Балабақшаға қойылар талап КҮШЕЙТІЛЕДІ
Балабақшаға қойылар талап КҮШЕЙТІЛЕДІ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізу қажеттігін айтқан болатын. – Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды, – деген Мемлекет басшысы жеке сектордың әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын да тілге тиек еткен еді. Президент: «Нәтижесінде қауіпсіздік, жұмыс сапасы қадағадан қалыс қалмау керегін ескертіп, нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді. Бұл мәселе біздің облыста қалай жүзеге асырылатыны жайында білу мақсатында облыс бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінен сұрадық. – Балаларға балабақшадан орын тапшылығы болғандықтан, 2011 жылдан бастап жаңа балабақша ашылғанда Заңға сәйкес ғимаратының жағдайы ғана қаралып, рұқсатнама беріліп келді. Яғни педагогикалық кәсіби жағдай, ішкі жұмыс жоспарлары қаралмай, тек материалдық мүмкіндігі ғана назарға алынды. Кейін біздің департаменттің тексеруіне мараторий жарияланды. Тек баланың өміріне, денсаулығына нұқсан келетін жағдай болғанда ғана министрліктен рұқсат алып, бара алатынбыз. Бірақ кейінгі кездері балабақшада орын алған түрлі жағдайларды естіп жүрміз. Әрине, көбейіп кетті дей алмаймын, бірақ мемлекеттік тапсырыс алып, ашылған жекеменшік балабақшалар көбейіп кетті. Оларға қоғам тарапынан сын да көбейді. Міне, осындай мәселелерден кейін балабақшаларды қайта лицензиялау министрлікте қозғалуда. Балаларды тәрбиелейтін орынның материалдық, қызметтік, жан-жақты сәйкестігі қаралып, бір-ақ рет лицензиялаудан өтеді. Яғни лицензия алу – мемлекеттің, ата-ананың алдында өзіне жауапкершілік алады деген сөз. Бұған дейін жауапкершілікті ешкім алмайтын. Балабақша ашып, мемлекеттен тапсырыс алып, жұмыс істей беретін. Міне, енді балаларды қауіпсіз ортада тәрбиелеп, жасына лайық білім беруге сай балабақшаның жауапкершілігі арттырылатын болды. Қайта лицензиялаудан қорқатын ештеңе жоқ. Тек барлық жағдайы талапқа сай келсе, жұмыс сапасын көрсете алса жеткілікті. Лицензиялау алдымен жаңадан ашылатын, содан соң шағым түскен балабақшалардан басталады. Осылай өз ретімен жүргізіледі, – деген департамент басшысы Дәмеш Ускембаева көп жерлерде нағыз кәсіби педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі барын да айтты. Аталмыш департамент тарапынан жасалатын аттестаттау кезінде ата-аналардың пікірі сұралады екен. Бірақ ол да кейде шынайы болмайтын көрінеді. – Аттестаттау кезінде ата-аналардың пікірі сұралады. Бірақ оны да мекеме қызметкерлері ата-ананың атынан өздері жазып жібереді. Біз оны көрсетілген телефон нөміріне хабарласқанда біліп жатамыз, ондай сауалнама алынғанынан ата-ана бейхабар болып шығады. Біз барлық аттестаттаудан өтетіндердің ата-аналарынан сауалнама алып жатқан жоқпыз, тек бітіруші топтардың ата-аналарынан ғана «Сіз осы балабақшаның көрсеткен қызметіне көңіліңіз тола ма? Балаңыз білім алды ма?» деген мағынада сұрау саламыз. Бұлай сұрауымыздың себебі – баланың білім жолындағы алғашқы қадамы балабақшадан басталатындықтан. Бала балабақшаға тек ойнау үшін бармайды, ойын арқылы, тәрбиешінің әр іс-әрекетінен, сөзінен бойына білім жинауы керек. Жасыратыны жоқ, кейбірінде интерактивті тақта немесе теледидардан