Мен көрген Дубай
Дубай – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі колоритті қала. Ол әлемдегі ең қауіпсіз ел әрі сол елдің қаржы орталығы. Біз барған бірінші күні Біріккен Араб Әмірліктері нөсерлетіп қарсы алды. Мұнда жауын бір жауса тоқтамай төпелетеді екен. Жер дүниеге толарсақтан келер су жиналып, айнала шағын көлге айналған. Көліктер мен адамдар суды кешіп өтуге мәжбүр. Мұны көріп аздап көңіл күйіміз түскенмен, артынша ел көру, жер көру мақсатымен келгенім есіме түсіп, жадырап сала бердім.
«Әл Барша» ауданындағы «Әл Барша» қонақүйіне тоқтадық. Айтпақшы, көбіне құрғақшылық қысып, амалсыз жасанды жауын шақыратын елде біз барған күні нөсердің өздіген құйып салғанын жақсылыққа баладым. Қонақүйдің кіреберісінен Дубай әмірінің әке салған жолды жалғастырып келе жатқан шейх Мохаммед ибн Рашид әл-Мактумның портреті ілініп тұр. Тек қонақүйде ғана емес, жер үйлердің сыртқы дуалына да ілініпті. Бөлменің ішінде міндетті түрде Құран кітабы мен жайнамаз болады екен. Ал енді неліктен Дубай әміршісінің портреті көрнекі жерлерде ілулі тұр? Неліктен араб халқы бұл жанды құрмет тұтады? Соған тоқталайын. Жалпы БАӘ жеті әмірліктен тұрады. Әр әмірлікті жеке ел ретінде қарастыруға болады.
Әрқайсысының өз заңы, рәміздері, астанасы бар. Біздің тоқтаған жеріміз – Дубай қаласы. Ендеше Дубай қалайша бай қалаға айналды? Дубайдың байлығына мұнай себеп деп ойлауыңыз мүмкін. Рас, БАӘ-де мұнай өндірісі жақсы дамыған. Бірақ ондағы мұнай қоры 5 пайыз ғана. Дубай әмірі Мохаммед ибн Рашид әл-Мактум аз мұнай көпке жетпейтінін сезіп, бұл байлықтың әр тамшысынан түскен табысты инфроқұрылым мен туризмге құяды. Одан соң «Jafza» сауда алаңын құрады. Мұнда шетелдіктер кәсіп ашса, салық төлемейді. Бизнесті қалай жүргізсе де өзі біледі. Осыдан соң әлемдегі ең мықты брендтер Дубайға келіп, қазір бұл қала әлемдік үлкен қаржылық орталыққа айналған. Туристерді қызықтыру үшін әлемдегі ең биік ғимарат «Бурдж Халифа» мен танымал «Бурдж әл- Арабты» салады. Одан кейін қызмет саласы мықты «Эмирейтс» әуе компаниясын ашып, Дубай әуежайын салады. Қазір «Эмирейтс» жылына 50 миллион жолаушы тасымалдайды. Дубайға келер турист те көп. Былтыр мұнда келген шетелдіктер саны 15,3 миллион болыпты. Бүгінде Дубайға ақша өздігінен ағылып келуде. Қаланың өз халқы өте бай. Қызмет көрсету саласында тек шеттен келгендер жұмыс істейді. Араб пен араб үйленсе, мемлекеттен үй беріледі. Жаңа туған балаға мұнайдан түскен табыстан жасы 18-ге толғанша түсіп тұрады.
Бала кәмелеттік жасқа толғанда есепшотында 100 мың АҚШ доллары жатады екен. Енді ойлап қараңызшы, халқын ойлаған басшыны жұрт құрметтемей қайтсін? «Әкім бол, халқыңа жақын бол» демекші, тіпті сырттан келгендердің де өз кәсібін ашып әрекет етуге жағдай жасап қойыпты. «Жұма – мұсылмандардың мерекесі» деген сөздің нағыз төркінін осында келіп түсіндім. Мұнда жұма күні әкімшілік басқару қызметтері жұмыс істемейді екен. Тек қызмет көрсету саласы ғана тынбайды. Бұл күні кішкентайларға, ата-анаға сыйлық сыйлап, жаңа киім киіп, мейрамханалар мен ойын алаңдарына, жағалауға барып көңіл көтереді екен. Өзге жұрттар оларға қызмет етеді, өздері шалқып әрі әдемі өмір сүреді екен. Қала тіршілігі соншалықты қауіпсіз. Ұрлық түбімен жоқ. Ұрлаған немесе пара алған адамның жазасы – өлім. Барлық жерде бейнебақылау. Ал өзге елден қыз алса, Құраннан емтихан тапсырады екен. Гардероб, әжетхана – біле білгенге мәдениеттің нағыз басы. Елімізде жол жүріп сапарлатсақ, әсіресе Астанаға шыққанда қажетін өтеу үшін адамдар жол бойындағы лас дәретханаға ақша төлеп кіріп жүр. Я болмаса әжетхана мүлдем жоқ. Ал Дубайдағы дәретханалар тегін. Ішінің дизайны біздің елдегі кей мейрамханалардың интерьерінен қымбат. Тап-таза. Әр адам кіріп-шыққан сайын тазалықшылар сүртіп отырады. Яғни мұсылман мемлекеті болған соң дәрет алуға бар жағдай жасалған. Шығаберісте намаз оқуға арналған бөлмелер бар. Бөпелерге арналған бөлмесі бөлек. Келе салысымен сафари турға бардық. Алқызыл ма, әлде қоңырқай ма, жұмсақ төселген құм мүлгіп жатыр. Ұстасаң сусылдап тұр. Шіркін, өркеш-өркеш болып ен далаға созылып жатыр. Мұнда жеткенше мидай даланы көріп келдік.
Тура Қазақстанның кең сахарасы көз алдыма келді. Жазық даладан, желі топырақ пен қызыл құм суыратын жерден әлемге танымал әйгілі алпауыт қала бой көтерді. «Қалай?» деп өз-өзіме сұрақ қойып келем. Мұндай жазық құм Жамбыл облысында, Мойынқұмда да бар ғой. Бетпақдала жазығына қарай шықсаңыз сайын далаға сұқтана қарайсыз. Иен далада өскен сексеуіл, тобылғы әр жерден көрініп, жеткенше таза ауамен тыныстайсыз. «Шіркін-ай, әрі егіс, құмы өріс Мойынқұмның қызыл құмын сафариге айналдырсақ қой» деп бір сәт қиялға қанат бітіріп, армандап үлгердім. Дубайдағы сапарымда оқушыларды тасымалдайтын сары автобустарды көп кезіктірдім. Сол автобустар жақында ғана жамбылдық оқушыларға да берілді. Қуанғаным ай! Біздің елге де бұрын болмаған игілік бұйыра бастады. Ертесі Дубайдағы ғажайыптың бірі – «Miracle Garden» гүл бағына бардық. Кіру ақысы адам басына 95 дирхам алады екен. Бұл теңгеге шаққанда 12 мыңдай болады. Ғажайып бақ аумағы 74 мың текше метр екен. 2013 жылы 14 ақпанда ашылған бақта жүз елу миллиондай түп гүл бар. Ал кешкі уақытта «Global Village» көрме ойын-сауық кешеніне табан тіредік. Бұл жер сағат 18:00-ден 24:00-ге дейін ғана жұмыс істейді екен. Жаздың аптап ыстығында тіпті жұмыс істемейді. Бұл жәрмеңкеде 50-ден астам павильон бар.
Әр елдің аты жазылып, сол елдің түрлі бұйымдары саудаланады. Мұнда түрлі ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетіне ерекше мән берілген. [gallery size="large" columns="1" ids="24785,24786" orderby="rand"] Елдің қоғамдық көліктері де ерекше. Кондиционері бар автобустар, паромдар, таксилер көп. Ең танымалы – метро. Мұнда барлық пойыз автоматтандырылған. Машиниссіз жұмыс істейді. Әр пойыз бес вагоннан тұрады екен. Біз күміс карта алдық. Алтын картаны сол елдің тұрғындары пайдаланады екен. Ал туристер күміс картаны пайдаланады. Жол жүру картасын төлқұжатыңызбен жасатасыз. Ішінде кем дегенде 20 дирхам болу міндеттелген. Бір қызығы, әйелдер мен балалар бөлек вагонға, ерлер бөлек вагонға отырады. Туристер тіпті бөлек вагонмен жүреді. Естен кетпейтіні сол, біз айыппұл арқалай жаздадық. Білместікпен алтын вагонға мініп қойыппыз.
Егер мұнымызды сақшылар білсе, Дубай әкімшілігі бізге жүз дирхам айыппұл салар еді. Бағымызға орай, мұны сондағы жолаушылар ғана білді. Гиннестің рекордтар кітабына енген биіктігі 828 метр болатын «Бурдж Халифаны», биші фонтанды да көрдік. 2022 жылдың ақпан айында ашылған Дубайдағы тағы бір ерекше ғимарат – «Болашақ» мұражайы. Бір жыл ішінде мұражайды әлемнің 163 елінен миллионға жуық адам тамашалаған. Мұражайдың әр қабатында интерактивті көрме бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған – болашақта ғарышты игеру, экологиялық мәселелер мен климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау саласындағы инновациялар мен рухани даму. Мұражайдың бірінші қабатында ойын алаңы бар. «Болашақ» мұражайына баруды алдын ала жоспарлап, билеттерді кем дегенде екі апта бұрын броньдау керек екен. Мен бұл мұражайды бас қаламыз Астанадағы EXPO павильонына ұқсаттым. Бұл саяхат мен үшін үлкен терапия болды. Ол дегеніміз, әлемді тану арқылы өзіңді тану. Хадисте Мұхаммед пайғамбар «Саяхаттамасаң, білемін деп айтпа» деген екен. Сондықтан саяхат әр адамға қажетті жорық. Сан алуан әлемді көзбен көрудің маңызы зор. Жаратушы оны бізге түсініп, тану үшін берген. Ел ішіндегі туризм дамыса екен деген ой, Тараз туристік қалаға айналса екен деген тілек Араб түбегінен шыққан ұшақ туған жерге табан тірегенше көкейде тулап қоя берді.
Эльмира Байназарова