Әйелмен әлем әдемі
Ананың қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан-теңіз. Ана – ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы ғана емес, ағайынды жақындастырушы, араздастықты бітістіруші. Әсіресе қазақ қоғамында аналардың алар орны ерекше.
Қазақ қоғамында да, ата-бабамыздың тұрмыстық салт-дәстүрінде, асыл дінімізде қыз баласын сыйлауға, құрмет көрсетуге баса мән беріліп, әйел баласын бәрінен биік қойған. Мысалы, қыз баланы «үйінде қонақ» деп төрге отырғызған, «қызға қырық үйден тыйым» болған. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) балаға «Алла Тағаланың берген сыйы» деп қарап, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Өйткені қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген.
Сондай-ақ көшпелі шаруашылықта киіз үйді тіккенде шаңырағын ер адамдар көтерсе, керегесін керетін, уығын шаншитын әйел адамдар болған. Әйелдердің осындай артықшылықтарын көрген ерлер түрлі заңдар мен ұлттық қағидалар арқылы оларды қорғап отырған. Қазіргі қоғамымызда да әйел адамдардың орны орасан зор. Әйел адамдарды басшы тұлғалар қатарынан, бизнесте, экономикада, саясатта, басқа да салаларында кездестіріп қалатынымыз рас.
Олардың саны күн сайын артып келеді десек те жаңсақтық емес. Әйелдің өз отбасынан басталатын құндылығынан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де орны бар. Біздің ел бұл орайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Гендерлік саясат аясында қыз-келіншектер қоғамға орасан зор үлес қосуда. Қазақстандағы отбасы құндылықтарын сақтау және оны өрбітуде әйел адамның орнын ешкім алмастыра алмасы анық. Сол себепті олардың бала тәрбиесінде, отбасын дамытудағы мәні жөнінде ежіктеп жатудың өзі артық.
Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, үйде аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы болып жүрген әйел адамдар қаншама. Десек те әйел – билікте ғана емес, отбасында да саясаткер болса, қандай жақсы!
Әлия СҰЛТАНБЕК, Тараз қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық
құрбандарына психологиялық кеңес беру кабинетінің психологі