мультфильмді қосып беріп, балаларды қараусыз қалдыратындар да бар. Ал мектепке дейінгі мекемелердің негізгі мақсаты – өмірден бейхабар сәбилерді қоғамға бейімдеп, білімнің бастапқы деңгейлерін бала бойына сіңіру, – дейді Дәмеш Шайхықызы. Бүгінде облыста білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің тіркеуінде 552 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар. Оның 358-і мемлекеттік болса, 194-і жекеменшік. Ал 417-сі балабақша, 135-і шағын орталық. Биылғы жарты жылдықта 24 мектепке дейінгі ұйым аттестаттауға қатысып, үшеуі өтіп, 21-і алғашқысынан өтпей қалған. Сол 21-дің ішінде екеуі екінші рет аттестаттаудан да өте алмапты. – Қайта лицензиялауды түсінбей жатқандар негізінен бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған балабақшалар. Министрлік тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұдан үлкен мәселе тудырудың қажеті жоқ. Лицензиялауға қойылатын талаптар қоғамда, жекеменшік балабақшалардың ассоциациясымен талқыланып, ұсыныстар ескеріліп, әбден зерделеніп барып бекітіледі. Егер лицензиялауға кіретін бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан балабақшаларда талапқа сай келмейтін тұстары болса, ескертіліп, түзетуге уақыт беріледі. Бірден жауып тасталмайды. Бұл олардың жұмысын жандандыруға үлкен көмек деуге болады. Аттестаттаудың алғашқысынан өте алмай қалғандардың ішінде ескертілген кемшіліктерін жөндеп, толықтырып, қайта өткендер бар. Олардың басшылары «Нендей мәселеге назар аударуымыз керегін көрсетіп бергендеріңіз бізге үлкен көмек болды» деп ризашылықтарын білдіріп те жатады. Өте алмағандар көбіне жұмыс жоспарларынан кемшін түсіп қалады. Жоспардағы жүктемелерді дұрыс алмау, толық қамтымау секілді кемшіліктерді жіберіп алады. Оқу жоспарында берілетін белгілі тақырыптардың оқу жүктемелері, бағыттары, сағаттарын дұрыс орындамаудан қателесіп жатады. Сол күнгі тақырыпты балалар түсініп игеретіндей ойыншықтар, көрнекілік, дидактикалық материалдар болуы керек. Олар баланың жас ерекшелігіне сәйкес толық болуы шарт. Осы заттық кеңістік, дамытушылық орта көбіне әлсіз болады. Біз аттестаттау барысында осыларды ұсыным ретінде ескертеміз. Және ол заттық көрнекіліктер, ойыншықтар бала үшін қауіпсіз болу тиіс. Балабақшада қолданылатын ойыншықтар қауіпсіз екенін дәлелдейтін сертификаттары болуы қажет. Ал анықталған кемшіліктерді жоюға берілетін уақытты ұйымдар өздері айтады. Ұжым мекеме басшысымен келісе отырып, қанша уақытта олқылықтарды толықтыра алатынын өздері шешеді де сол уақытты белгілейді. Аттестаттау алдында бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қандай құжаттарды қалай дайындау керегін түгел айтамыз, – дейді аталған департамент басшысының орынбасары Жасұлан Атенов. Балабақшадағы бүлдіршіндердің қауіпсіздігі тек ғимараттың талапқа сай келуімен, педагогикалық кадрлардың кәсібилігімен, білім беру әдісімен шектелмесе керек-ті. Бала болған соң бір-бірімен ойыншыққа да таласады, сондықтан ондағы пайдаланатын әр заттың жеткілікті әрі таза, сапалы болуы да маңызды. Қайта лицензиялау талаптарында осы жақтары да ескерілетін болар. Талап күшейсе, қадағамен қауіпсіздік сақталады. Ол сіз бен біздің болашағымыз үшін керек. Қамар ҚАРАСАЕВА