Руханият

Жаманқұмнан Жиембетке жеткен көш

Ел басына күн туған 1931-1932 жылдардағы нәубетті басынан өткеріп, аман қалған Үшарал өңірінің тарыдай шашылған тұрғындары келер жылдың көктеміне қарай жан-жақтан жиналып, ұжым-ұжымға қайта біріге бастады. Отызыншы жылдың басында «Жаманқұм» маңында 6 колхоз құрылған. №5 партия ұясының хатшысы Ауғанбай Әйменұлының ұсынысы бойынша аудандық партия комитеті Әмірбек Мұсабековты №17 ауылға өкіл етіп жібереді. Артынша ол №12 ауылдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Кеңес қарамағына «Ұзынтоғай» мен «Қаратоғай» колхоздары қарайды. Бұдан басқа сол төңіректен «Өрнек», «Кедейкөл», «Түгіскен», «Көккөл», «Ақжар», «Құрама», «Астаукөл» және «Теңдік» аталатын уақ колхоздар шаңырақ көтерді.

 Шаң басқан архив беттерін парақтап отырғанда 1933 жылғы 24 мамырда жүгері тұқымын тарату жөніндегі құжатқа көз түсті. Мұнда Үшаралдың «Жаманқұм» аумағына орналасқан «Алғабас» колхозына 25 гектар алқапқа себу үшін 6 центнер жүгері тұқымы босатылғаны айтылған. Аталмыш құжат бойынша «Көккөл» колхозы 20 гектар (4,80 центнер), «Құрама» колхозы 8 гектар (1,92 центнер), «Астаукөл» колхозы 8 гектар (1,92 центнер) және «Кедейкөл» колхозы 9 гектар (1.82 центнер) жүгері тұқымын алған. Сол сияқты Үшарал төңірегінде «Айнакөл», «Көккөл», «Ақжар» сияқты аттары суға байланысты қойылған ұжымдар болған. Ол кезде Талас пен Аса өзендерінің төменгі ағысы тоғысқан тұста көлдер көп болған. Оның жалпы саны 60-тан асқан көрінеді. 1936 жылға дейін Шалабай тоғанынан 6 колхоз су ішетін. Жазға салым көл етегіне азын-аулақ егін егіледі. Әр адамға 0,25 жүздік жер телімін бөлу қарастырылған. Әр гектарға 130 қадақ дән себіліп, одан 9-10 центнерден өнім алу көзделген. Жер бір тісті жерағашпен өңделеді. Колхоз күш-көліктен жұрдай. «Көккөл» колхозында Шәрдербектің жалғыз аты мен Әмірбектің сарыала сиыры бар. Жерағаштың бір жағына бурыл ат, екінші жағына сары сиыр жегіледі. «Құрама» колхозы 1932 жылы құрылған. «Көккөлде» 74 ер адам бар еді. Соғыс басталғанда армия қатарына алынған 72 адамның үш-төртеуі ғана елге аман оралды. – Ара-тұра қасымыздағы совхоздан күш-көлік алып тұрамыз. Есесіне түрлі науқандық жұмыстар кезінде көмекке адам жібереміз. Малдың жүрген жері – береке, сүті – тамақ. Сол тұста ауылдарды суы мол жерге көшіру жайлы сөз қозғала бастаған. Елді басқа жаққа көшірейін десе, «Талас» совхозында жұмыс қолы жетіспейді.

