Білім

БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен жиында әлеуметтік нысандарға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы қаралды.

Басқосуда алғашқы баяндаманы жасаған облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов білім нысандарының құрылыс жұмыстары барысымен таныстырды. Ағымдағы жылы өңірде он жеті мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Қазіргі таңда 11 мектептің жөндеу жұмыстары бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аяқталған. Ал қалған алты мектептің екеуі мердігерлердің кеш анықталуына байланысты 1 қараша күні пайдалануға беріледі. Сондай-ақ бір нысан келесі жылға өтпелі болса, үш мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жұмыс кестесінен ауытқуда. Атап өтер болсақ, Жуалы ауданына қарасты Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары 16 мамырда басталған. 20 тамызда аяқталуы керек болған жөндеу жұмыстары бүгінде 45 пайызға ғана аяқталған. Дегенмен жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп жоспарлануда. – Талас ауданы, Тамды ауылындағы Қойгелді орта мектебі 1990 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 720 орындық мектепте 308 оқушы білім алуда. Мекеменің 1 қабатында 75 орындық шағын орталықта 70 бала тәрбиеленуде. 2021 жылы осы білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аталған мектептің күрделі жөндеу жұмыстары келер жылға өтпелі. Биыл шатыры мен жылу жүйесін жөндеуге 110 миллион теңге қарастырылды. Мердігері анықталып, бүгінгі күні келісімшарттары жасалуда. Жөндеу жұмыстары алдағы 8 тамызда басталады. Ал Меркі ауданы, Ақарал ауылындағы №5 орта мектеппен Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Бүгінде мердігерлері мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталды. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін бітіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы 400 орындық Құлан орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары 28 мамырда басталған. 20 тамызда аяқталуы керек. Қазіргі таңда білім ордасының жөндеу жұмыстары 50 пайызға аяқталған. Жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталмаған жағдайда аталған мектептің 1-11-сынып аралығындағы 909 оқушысы жанында жақын орналасқан «Құлан» агротехникалық колледжінің ғимаратында кедергісіз оқуын жалғастырады. Т.Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылындағы 130 орындық №2 орта мектептің жөндеу жұмыстары 6 маусымда басталған. 20 тамызда аяқталуы керек болған жөндеу жұмыстары 40 пайызға ғана аяқталған. Егер 1 қыркүйекке дейін жоспарлы жұмыстар мәресіне жетпесе аталған мектептің 1-4-сыныптың оқушылары сол маңға жақын орналасқан мәдениет үйінің жекелей кабинеттерінде, ал 5-9-сынып оқушылары 2 автобуспен Абай ауылындағы орта мектебінде білім алады, – дейді Б.Тілебалдыұлы. Баяндаманы мұқият тыңдап шыққан Нұржан Молдиярұлы онлайн режимде жиынға қатысып отырған аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алып, жөндеу жұмыстарының толық қашан аяқталатын сұрады. – Күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы жыл басында бөлінген. Ал кейбір білім нысандары бойынша келісімшарт енді жасалып жатыр. Мұны қалай түсінуге болады? Бірнеше аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар қайда білім алады? Мектептер оқу жылына дайын болмағаннан кейін ата-аналардың арыз-шағымы да көбейеді. Тамды ауылындағы Қойгелді орта мектебінің жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады. Сонда қашан бітіресіздер?! Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылы және Тамды ауылындағы екі мектепті жөндеу бойынша бір кезде шешім қабылданған. Ұланбелдегі мектепте жөндеу жұмыстары аяқталуға жақындады. Тамдыда әлі басталмаған. Не істеп жүргендеріңізді білмейсіздер. Аудан әкімдері ертең бастарыңызбен жауап бересіздер. «Аудандық білім бөлімдері басқармаға қарайды, біз жауап бермейміз» деп, жауапкершіліктен қаша алмайсыздар. Білім басқармасына қарайтын шығар. Бірақ аудан әкімдері кез келген жағдайда сұрау сіздерден болады. Ешқандай сылтау қабылданбайды. – Еркін Құлымбайұлы, барлық мектепті аралап шығыңыздар. Жаңа оқу жылы басталғанда ешқандай мәселе туындамауы қажет. Біз оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді Нұржан Молдиярұлы. Сонымен қатар жиында облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев жөндеу жұмыстары барысындағы кемшіліктерді жіпке тізді. Айтқазы Дәулетқұлұлы білім ошақтарына, мәдениет нысандарына жүргізілген зерделеу барысында жұмыстың сапасыз жүргізілуі, құрылыс материалдарының уақытында жеткізілмеуі, жұмыс күшінің аздығы сынды мәселелер анықталғанын атап өтті. – Оқу жылы басталғанға дейін барлық білім ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек екенін талай мәрте ескерткенбіз. Жұмысына салғырт қараған мердігерлердің кесірінен оқушылар неге басқа мектепке сандалуы керек. Анықталған кемшіліктер бойынша, барлық мердігерлерге заң аясында шаралар қабылдап, айыппұл салу жұмыстарын жүргізіңіздер, – деген Нұржан Молдиярұлы сапаға аса мән беру керек екенін жеткізді. Сонымен қатар жиында облыс әкімдігінің денсаулық, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары баяндама жасады. Талғат Нұрханов