Әскерилер қашанда көмек көрсетуге дайын
Өткен жылдың соңында Қордай, Шу аудандары аумағында төтенше жағдай орын алған еді. Табиғи құбылыс салдарынан қар құрсауында қалған азаматтар көптің көмегімен құтқарылып, жолдар қардан тазарғаны баршаға белгілі. Жергілікті, облыстық және республикалық жолдарды қардан тазалау жұмыстарына арнайы техникалар, ТЖД мамандары мен әскерилер жұмылдырылған болатын.
Осындай қиын сәтте аудан азаматтарымен бірге қар тазалау жұмыстары мен қар құрсауында қалған азаматтарға көмек қолын созғандардың бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері болды. Қарлы боран күшіне енген уақытта Гвардиялық гарнизоны әскери бөлімдерінің күш-құралдарымен ауа райының қолайсыздығына байланысты автокөлік жолдарынан Кенен елді мекеніне 150-ден астам, ал Қайнар кентіне 80-нен астам адам эвакуацияланды. Әскери қызметшілер түні бойы көліктері қар құрсауында қалған адамдарға көмек көрсетті. Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Гвардиялық гарнизонының әскери қызметшілері тағы да Қордай ауданында қарлы боранда тасжолда қалып қойған көлік жолаушыларына көмекке келді.
Әскерилерге демалыс күндері түскі сағат 12-лер шамасында жергілікті төтенше жағдайлар органдарынан көмек сұраған қоңырау келіп түсті. «Отар» 40-әскери базасының бастығы, полковник Ержан Мейірманов адамдарды эвакуациялау үшін қажетті көлік санын бірден бөлуге шешім қабылдады. Алынған мәлімет бойынша, тасжолда бірнеше көлік қар құрсауында қалып, жалпы саны 30-ға жуық жолаушы көмекке мұқтаж болған. «КамАЗ» автобазасындағы екі ауысымдағы көліктер Гвардиялық гарнизоннан әскери қалашықтан жиырма шақырым жердегі республикалық мәндегі тасжолға шықты. Құтқару тобын «Отар» 40-әскери базасы бастығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, полковник Ербұлан Исаев басқарды. Алдымен құтқарылған адамдарды төтенше жағдайлар қызметі алдын ала белгіленген пунктке жеткізген.
Мұнан соң уақытында келген әскери көліктер эвакуацияланған азаматтарды жылытуға және жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді. – Біздің топқа қосылған әскери дәрігер, капитан Нұрсұлтан Базарбай медициналық көмек көрсетуге дайын болды. Бағымызға орай, құтқарылған азаматтардың арасында ешбірінің денсаулығына шағым түскен жоқ. Дегенмен әскери дәрігер жолаушыларға, олардың арасында балалар да бар екеніне баса назар аударды, – деді полковник Е.Исаев. Қордай ауданының Кенен ауылындағы мектепте жабдықталған стационарлық жылыту пунктіне азаматтарды жеткізіп болғаннан кейін келісімшарттық қызмет сержанты Ерғали Әбжапаров пен кіші сержант Нұрбол Назар басқарған екі ауысымдағы көліктер басқа жолаушыларға көмек көрсету үшін қайта жолға шықты. Әскери қызметшілер тасжолда кезекшілікті таңғы сағат 6-ға дейін жалғастырды, жолда аса күрделі оқиғалар орын алған жоқ.
Дина МУХАРИНОВА, Тараз гарнизоны
баспасөз қызметінің жетекшісі