«Су саласына жастарды көптеп тарту керек»
Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Халқымыздың саны мен экономикасы өскен сайын мәселе барынша өзекті бола түсетіні анық. Тіпті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Әрі біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел болғандықтан да ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр жылдардағы Жолдауында мәнді мәселеге айрықша назар аударып келеді. Ел Президенті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең әуелі, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 суқоймаға күрделі жөндеу жүргізу және 3 500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», – деп, Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі қажетті шаралар қабылдап, ауқымды жұмыстар атқаруда. Осы ретте облысымыздағы іргелі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері де маңызды саланы зерттеуге айрықша назар аударуда. Жуырда оқу орнының «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директоры Кенжеғали Шилібекпен сұхбаттасып, көкейдегі көп сауалымызға жауап тапқандай болдық. Кенжеғали Қошқарбайұлы институттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, сушаруашылығы саласындағы мәселелерге назар аударды.
– Кенжеғали Қошқарбайұлы, бүгінде оқу ордамызда үлкен өзгерістер, жағымды жаңалықтар орын алуда. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған институттың жаңалықтарымен бөлісе кетсеңіз. – Оқу жылының басы көп жаңалықпен басталды. Өзіңіз білетіндей, университетімізде оңтайландыру жүргізілді. Бұрын институт құрамында 11 кафедра болса, қазір 9 кафедра қалды. Бүгінде институтта бакалаврда – 32, магистратурада – 29, докторантурада 2 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Гидрокешенді» жаңғырту бойынша 6.1 оқу корпусына жөндеу-жылыту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде 3 кафедра кешендегі бұрынғы орындарына көшірілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалымен келісімшарт жасалып, «Гидрокешенде» орналасқан эксперименттік-зертханалық жылыжайға табиғи газ қосылды. Басшылықтың бастамасымен 2024 жылғы даму жоспарына 6.1 оқу корпусына блоктік-модульдік қазандықты орнату, 2 лифтті іске қосу, студенттерге қолайлы жағдай жасау бойынша ғимараттың ішкі марафеті, футбол алаңын автоматты суару енгізілді.
Аталған жоспарлардың жүзеге асып, игілігін көретін күн де алыс емес. – Соңғы жетістіктер, ғылыми жаңалықтар туралы айтып берсеңіз... – «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты 2023 жылы оқу, ғылым, тәрбие саласында бірқатар жетістікке жетіп, жылды табысты аяқтады. 4 әріптесіміз докторлық диссертацияларын қорғап, үшеуі PhD докторы ғылыми дәрежесін алды. Өткен жылы жалпы құны 110,1 миллион теңге болатын гранттық қаржыландыру бойынша 4 жоба, 1 халықаралық жоба жүзеге асты. Жас ғалымдар А.Кабдушев пен Р.Нүсіпәлі және А.Кабанбаев бірнеше тақырып бойынша грант жеңіп алып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Республикалық жоғары оқу орындары арасындағы пәндік олимпиадада студенттеріміз Ержан Жүзбай мен Темірлан Ермекбаев II орын, Ақбота Маликайдарова мен Айару Мұсахан ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ «Erasmus+» бағдарламасы бойынша «Климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру және орнықты дамуды, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында Орталық Азияның су секторы үшін адами әлеуетті дамыту» (HWCA) тақырыбындағы жобаны жеңіп алдық. «Сушаруашылығы», «Су ресурстары және су пайдалану» бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.
Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері Ұлттық зерттеу университетімен қос диплом беру бойынша 4 бірлескен білім беру бағдарламасы жасалды. Шетелдік ғалымдар, сарапшылар академиялық ұтқырлық шеңберінде дәріс беріп, бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізді. Су бағыты бойынша 22 оқытушы біліктілігін арттыру және тағылымдамадан өту курстарынан өтті. – Академиялық ұтқырлық бойынша жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр ма? – Академиялық ұтқырлық бағдарламасының студенттер мен оқытушылар үшін пайдасы зор. Бағдарлама аясында оқытушыларымыз Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен екі мәрте кездесті. Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі. Бірінші кездесу рухани астанамыз Түркістан қаласында болса, екінші кездесу өңірлік университетте өтті.
Сонымен қатар су дағдарысын еңсеру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «QS World University ranking-2023» рейтингі бойынша үздік жоғары оқу орындарының мамандарын ынтымақтастыққа шақыруда. Мәселен, ПЕТРОНАС технологиялық университетінің профессоры, доктор НГ Чен Йе университетке дәріс оқуға, силлабустар дайындауға және оқу құралдарын қарауға шақырылды. Ғалым «дөңгелек үстелдер» мен семинарлар өткізді. Сондай-ақ университетке Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Дэниел Дэвидсон Сноу шақырылды. Профессор Дэниел Сноу университетіміздің ғалымдарымен тұрақты түрде бірлескен жобалар аясында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқылануда. PhD Дэниел Сноу Дулати студенттеріне дәріс оқып, зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар оқытушылармен де бірігіп ғылыми жұмысты қолға алған. Профессор, Небраска университеті Су ғылымдары зертханасының директоры Дэниел Сноу судың қалай ластанатынын және оның алдын алу үшін не істей алатынымызды түсіну мақсатында талдамалық химияны пайдаланып зерттеу жүргізеді.
Ғалым магистранттар мен аспиранттарға тәлімгер ретінде кеңес берді. Алдағы уақытта «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» және «Мелиорация және агрономия» бағыттары бойынша дәріс курсын оқу үшін «ТИАШМИ» ұлттық зерттеу университетінің жетекші ғалымдары мен қызметкерлері – А.Янгиевті, И.Бегматовты және А.Шеровты шақырғалы отырмыз. – Су саласы – еліміз үшін өзекті мәселе. Өңірлік университеттің түлектері мәселенің шешілуіне қаншалықты үлес қосып жатыр немесе қоса алады деп есептейсіз? – Су саласында атқарылатын шаруалар аз емес. «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және аудан әкімдіктерімен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп орындалатын 3 іс-шара айқындалған. Суармалы жерлердің жалпы алаңын 179,2 мың гектарға дейін жеткізу; 31 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру бойынша 6 жаңа суқойма салу; жұмыс істеп тұрған 3 суқойманы реконструкциялау жоспарланған. 2025 жылға дейін республикалық бюджет есебінен жаңа 3 суқойма және жергілікті бюджеттен 3 суқойма салу көзделген. Қолданыстағы 4 суқоймаға қайта жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы қазірдің өзінде сушаруашылығы саласындағы қызметкерлердің 90 пайызы біздің институттың түлектері. Алдағы уақытта жауапты сала біздің жаңа буын түлектерімен толығатыны сөзсіз. Біздің студенттер гидротехникалық құрылыстардың барлық түрі бар Су ресурстары және ирригация министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында өндірістік практикадан өтіп, осы мекемелерде жұмысқа тұруда. Кадр тапшылығы мәселесін шешу, су ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сушаруашылығы мамандарының жалақысын көтеру – саланың өзекті мәселесі. Сондықтан да су саласына мамандар даярлаудың қажеттілігі мен жауапкершілігін түсіне білуіміз қажет. – Дулати университеті – су саласы мамандарын даярлайтын еліміздегі негізгі оқу орны. Бұл университетімізге үлкен жүк артады. Үдеден шығып, сенімді ақтау үшін қандай жоспар құрып отырсыздар? – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі Жолдауында да су мәселесін қозғады. Суға байланысты барлық проблемалар ашық айтылды.
Сіздер білесіздер, Жолдауда Президент: «Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн», – деп нақтылап айтты. Артынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №64 бұйрығымен «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын су саласы үшін кадрлар даярлау бойынша базалық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы деп анықтады. 2023 жылдың 16 мамырындағы №219 бұйрығымен жоғарыдағы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар негізінде «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КЕ АҚ сушаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің базалық ұйымы болып табылады.
№64 бұйрықта министр су саласы үшін кадрлар даярлаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл бізге артып отырған үлкен жауапкершілік. Жол картасы 2022 жылдың 4 желтоқсанында бекітіліп, қолданысқа енгізілген болатын. Жол картасы негізгі 4 бөлімді қамтиды. Олар: оқу үрдісі; ғылыми зерттеулер; кадрлар әлеуетін жоғарылату; кәсіби бағдар жұмыстары. Жалпы жол картасында 50 іс-шара көрсетілген. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының қолданыстағы жіктеуішіне түзетулер енгізіп, бірқатар мамандық қосылды. Атап айтқанда, «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар». Алдағы уақытта «Сушаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Инновациялық технологиялар және оларды сушаруашылығында пайдалану», «Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар», «Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру», «Сушаруашылығы экономикасы» білім беру бағдарламаларын ашу көзделуде.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы 4 су бағыты бойынша білім беру қызметтерін ұсыну үшін Ташкент ирригация инженерлері және ауылшаруашылығын механикаландыру Ұлттық зерттеу университетімен қос дипломдар беру бойынша бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама биылғы оқу жылынан қолға алынды. 2023 жылдың 19 қазан күні Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов пен Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есимова бастаған делегация Ташкент ирригация инженерлері және ауылшаруашылығын механикаландыру институтында болып, «INNOWEEK-2023» инновациялық идеялардың халықаралық апталығына қатысты. Іссапар аясында заманауи жаңа қондырғылармен және ғылыми құрылғылармен жабдықталған жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып оқу және ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудің ерекшеліктері мен перспективалары талқыланды. Университетте ашылатын колледжде «Гидротехникалық құрылыс», «Гидромелиорация», «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандықтарын ашу көзделуде.
Қазақстанның су саласы үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында кадрлар даярлауды және ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету үшін консорциум құру туралы меморандум жасалды. Меморандумның мақсаты – сушаруашылығы бағыты бойынша жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында кадрлар даярлауды қамтамасыз ету және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін консорциум құру, теңдік пен өзара тиімділікке негізделген тараптар арасында жұмыс істейтін қатынастарды белгілеу, тараптардың әлеуетін күшейту, кадрлар даярлауды қамтамасыз ету және жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру. Су саласы үшін кадрлар даярлауды үйлестіру бойынша Петропавл қаласында, Түркістан облысында, Алматы облысында өкілдіктер ашу қолға алынды. Өкілдік туралы ереже Директорлар кеңесінде таныстырылып, бекітілді. – Су саласына студенттердің қызығушылығы қандай? Жастардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? – «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» кафедраларының Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Қазсушар» РМК, Шу-Талас бассейні инспекциясы жетекші ұйымдарымен және су бағытындағы кәсіпорындармен жасалған шарттары бар, онда екіжақты шартқа сәйкес су бағытындағы 4 бағдарлама бойынша кадрлар даярлау сапасын арттыру мақсатында ғылым және білім беру саласында бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Академиялық білім алу кезеңінде оқу, инновациялық және өндірістік қызмет салаларында ғылыми зерттеулерді бірлесіп орындау, өндірістік практикаларды, курстық және дипломдық жобаларды ұйымдастыру, оқу курстарын әзірлеу және іске асыру, кәсіпорынның жоғары білікті мамандарын тарта отырып, дуальді білім беру элементтерін енгізу мақсатында кафедра филиалдарын құру жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК жанында «Су ресурстары» кафедрасының филиалы және «ҚазСШҒЗИ» ЖШС жанында «Мелиорация және агрономия» кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Су саласына талапкерлерді тарту бойынша «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен ролик, буклеттер және басқа да үлестірме материалдар дайындалды. Кәсіби бағдар жұмыстары Жамбыл облысының мектептері мен колледждері бойынша жүргізілуде. Түркістан облысы және басқа өңірлерде кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Бұл салаға жаңадан құрылған министрлік қазақстандық студенттерді су саласы мамандықтары бойынша жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында оқыту үшін грант бөлу мәселесін қарауда.
Бұдан бөлек сушаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастыруда, айлық жалақыны 25 пайызға көтеруде. Жамбыл облысы әкімі арнайы білім гранттарын тағайындауда. Салада мамандарға сұраныс бола тұра, бөлінген білім беру гранттарының игерілмеуі біздің басты мәселеміз болып отыр. Шыны керек, қазіргі жастардың су саласына қызығушылығы төмен. Бұл мамандардың еңбек ақысының төмендігі, сала мамандарының дұрыс насихатталмауы, әлеуметтік қолдау пакеттерінің болмауынан деп ойлаймын. Алдағы уақытта су саласындағы мәселелердің оң шешімін тауып, жастардың осы салаға көптеп келетініне сенімдімін.
– Сіздіңше, бүгінгі студенттерді қандай мәселелер толғандырады? – Қазіргі қоғамның сұранысы бүгінгі студентті өз ісіне мығым, жұртпен араласа білетін, жеке басындағы жағымды қасиеттерін байқата алатын, көшбасшылық қасиеті бар ертеңгі маман ретінде тәрбиелеуді талап етеді. Студенттік шақты адам өмірінің ең бақытты кезеңі деп жатамыз. Дегенмен бақытты сәттерге қарамастан студенттер кездесетін негізі тұрғылықты жер, шәкіртақы, сессияны уақытылы тапсыру, дұрыс тамақтану, қосымша жұмыс табу мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып қалмақ. Дегенмен студент болашақ маман екенін ескере келе, оқудан бас тартпауға кеңес береміз. Студент қанша жерден жетіспеушілік болып жатса да бірінші кезекте білім алып, маман болып шығуды ойлағаны дұрыс. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Университет тынысы» газетінің редакторы