Мәдениет

ТОЙДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТОЛАССЫЗ

ТОЙДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТОЛАССЫЗ

Биыл ел тарихында елеулі орын алатын айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтуде. Соның бірі – қазақ баспасөзінің қаранары, шындықтың шырақшысы атанып кеткен Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы. Бұл тойды атап өту үшін жыл басынан бері облысымызда дайындық жұмыстары басталып та кетті. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар да аз емес. Мәселен, Алаштың арда туған ұлының құрметіне қаланың орталығында орналасқан «Баспасөз үйіне» Шерхан Мұртазаның аты берілді. 

Сонымен қатар жазушының мерейтойына байланысты облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен бірнеше мәрте зиялы қауым өкілдері бас қосып, дайындық жұмыстары пысықталған болатын. Тіпті аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы тұлғаның Жуалыда өзі тұрған үйінде музейі ашылатынын атап өтіп, жауапты атқамінерлерге нақты тапсырмалар берді. Осылайша облыс әкімінің тапсырмасына сай 28 қыркүйек күні аталып өтетін күллі Алаш баласының Шерағасының тойына дайындық жұмыстары қызу жүруде. Жалпы «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Шерхандай ұлы тұлғаның тойын өткізу біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан да Жамбыл өңірі бұл тойға атүсті қарамай, жұмыла іске кіріскен. Біз тойда болатын іс-шаралар мен оған дейін атқарылатын жұмыстардың легімен танысқан едік. – Біз облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданымыздағы жазушының өзі тұрған үйін музейге айналдыру үшін мемлекет меншігіне тегін өткіздік. Қазіргі таңда ол жерде жөндеу жұмыстары басталды. Бұйырса 28 қыркүйекте Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай арнайы ашылу салтанаты болады,– дейді Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза. Жалпы, жазушының 90 жылдығы ол аудандық немесе облыстық деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде атап өтілуі тиіс. – Бұл айтулы дата күллі қазақ халқы үшін маңызы бөлек күн. Себебі көзі тірісінде қазақтың қамын ойлаған Шер-Ағадай тұлғаның соңындағы өнегелі өсиеттері мен құнды дүниелері – барша қазақтың рухани қазынасына айналды. Ұлттық рух пен жігердің жалыны ескен Шерхан мұраларын дәуірлер алмасып, уақыт жылжыса да кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз. Осы мақсатта облысымызда аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов бекіткен жоспарға сәйкес, жазушының туған жері Жуалы ауданы мен облыс орталығы Тараз төрінде жоғары деңгейде атап өту жоспарланып отыр. Мерейтой аясында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды шаралар атқарылады. Осы күнге дейін біршама іс-шараларды өткізіп те үлгердік. Мәселен, шілденің 25 күні Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы және «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер мен манасшылар арасындағы «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан турнир өтті. Турнир басталмас бұрын іс-шара әдеби-сазды кешпен бастау алып, айтыскер ақындар мен жыршы-манасшылардың арнаулары тыңдалды. Жарысқа Қырғыз Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан жалпы саны 6 команда қатысты. Шын мәнінде мерейтой аясында жоспарланған іс-шаралардың негізгі легі Шерхан Мұртазаның дүниеге келген – 28 қыркүйек күні өтеді. Қазіргі таңда басқармаға қарасты руханият және тарихтану орталығының дайындауымен Шерхан Мұртазаның жеке архивтік қолжазбалары, күнделіктері негізінде екі кітап баспадан шығуға дайын. Сонымен қатар республикалық ақындар мүшәйрасы жарияланды. Қорытындысы жазушының мерейтойында шығарылып, жеңімпаздары марапатталады. Сондай-ақ мерейтойдың басты жаңалығы – қайраткердің өзі тұрған Талаптыдағы үйі Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйі болып салтанатты түрде ашылады. Яғни бұл тек музей кейпінде ғана емес, сондай-ақ ғылыми-зерттеумен айналысатын шығармашылық топтың жұмыс жүргізуіне арналған қоғамға қолжетімді орталықтың бірі болады. Ашылу салтанатына Шер-Ағамыздың үзеңгілес інілері, қалам ұстаған елімізге танымал тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері арнайы қонақ ретінде шақырылады. Әдеби-мемориалды үйдің ашылу салтанатымен қатар халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу, облыстық театрда Шерхан Мұртазаның образын ашатын театрландырылған көрініс сахналау да жоспарланған. Одан бөлек облыс әкімдігінің білім басқармасы, Жуалы ауданының әкімдігі тарапынан түрлі іс-шаралар жүзеге асуда, – дейді облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай. Жалпы, Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойына орай облысымызда өтетін іс-шаралардың ең маңыздысы – мүсінін орнату және музейін ашу. Ал қалған іс-шараларды мерейтойдың маңызын арттыратындай ауқымды деуге келмейді. Көзінің тірісінде шындықтың шырақшысына айналған тұлғаның құрметіне облыстық емес, республикалық, тіпті халқаралық дәрежеде ғылыми конференциялар мен түрлі әдеби-сазды кештер ұйымдастырсақ та артықтық етпейтіні ақиқат. Мұндай ұлы тұлғаға ұлт атынан қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді деп ойлайды. Сондай-ақ жазушының 90 жылдық мерейтойына орай атына бір көше берілсе деген ұсыныс та көптен бері жиі айтылып, көтеріліп жүр. Біз де сол ұсынысты қолдайтынымызды жасырмаймыз. Алда облыс, қала әкімдігі тарапынан ұсыныс қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шапағат ӘБДІР