Қастарында «Ақжардың» бір адамы бар. Мақсаттары – суы мол Жиембет өңірінен жер шолып, жайлы қоныс іздеу. Алғаш «Ақжар» колхозы «Тескентоған» тұсына келіп орналасты. Арғы шеті – жамбайлардың байырғы қонысы. Колхозға әр жылдарда Емберген Найзакеев, Құдайберген Қайырлапов деген азаматтар жетекшілік етті. «Көккөлге» Ә.Мұсабеков басшылық жасады. Бұл артель әсидайынның (орыстың «оседающий» сөзінен шыққан) арғы жағына, «Таласопыр» мен Бостандықтың тең ортасына 15-16 үй болып жайғасты. Ал «Құрама» колхозы қазіргі Талаптыға түпкілікті орын тепті. Ең әуелі 9 үй көшіп келді. Солардың арасында қатардағы колхозшы, ағайынды Әуелбайұлы Дәулет пен Керімбек бар. Алғаш келгендердің бірі – Оспан Диқанбаев өмірінің соңына дейін мұрап болып істеді. Алғашқы тракторшылардың бірі –Алдабергенов «ХТЗ» тракторын тізгіндеді. Жиембет тоғанын салғызуға мұрындық болған Барбол Тоққожаев – бастық, «Бірлік» колхозының азаматы Сапақ – су маманы. Көктемде Әулиеатадан 96 түйеге артылған тұқым жеткізілді. Кіре тартатын- наймандар. Оларға өкімет ақшаны банк арқылы төлейді. Сол жылы үш колхоз 50 гектар мақта, 100 гектар ақ егіс екті. Күзгі жиын-терін кезінде диқандар бұрын-соңды алып көрмеген өнім жинады. Тарының түсімі 19 центнерден айналып, колхозшылар 100 килограмнан еңбеккүн алып, қарық болды. Сол жылы ауданда есте қалар ерекше оқиға болды. Жаздың аяғына қарай Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов қызметтік сапармен Талас ауданына маңдай тіреді. Мұндай атынан ат үркетін республикалық деңгейдегі басшының келуі елді елең еткізді.

Ауданда партия активін өткізген құрметті қонақ ертесіне ат басын Жиембеттегі «Таласопыр» байлауына бұрды. Мақта терімі бастала қоймаған кез. Ұзақбай Құлымбетов бойшаң, денелі, бозғылт-сұр түсті кісі екен. Оның қасындағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы аласа бойлы Р.Мұхамедияров балаша жүгіріп жүр. Араларында аудандық атқару комитетінің төрағасы Ахметов те бар. Халық оның дене бітіміне қарай «Ұзын Ахметов» деп атап кеткен. Жиналғандар арасында Ақөзек ауылдық кеңесінің төрағасы Қуандық Дәулетов. Жиембет тоғаны құрылысын салғызуға мұрындық болған Барбол Тоққожаұлы, «Бостандық» колхозы партия ящейкасының хатшысы Дәмен Қуандықова, «Көккөл» және «Құрама» колхоздарының бастықтары Әбдікерім Райқұлов пен Әмірбек Мұсабаевтар бар. – Ең алдымен топ ішінен Дәмен Қуандықова шығып, мәртебелі мейманмен қол алысып амандасты. Содан кейін басқа жұртқа кезек келді, – деді Әмірбек қария. Жиембет төңірегіндегі колхоздардың жай-күйін сөз еткен соң республика басшыларының бірі жаңадан көшіп келіп жатқан үш колхоз басшысын алға шақырып, үстін-үстін сұрақты жаудырды. – Бұл жерге қайдан келдіңдер? – Үшаралдағы Жаманқұмнан... – Екі арасы қанша шақырым? – Шамамен 70-80 шақырым. – Ата-баба моласы қай жақта? – Ескі қорым Жаманқұмда қалды. – Бұл елден қандай жаңалық көрдіңдер? – Бұрын жер жағдайына байланысты аздап ақ егіс егумен айналыстынбыз. Енді мақта өсіруді үйрене бастадық.

