Әлеумет

Қоғам патерналистік пиғылдан арылуы қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында қоғамда патерналистік көңіл күйдің белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.

 Мәселен, аталған Жолдауында Президент: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.

Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді.

Жалпы Қазақстанда кез келген адам мемлекеттің қамқорлығында. Расында да жағдайы жоқ, тұрмысы төмен отбасыларға, яғни ол адам көпбалалы отбасынан болмаса да табысы үй ішіндегі жан басына шаққанда кедейшілік шегінен төмен болса, оған мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады. Бұл елімізде ешкімнің далада қалмайтынын, әсіресе жағдайы төмен отбасылардың тұрмысын көтеру, көпбалалы аналарды да қамқорлыққа алып, жағдайын жасау жүйелі жолға қойылғанын көрсетеді. Осы күні тұрмыс жағдайы төмен, мемлекеттің ай сайынғы төлейтін жәрдемақысына малданып отырған кейбір азаматтардың атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасқанын немесе мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпке бет бұрғанын көріп жүрміз. Үйде бала күтімімен отырып, кенжесі үш жасқа толғанда ол азаматқа жергілікті мансап орталықтары қарым-қабілетіне, игерген мамандығына қарай міндетті түрде жұмыс ұсынады.

Мемлекет ұсынған жұмысты ол құп көрмесе, әлеуметтік төлем төлеу ісі тоқтатылады. Егер қандай да бір азамат мансап орталықтары ұсынған жалақысы аз жұмысты істеп жүрсе, ол да ел қатарлы өмір сүруі үшін тиісті мөлшерде мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем тағайындалады. Егер оның айлықақысы күндердің күнінде көтеріліп кетсе, атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Бұл халықты мейлінше масылдық пиғылдан арылтудың амалы. Осы ретте біз Байзақ ауданындағы мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Бақытжан Мелдебековке хабарласып, бұл бағыттағы жұмыстың қай деңгейде атқарылып жатқанын сұраған едік.

– Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 120-бабы бойынша, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейшілік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 19 мамырдағы «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» №160 бұйрығына сәйкес, кедейшілік шегі 2023 жылғы 1 шілдеден бастап – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген жылдағы тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты түрінде көрсетіледі.

Шартсыз көмек алушылар – бұл еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жоқ отбасылар. Шартты санатына еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар кіреді. Шартты ақшалай көмекті тағайындау үшін әлеуметтік келісімшарт жасалады. Онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы бойынша міндеттемелері көрсетіледі. Бұл жерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, күндізгі оқу бөлімінің оқушыларына, студенттерге, тыңдаушыларға, курсанттар мен магистранттарға қолданылмайды. Сонымен бірге мұның үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның күтіміне және жәрдеміне мұқтаж қарттарға күтім жасайтын жандарға қатысы жоқ.

Сондай-ақ тұрақты жұмысы бар адамдарға және екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарға міндетті емес. Аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасылар құжаттарын «Egov.kz» сайты арқылы тапсыра алады. Өтініштерін қашықтан тапсырулары үшін электронды цифрлық қолтаңбалары (ЭЦҚ) болуы керек. Бұл тұрғындарға өте ыңғайлы әрі орталыққа келіп әуре болмайды.

Байзақ аудандық мансап орталығының консультанты мен ассистенттері тарапынан 2023 жылдың басынан бері 2 337 отбасындағы 13 222 адаммен сұхбаттасу жүргізілген екен. Ол азаматтардың арасында 561 отбасындағы 3348 адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылыпты. Нақты айтқанда, 84 отбасындағы 387 тұрғынға шартсыз ақшалай көмек, 477 отбасының 2 961 мүшесіне шартты ақшалай көмек тағайындалыпты. Көмек тағайындалған азаматтар ішінде еңбекке қабілетті азаматтар саны – 899. Оның ішінде өтінішпен қайырылған кезде жұмысы бар 517 адам болса, 381-і бала күтімімен үйде отырғандар.

Ал жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғаны – 217 адам. – Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа 128, ақылы қоғамдық жұмысқа 51 тұрғын жіберілді. 33-і әлеуметтік жұмыс орнына, үшеуі «Жастар тәжіріибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа жолданды. Бір адам мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алса, тағы біреуі кәсіптік оқытудан өтті. Ауданда осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек беріліп келіп, табысы кедейшілік шегінен асқандықтан атаулы әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылған жайттар жетерлік. Мысалы, Сарыкемер ауылының тұрғыны Әлия Біләлованың отбасында 5 адам бар. Оның 4 баласы да кәмелет жасына толмаған.

Байзақ ауданы бойынша бұрнағы жылы 610 отбасындағы 3 525 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болса, былтыр 561 отбасының 3 348 мүшесіне көмек тағайындалған екен. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың бірінің табысы асып кетіп, тағы бірі жәрдемнен бас тартып, жұмысқа тұру, не кәсіппен айналысуы есебінен ауданда биыл АӘК алушылар 48 отбасына, яғни 7,9 пайызға төмендепті.

Нұрым Сырғабаев