Қоғам

Мамандық таңдау – маңызды қадам

Жақында Меркі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Асанбай Асқаров атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияға қонақ ретінде шақырылды. Өйткені аталған мектеп-гимназияда «Айбынды жастар – ертеңгі ел қорғаны» атты әскери патриоттық кездесу кеші ұйымдастырылған болатын.

. Аталған кездесу кешіне ауданның Қарулы Күштерінің құрылымы мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де қатысты. Мұндай шараны өткізудегі басты мақсат – мектеп-гимназияның 9-11-сынып оқушыларының патриоттық сезімдерін арттыру, әскери және мемлекеттік оқу орындары туралы үгіт насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Шара барысында азаматтық қорғау қызметкерлері мектеп оқушыларына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы туралы толық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың назарына арнайы дайындалған бейнероликтер ұсынды.

Жиында №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Айдын Әбдібай Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу үшін арнайы бекітілген талаптар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Ол өз сөзінде аталған оқу орнында білім алу ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын, курсанттар казармаға орналастырылатынын және толықтай мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті. Ал Академияны аяқтаған курсанттар міндетті түрде жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтты.

Оқушылар да өз кезектерінде көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Азаматтық қорғау қызметкерлері шара соңында оқушыларды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін ескертті.

AR-AI АҚПАРАТ