– Өкімет тарапынан қандай жәрдем, көмек бар? – Адам қолы жетіспей жатыр. Колхозшылардың көбі ауылда қалды. Көшіміз баяу жылжуда. Өзімізде күш-көлік пен арба болмаған соң сырттан арбакеш жалдаймыз, – деді «Көккөл» колкозының бастығы. – Жалдаған арбакешке ақысын кім төлейді? Ақшасын қайдан табасыңдар? – деген сияқты сұрақтарды жаудырған Ұ.Құлымбетов жағдайға жан-жақты қаныққан соң аудан басшыларына шүйлікті. – Көшкен елдің жартысы –мында, жартысы – анда, 70-80 шақырым шалғайда жатыр. Тұрақты мекені жоқ елде қандай береке болмақ? Көшті ертерек аяқтау керек. Алда түрлі науқан тұр. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Күн жылыда әр үй баспана тұрғызып, етек-жеңін жинаулары керек, –деп сөзін жинақтаған соң Ұзақбай Құлымбетов аупартком хатшысы Мұхамедияровқа тіктей қарап: – Рақымжан, ауданда қанша жүк көлігі бар? Барлық мекеме машиналарын жаппай мобилизациялау керек, –деді. – Тоғыз. – Жолдас Тараканов, совхоздағы машина қанша? – Ұзақбай Желдірбаевич! Шаруашылықта машина саны – 30, оның бәрін көмекке жібереміз, – деп нақты жауап берді «Талас» совхозының директоры. Бұдан кейін Өкімет басшысы: – Елді түгел көшіруге неше күн керек? – деп аупартком хатшысына сұрақ тастады.

– Ұзеке, бір апта жетеді, –деді ол сасқалақтап. – Мен саған үш күн қосып беремін. Он күн болсын! –деп кесіп тастады. – Бұдан басқа айтатындарың бар ма? – деді ол үш колхоздың басшысына көз тігіп. – Жоқ. Жоқ... Одан кейін «Құрама» колхозының төрағасына қарап: – Он күн күт. Егер уәде орындалмаса, маған хабарлас. Менің адресімді білесің бе? – «Социалды Қазақстан» газеті..., – деп келе жатыр еді, сөзін бөліп: – Дұрыс. Газеттің атына жазсаңдар, менің қолыма тез тиеді, – деп сөзін аяқтады. Өкімет басшысы нақты-нақты сұрақтар қойып, күрмеуі қиын мәселені тез арада шешіп тастады. Бұл Ұ.Құлымбетовтің республиканы басқарудағы мол тәжірибесі мен іскерлік қасиетін анық танытты. Өкінішке қарай, көп ұзамай аузынан шыққан әр сөзін алтынға балап құрдай жорғалайтын газет редакторларының сөз сыңайлары күрт өзгеріп сала берді. Кешегі Өкімет басшысы Ұзақбай Құлымбетов туралы басылымдарда небір балағат сөздер жазылып, оған «халық жауы» деген айдар тағылды. Талас ауданына ресми сапармен келген Ұ.Құлымбетов арада бір ай өтер-өтпестен, яғни қыркүйектің 27-сі күні қамауға алынды. Ел ішінен тынып, бір-бірінің бетіне тіке қараудан қалған. Өз-өзінен сескенетін дәрежеге жетті. Әсіресе Ұ.Құлымбетовтің қолын алып амандасқандарда зәре-құт қалмаған. «НКВД-ның адамдары қай күні алып кетер екен?» деген қорқынышпен, үреймен күн өткізді. Көп ұзамай бұл қауіп шындыққа айнала бастады.

