Табиғи монополиялар субьектілерін цифрландыру қандай деңгейде?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Президенттің айтуынша, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда жыл сайын жылыту маусымында сол бір мәселелер қайталана береді. Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмай жүр. Салдарынан сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр.
«Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес», деген Президент Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Жалпы Энергетика министрлігінің дерегінше, республикада жылу желілері мен жабдықтардың орташа тозу көрсеткіші 66 пайызды құрайды, кейбір нысандарда 90 пайызға жетеді. Яғни алдағы уақытта жылу желілерін реконструкциялау бойынша атқарылуы тиіс жұмыс көлемі ауқымды.
Бұл шаралар энергетикалық объектілер мен ТКШ объектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Оған қоса халық үшін ресурстар көлемінің қажеттілік деңгейін айқындауға ықпал ететін мониторинг жүйесін құруға сеп болады. Осы орайда елімізде саланы цифрландыру бойынша жұмыстар бірнеше жыл бұрын басталғанын айта кеткен жөн. 2018 жылы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметтерін «Монополист» базасының жаңа сервистік бағдарламалық өнімі (Табиғи, мемлекеттік монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің ақпарат, хабарламалар және есептіліктерінің электрондық дерекқоры) арқылы автоматтандыру қолға алынды. База жыл санап жетілдіріліп, дамып келеді.
– Цифрлық технологиялар басқармасының өткен жылы жүзеге асырған ірі жобаларының бірі – табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде және «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес табиғи монополия субъектілерінің халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерін цифрландыру мақсатында облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі алаңында «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы Тараз қаласы бойынша табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру жоспарланған болатын. 2023 жылы цифрлық технологиялар басқармасы «Казгиса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және табиғи монополия субъектілерімен бірлесе Тараз қаласының 6 табиғи монополия субъектісінің 15 қызметін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп, өткен жылдың желтоқсан айында жобаны іске қосты.
Табиғи монополия субъектісінің жауапты қызметкерлеріне порталда жеке кабинеттері ашылып, оқыту жұмыстары жүргізілді. Жобаның негізгі міндеті – қызмет көрсету процестерін автоматтандыру арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қызметтер көрсету сапасын жетілдіру; табиғи монополия субъектілері және Тараз қаласының тұрғындары арасындағы өзара іс-қимылдың сапасын, уақытын және әлеуметтік әсерін арттыру; сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жоба облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі платформасында әзірленді. «e-jambyl.kz» порталы арқылы қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі бар.
Талғат Нұрханов