Ауылдық округтегі жұмыссыздар саны 30-ға кеміген. Сонымен қатар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар қатары да азайған. Яғни өткен жылы 20 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, биылғы жылдың І тоқсанында жеті отбасының өтініші қабылданған.
Жобаның арқасында ауылдық округте мал саны артып, тұрғындардың жағдайы жақсарған. Достияр Шопанбаев жобаның игілігін көріп отырған еңбекқор азаматтың бірі. Ол отбасылық тұрмыстық жағдайын арттыру мақсатында 2,5 пайызбен несие алуға өтінім беріп, қажетті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде талаптарға сай деп танылған өтініші мақұлданып, ол жоба аясында 4,5 миллион теңге несие алады. «Достияр» жеке кәсіпкерлігін ашып, берілген қаржыға мал бордақылау бағытында 60 қой және қажетті жемшөбін сатып алады. – «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауылдың тұрғындарына төмендетілген пайызбен несие беріледі дегенді естіп қуандық. Өйткені өзіміз ойлап жүрген ісімізді жүзеге асыру үшін еш жерден мұндай төмен пайызбен несие ала алмайтының белгілі. Әрі оны төлеу үшін бір жыл демалысы бар. Осы уақыт ішінде кәсібіңнің жұмысын жолға қойып алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қойларды үш сарайға бөліп қойдым.
Айгүл Қалымханқызы,
Жуалы ауданы