Қыркүйектің орта шенінде Жиембет тоспасында еңбек ететін жеті мұрап күн сайын біреуден, екеуден тұтқындала бастады. Ұ.Құлымбетовтен «Халық гидротехнигі» деген мақтау естіген Барбол Тоққожаев Әулиеата қаласында ұсталып, түрмеге тоғытылды. Бір айға жетер-жетпесте ату жазасына кесілді. Енді Талас ауданына келген қысқа сапарына өшпес із қалдырған Өкімет басшысы жайлы қысқаша дерек келтіре кетейік. Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезіндегі Аманкөл болысында өмірге келген. Ол үш жылдық ауыл мектебін, одан кейін Ырғыз­дағы орыс-қазақ училищесін, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курсты бітірген. 1912 жылдан Торғай, Ырғыз ауылдарында орыс тілі мен әдебиеті және математикадан дәріс берген. Ұзақбай 1918 жылдан бастап саяси өмірге араласып, Ырғыз ауданын басқарған. Ақтөбе губерниялық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, 1923-1925 жылдары Ақмола губерниясы атқару комитетінің төрағасы болды. Осы жылдарда Ақмолада жұмыссыз кедей жастары үшін арнаулы губерниялық курстар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар панасыз балаларды есепке алу, жұмысқа, оқуға орналастыру қолға алынды. Нәтижесінде бірнеше балалар коммунасы ұйымдастырылды. Ол жаңа кен орындарын ашу, зауыт-фабрика салу ісіне де қатынасқан. Өмір жолына үңілсек, 1926 жылы Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесі Жоспарлау комитетінің төрағасы болды. Халық комиссарлары атқару комитетінің орынбасары, сыртқы және ішкі сауда Халық комиссары қызметін қоса атқарған. 1930-1934 жылдарда Халық комиссарлары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1935 жылдан Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төрағасы болды. Ұ.Құлымбетов қай қызметте жүрсе де ұлт мүддесін ойлаған, ұлты үшін қызмет істеген. Тарихшылар Ұзақбай Құлымбетовтің қайраткерлігін жоғары бағалайды. Мәселен, Талас Омарбеков: «Ұзақбай Құлымбетовті Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқты қайраткерлердің қатарына қосу керек»,– десе, М.Қойгелдиев: «Өткен ғасырдың 20-30-жылдары Қазақстан­ның жер байлығын жасырын бөліске салғысы келген Орталықтың өктемдігіне қарсы тұрған қайраткердің бірі – Құлымбетов», – дейді. Расында да 1925 жылдың 9-11 сәуірінде өткен Өлкелік партия комите­тінің ІІІ пленумында Ұ.Құлымбетов «Қазақстандағы өнеркөсіптің жайы және оны дамытудың шаралары туралы» деп аталған баяндама жасады. Ол баяндамасында республика өнеркәсәбін өркендетпейінше елдің экономикалық әлеуетін жақсарту мүмкін емес екенін айтты. Жаңа қуат көздерін іске қоса отырып, жергілікті бай шикізаттарды пайдаға асыратын шағын кәсіпорындар жүйесін қалыптастырып, оны нығайту міндеттерін ұсынды.

Ол Атбасар, Риддер, Екібастұз мыс комбинаттарын қайта іске қосу жөніндегі өзекті ойларын ортаға тастады. Елек тұз өндіру кәсіпорнын игере отырып, Ембі мұнай кәсіпшілігінің қуатын барынша арттыруды және келешекте сол жерден мұнай өңдеу зауытын салуды көпшілік назарынан тыс қалдырмады. Елде малшаруашылығын жан-жақты дамытумен бірге, жүн мен тері-терсекті өз жерімізде өңдеу, сондай-ақ былғары, тері илеу, тоқыма өндіріс орындарын ашу жөніндегі бағдарламасын алға тартты. Ол сонымен бірге РСФСР Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің алдына Бозбие, Аққара және Жітіқара алтын кеніштерін Қазақ республикасына қайтару жөнінде мәселе көтерді. «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 1 мамырдағы санында жарық көрген мақаласында Ұ.Құлымбетов: «Дұрысында, біздің Орталықтан алғанымыздан гөрі бергеніміз көп.

Шындап келгенде Орталықтан алмауға да, бермеуге де тұрамыз. Оған Орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы босатсын», – деп, батыл мәселе қозғаған. 1936 жылы республикада тұралаған ауылшаруашылығын қайта көтеру шаралары қызу жүріп жатты. Сол жылдың 10-қаңтарында республика Халық шаруашылығы Комиссарлар кеңесі Моңғолиядан асылтұқымды түйе әкелуге қаулы қабылдады. Сол қаулыны жүзеге асыру үшін Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Моңғолиядан 8 мың бас асылтұ­қымды түйе әкелуді қолға алды. Ойсыл­қара түлігі­нің қыр-сырын жетік білетін маман Тел Жаманмұратовты жанына ертіп, Мәскеу арқылы Моңғолияға жол тартып, елге сегіз айдан кейін оралады. Арада бір жыл өткенде бұл сапар бұрыннан қыр соңынан қалмай, басқан ізін аңдып жүрген қарсыласы Киселевтің жазған арызына «азық» болды.

Ол Мирзоян мен НКВД «үштігінің» атына «Құлымбетов пен Т.Жаманмұратов аса күдікті адамдар. Олар Моңғолияға барғанда жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды Одақтан бөліп әкету жолдарын қарастырған» деген жалалы хат жолдайды. Бұл кезде Кеңестер Одағы мен Жапонияның арасы қырғиқабақ жағдайда еді. Ілік таппай аласұрған НКВД қызметкерлері жалған дабылға қуанғаннан шындық ретінде қабылдады. Бұрынғы «Құрама» колхозының атауы он жылда үш рет өзгерді. Құрама аталуының өзіндік себебі бар. «Көккөл» колхозында кілең ошақтының аталығынан тараған ұрпақ тұрды. «Ақжарға» байсарылар топтасқан.

Тасжүрек пен қоңыр тармақтары бір колхозға біріккен соң өздерін «Құрама» деп атады. Аудан басшылары тарапынан «Құрама» атауына ескерту жасала берген соң колхоздың атына сәл-пәл өзгеріс енгізген ауыл тұрғындары сол кездегі республика басшыларының бірі Ізмұқан Құрамысовтың есіміне ауыстыра салған. Артынша қуғын-сүргін жылдарында ел тізгінін ұстаған басшылардың бәрі сотталып, «халық жауы» қатарына ілікті. Аудандағы Ежов, Мирзоян, Елтай, Голощекин атындағы колхоз аттарына өзгеріс енгізіле бастады. 1939 жылы колхоз бастығы Әбдікәрім Райқұлов колхозшылар бас қосқан жиында: – Қазақта «Талапты ерге нұр жауар» деген мақал бар. Тағы да халқымыз «Талапты жетер – мұратқа» дейді. Сондықтан колхозымыздың атын Талапты қояйық», – деп ұсыныс тастады. Бұл ұсынысты көпшілік құп алып, колхоз «Талапты» атанды. Сол уақытта Талаптыда 70-80 үй болды. Сексенінші жылдарда «ДЭУ» кеңсесі тұрған жерде кірпіш зауыты орналасты. Қаладан Заябин деген өзбекті көшіріп әкелді.

Әйелінің аты – Қасиет. Баласы Нуридин мұндаға дейін әкесінің тері тамған жерден қол үзген емес. Кешегі өтпелі кезеңде біраз уақыт «Бостандық» ауылында иесіз қалған мәдениет үйін жалға алып, мейрамхана ашып, көпшіліктің алғысын алды. Әйелдер кірпіш құйды. Ер кісілер отын дайындайды. Алғаш шикі кірпіштен пештің сұлбасын қалай бастағанда көпшілік ата-бабадан қалған салт бойынша садақа беру ырымын жасады. «Қой сойсақ, арыз жазыла ма екен?» деген қауіппен тауық бауыздап қан шығарды. Пешке үш күн, үш түн от жағылды. Бір апта суытылды. Екі жағында есігі бар. Шеберлер кірпіштің сапасын арттыру үшін ара-тұра пешке жүн тастап тұрды. Колхоз бастығы Әбдікерім күйдірілген кірпіш дайын болғанда, ең алдымен, монша мен қамба салуды қолға алды. Содан кейін мектеп пен кеңсеге кезек келді. Артынша ошақтының екі атасы тасжүректер мен қоңырлар бөлініп, екі көше бойына үй сала бастады. 1937 жылы ауыл ортасынан су диірмен бой көтеріп, 1952 жылға дейін жұмыс істеді. Төңірегіндегі кішігірім футбол алаңындай жерге түгел тал-дарақ егілген. Жазда жап-жасыл болып жайнап алыстан көрінетін. Арық жағалары да тал-дараққа толы. Диірменнің тізгінін Құлеке қария ұстады. (Қазіргі ел аузына іліккен Құлекееевтер сол кісінің ұрпағы). Игі шаралар бұдан әрі де жалғасын тапты.

