Азаматтарды қабылдады
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыстық полиция департаментінің басшылығы аудандарда азаматтарды мәселелері бойынша қабылдап келеді.
Осындай кезекті кездесу Сарысу ауданында өтті. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов аудан орталығының ғана емес, шалғайдағы ауылдардың да тұрғындарын қабылдады. Жаңатастық тұрғын танысының қайтарымсыз грант алуға көмектесу туралы уәдесіне сеніп, оған үлкен сомада ақша берген және өзімен бірге соңынан 42 адам ерткен. Бұл іс полиция департаменті бастығы орынбасарының ерекше бақылауына алынды.
Ал қоғам белсендісі мектеп жанына жол белгілерін орнатуды айтты. Сондай-ақ ол ықшамаудандардың ішіне бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін атап өтті. Қар мен жауын-шашыннан өшіп қалған жол белгілерін ретке келтіру үшін аудан әкімдігіне нұсқама жолданды. Мәселе ең қысқа мерзімде шешілетін болады. Ал бейнебақылау камералары Жаңатастың моноқала ретінде даму жоспары аясында орнатылады. Тоғызкент ауылының тұрғыны жайылымдағы малдардың тасжолдың бойына шығып кету мәселесіне назар аударды. Қанат Сматов аудандық полиция бөліміне қараусыз жүрген мал иелерін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Тағы бір маңызды мәселенің бірі – нашақорлықпен күрес. Оны ұлдары есірткі саудасы бағытындағы қылмыстары үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азаматша атап өтті. Ол ауданда есірткіге тәуелділерді емдеу орталығын ашу керек деп санайды. Ішкі істер органдары ардагерлері де өз ұсыныс-тілектерімен жүгінді. Олар жас қызметкерлерді патриоттық тәрбиелеу, штат санын көбейту қажеттілігі туралы айтты.
Сондай-ақ қылмыстық істерді тергеу барысына қатысты сұрақтармен де келген тұрғындар болды. Қ.Сматов барлық өтініштер бойынша толыққанды түсіндіріп өтіп, аудандық полиция бөлімінің бастығына нақты тапсырмалар берді.
AR-AI АҚПАРАТ