Денсаулық

«LVAD» құрылғысы тегін орнатылады

Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітім жоғары болып тұр. Қанайналым жүйесінің дұрыс болмауы созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің дамуына әкеледі және өлім осы аурудың декомпенсациясынан туындайды.

Облыстық Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы – созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің жол картасы бойынша үйлестіруші және науқастарды хирургиялық емдеуге іріктеу бойынша жұмысты жүзеге асырушы. Облыс бойынша осы аурудың бастапқы 1-сатысынан 4-сатысына дейін жүрек жеткіліксіздігі бар барлығы 50 мыңға жуық науқас есепте тұр. Оның ішінде Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің ауыр дәрежесі бар 1 362 адам бар және 23 науқастың жүрек жұмысы хирургиялық және механикалық ем жүргізуді қажет етеді. Егер науқасқа тағайындалған емдеулердің әсері болмаған жағдайда хирургиялық емдеу тағайындалады.

Ота жасаудың қажеттілігі туралы шешімді «Heart team» (жоғары технологиялық медициналық көмек тобы) тобы қабылдайды. Кардиолог, кардиохирург, реаниматолог дәрігерлер жүрекке көмекші құрылғыларды имплантациялау – «left ventricular assist device» (LVAD – қанайналымын қалпына келтіру үшін жасалған электромеханикалық жабдық) орнату туралы нақты шешімді қабылдайды. Мұндай жағдайда науқас толық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайы ескеріледі. Имплантацияланатын LVAD қанайналым жүйесін реттеуші құрылғыда дененің ішінде орналасқан сорғы мен қуат көзі бар. Кабель сорғыны іш қуысындағы кішкене тесік арқылы қуат көзіне қосады.

Құрылғының бұл түрі негізінен жүрек трансплантациясын күткен адамдар үшін немесе трансплантация мүмкіндігі жоқ пациенттер үшін ұзақмерзімді шешім ретінде қолданылады. Яғни бұл – адамның өмірін ұзартушы көмекші құрал. Өңірімізде 34 пациентке жасанды сол жақ қарынша – LVAD имплантацияланды. Олардың барлығы орталықта тұрақты түрде қаралып, дәрігер бақылауына алынды. Облыс тұрғындары мұндай оталар мен емдеу шараларын міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы тегін түрде ала алады. Орталықта емшаралар алып жүрген науқастардың барлығы «сақтандырылған» мәртебесі арқылы сапалы медициналық қызмет алуда. Шартты түрде салыстырсақ, жүрекке жасалатын оталар үлкен қаражатты қажет етеді. Ем мен ота, дәрігер бақылауы 30-40 миллион теңге арасында бағаланады. Сондықтан тұрғындарға сақтандыру жарналарын уақтылы төлеп, тегін ем алуға жол ашу өз қолында екенін еске салғымыз келеді.

Сонымен қатар орталық мамандары жүрек ауруларының өзектілігін ескере отырып, тәжірибе алмасу мақсатында «LVAD мектебін» ашып, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталық базасында жұмысын істеуде. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жұмыс орнында өңірдегі, қаланың кардиологтары мен реаниматологтарын оқыту, жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау операциясына дейін және одан кейін созылмалы жүрек аурулары терминалдық сатысы бар пациенттерді басқару, жүрек шығарындысының фракциясы төмендеген пациенттерді ЭХОКГ диагностикалау бойынша практикалық сабақтар өткізілуде.

Осы пациенттерді одан әрі бақылау ерекшеліктері, аппарат параметрлерін бақылау бойынша 2 күндік курстар ұйымдастырылуда. Бұл аймақ дәрігерлерінің білім-біліктілігін көтеруге үлкен мүмкіндік береді. Жақында орталықта Байзақ және Жуалы аудандарының кардиологтары, Байзақ ауданының реаниматологі аталған оқытудан сәтті өтті. Оқудан кейін дәрігерлерге сертификаттар берілді. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы заманауи халықаралық менеджментті енгізу және облыстағы іс-шараларды үйлестіру бойынша ұйымдастыру әдісін жүргізуді жоспарлап отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

облыстық филиалының баспасөз қызметі