Соғыс кезінде екі бірдей ұлынан айырылған Жүзбай ұста іштегі бар қайғы-шерін басу үшін тынбай жұмыс істеп, өзен үстінен бөренеден көпір тұрғызды. Қырқыншы жылдарда Талапты ауылы аудандағы көркейген елді мекенге айналды. Архив құжаттарын парақтап отырғанда қызықты жайдың ұштығын кезіктірдік. Бір шетке орналасқанына қарамастан, аумағындағы төрт-бес колхоздың басын біріктірген Бостандық ауылдық кеңесінің орталығы Талаптыда орналасқан екен. Бұл – ауылдың көркеюінің айғағы. Ғұмыры қысқа болған колхоз бастығы Әбдікерімнің көптен көксеген ойы орындалмай қалды. Ол науа арқылы өзеннің сол жағалауына су жеткізіп, тың жерді игеруді мақсат етті. 1946 жылғы аудандағы жаппай қуғын-сүргін кезінде «Көккөл» колхозының бастығы Әмірбек Мұсабеков орнынан алынып, темір тордың арғы жағына тоғытылды. Тырнақ астынан кір іздеген аудан басшылары мен тергеу органдары тарапынан «Талаптының» төрағасы Ә.Райқұловқа да болмашы кінә артылып, қызметінен босатылды. Оны артта қалған көрші колхозды басқаруға жіберді. Талаптының тізгінін Әбдірахмет Құлекеев ұстады. Өкінішке қарай, келер жылы Әбдікерім ауыр науқастан көз жұмып, өмірден озды. Дегенмен ол кісінің орындамай қалған арманын ауылдың кейінгі буыны қырық жылдан кейін жүзеге асырды.

Тоқсаныншы жылдардың басында талаптылықтар өзеннің сол жағалауына қуатты су сорғыштар орнатып, арғы беттегі тың жерлерге тары мен қауын-қарбыз егіп, мол өнімге кенелді. Олар осы күнге дейін игі істерін жалғастырып, қауын-қарбыз өсіруде. Жыл сайын тамыз айында Тараздың базарларында «Талаптының» дәмі тіл үйірер тәтті қарбызына деген сұраныс артады. Шырын қарбыз ауылдың брендіне айналған. Облыстың кейбір диқандары алдарындағы өткере алмай жүрген өнімдерін жорта «Талаптының қарбызы» деп өткізуге тырысады. Елуінші жылдардың басында уақ колхоздарды ірілендірген кезде «Жаманқұмнан» қоныс аударған «Ақжар» колхозы түгелдей ата-баба мекені –Үшаралға бет бұрды.

«Көккөл» колхозының тең жартысы да ескі қонысқа қайтты. Қалған жартысы «Талаптыға» тұрақтады. О баста қолайлы қонысқа орын тепкен «Талапты» ауылының тұрғындары тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнен қиналмай өтті. Қасындағы көршілері нанға зәру болып, қорадағы қойларын бір қап ұнға айырбастап жатқанда қамсыз өмір сүрді. Қамбаларынан дән, қораларынан мал үзілген жоқ. Жемшөптері жеткілікті болды. Одан беріде де отыз жылдан аса уақыт өтті. Байырғы халық туған жерден қол үзбей, тұрмыстары түзелген соң аулаларынан жаңа үлгідегі зәулім үйлер соға бастады. Бұл күнде шалғайдағы шағын ауылда орта мектеп жұмыс істеп тұр. Әр үйге орталықтандырылған су құбыры, газ тартылған. Ауыл шетінен спорт кешені бой көтерген. Осыдан 90 жылдай бұрын «Жамантұздан» жақсы тұрмыс құру үшін көш басын Жиембетке бұрған колхозшылардың ұрпақтары бұл күнде «Талапты» ауылының көсегесін көгертуде.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист,

Талас ауданы, Талапты ауылы