Жаңалықтар

Жамбылда лак-бояу өнімдері өндіріледі

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің вице-президенті Заур Халафовпен кездесті. Компания облыс аумағында лак-бояу өнімдерін өндіруді жолға қоюды жоспарлап отыр.

 Өндіріс орны жылына 150 мың тонна құрылысқа арналған гипс және 350 мың шаршы метр плита шығаратын болады. Қазіргі таңда мұнда 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Ал зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 400 тоннадан астам өнім шығару. «Alina Group» ЖШС өткен жылдың қараша айында бояу өнімдерін шығаратын ірі өндірушілердің бірі – «Nippon Paint Holdings Co.Ltd» халықаралық стратегиялық инвесторын тарту туралы шешім қабылдаған.

Оның штаб-пәтері Жапонияда орналасқан. Кездесу барысында жапондық компаниямен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Ербол Қарашөкеев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы жұмыстарға баса назар аударудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының басшыларына жаңа жобаны сүйемелдеу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі