Дәстүрлі «Women in Business» іскерлік жиыны өтті
Жақында Алматы қаласында жыл сайын іскерлік ортада басты оқиғалардың бірі ретінде ұйымдастырылатын «Women in Business» халықаралық форумы өтті. Бір алаңға бизнес-қоғамдастықтың табысты, танымал спикерлері мен кәсіпкерлер жиналды. Қонақтарға тиімді нетворк, сапалы контент, бірегей кейстер мен іскерлік ортадағы ең өзекті ақпарат ұсынылды.
Алматы қаласының іскер әйелдер кеңесі, «Halyk Bank» және «Masterсard» ұйымдастырған форум жұмысына 300-ден аса табысты әйел кәсіпкер, қоғам қайраткерлері, даму институттары, ірі компаниялар, банктердің басшылары қатысты.
«Даму» қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева әйелдер кәсіпкерлігін, мемлекеттік қолдаулар туралы айтты. – Үкімет Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен көңіл бөледі. Оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бар.
«Dasco Consulting Group» компаниясының басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов сауда саласындағы әйелдердің рөлі туралы ой тербеді. «Dasco Consulting Group»-ке тән мәліметтерге сүйенсек, елдегі әрбір бесінші жұмыс істейтін әйел сауда саласында қызмет етеді. Саудадағы әйелдердің 15 пайыздан астамы Алматы қаласына тиесілі. – Алматы қаласы саудамен айналысатын әйелдер саны бойынша көш бастап тұр.
Спикер жалпы экономикаға қарағанда сауда секторында жоғары білімі бар әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екеніне тоқталды. – Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38 пайызға, ал сауда секторында 49 пайызға тең. Керісінше саудада техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі – 45 пайыз, ал Қазақстанда – 56 пайыз, – деп толықтырды сөзін спикер.
Форумда әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық тақырыбына жеке сессия арналды. Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерлікті өз бизнесін дамытуға және қалалар мен ауылдардың дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылатын адамдар қалыптастыратынын айтты. Мысалы «Halyk» қоры Қазақстанда өмір сүру сапасын жақсарту және дамыту үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етумен айналысады. Қор жыл сайын өңірлердегі әлеуметтік жобаларға миллиардтаған теңге бөледі. Aл «Ayala» қоры 2010 жылдан бастап елдегі балалар өлімінің көрсеткішін екі есеге төмендетуге көмектесті және осылайша БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатының біріне («денсаулық пен әл-ауқат») қол жеткізу процесіне қатысты.
– Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. «Halyk» қоры ретінде біз басқа қорлармен бірлесіп, осы маңызды саладағы үлес пен тиімділікті күшейту үшін ұсыныстар беруге дайынбыз. Содан кейін осы ұсыныстарды одан әрі жетілдіру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға жолдаймыз, – деді «Halyk» қорының директоры Нариман Әбілшайықов. Әйелдердің лидерлік жасампаз принципі көптеген жыл бойы Қазақстанның экономикасы мен қоғамының түрлі аспектілерін белсенді түрде өзгертіп келеді. «Ірі қазақстандық қайырымдылық ұйымдарын әйелдер басқарып отыр. Олар өз бизнесін қатар дамытып, мемлекетке өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесіп жүр», – деп атап өтті «Ayala» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдана Сүлейменова. Форумның негізгі тақырыптары әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі халықаралық трендтер, экономика және қаржы мәселелері, әлеуметтік жауапкершілік, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары хақында болды. «Women in Business» – кәсіпкер әйелдерге арналған диалог алаңы.
Онда бизнес-орта, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі, экономикалық саясат, салалық мамандандыруды дамытудың анағұрлым түйткілді тақырыптары талқыланатын болады. Форум жұмысына «Halyk Bank» акционерлік қоғамы басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, АҚШ Бас консулы Мишель Еркін, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, IFC Қазақстан өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева, Еуразия аймағында «Strategy» серіктесі «PwC» консультациялық практикасының көшбасшысы Наталья Лим, Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова және басқа да бірқатар спикер қатысты. Форум аясында қатысушылар еліміздің табысты әйелдер және кәсіпкерлерімен қарым-қатынас жасау, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз қызметі