Толайым тірлік толастамайды
Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2022 жылдың ақпан айында Мемлекет және қоғам қайраткері, сол жылдары облысымызды басқарған марқұм Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтің өкімімен Жамбыл ауданының тізгінін қолыма алдым. Өмір жолым да, еңбек жолым да осы өңірде бастау алғандықтан аудан маған жақсы таныс болды. Туып-өскен өңірімді түлетіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жоғарылату үшін түрлі жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды сәтті пайдаланып, оны жүзеге асыру жолында ауқымды тірліктерді тиянақтай алдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында жүктеген міндеттері мен аймақ басшысының тапсырмаларын жүйелі орындап, халық қажетіне бағытталған жұмыстарды атқарып келеміз. Өткен екі көктемде ауылдарда 140-қа жуық тұрғындармен кездесу өткізіп, түйткілді түйіндерді бірлесіп тарқатуға кірістік. ТАРИХ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ӨҢІР Үш мың жылдан астам уақыт бойы Еуропа мен Азияның едәуір бөлігін алып жатқан ұлан-ғайыр кең жазықты жайлап, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен түркітілдес тайпалардың ежелгі өркениетінің қайнар-бастауларының бірі қазіргі Жамбыл ауданының аумағында болған десек, қай қисынға да сыяды. Оған Ақбұлым ауылы Қарасай шатқалындағы жақпар тастарға салынған суреттер, Қамыстыбұлақ шатқалындағы және Ботамойнақ үңгіріндегі тасқа қашап түсірілген қолтаңбалы жазулар, ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Әулиеата уезінің басшысы болған, өлкетанушы В.Каллаур мен фин археологі Г.Гейкельдің бірлесіп іздестіруі нәтижесінде табылған, ғылымға «Талас жазулары» деген атаумен белгілі, әйтсе де күні бүгінге дейін мәтінін оқытудың кілті табылмаған түркі сына жазулары, Жалпақтөбе ауылындағы әйгілі Жікіл, Атлах, Бектөбе ауылындағы Тастөбе, Живукат, Қаракемер ауылы маңындағы көне деректерде атаулары жиі аталатын Адахкент, Нуджикес қалалары мен ондаған елді мекеннің ескі жұрттары, құрылысы аяқталмай қалған Ақыртас қалашығының орны, Ақшолақ теміржол бекетіне таяу жердегі бір сызықтың бойында жатқан сақ қорғандары, Тектұрмас әулиенің, Айша бибі және Бабажа хатун кесенелері, Тектұрмас әулиенің бейіті тұрған биік жартастың етегіндегі Талас өзенінің астынан өтетін жерасты жолы, Құмтиын ауылындағы 600 гектарды алып жатқан қала, Қаратау ауылының теріскей беткейіндегі Керуен сарай сияқты тарихи жәдігерлер толық айғақ бола алады.
Бүгінде осы бір жәдігерлерімізді келер ұрпаққа дәріптеу үшін аудандық бюджеттен музей құрылысы басталды. Мұнда 3000 көне бұйым сақталатын болады. «Жердің аты – тарихтың хаты» демекші, елді мекен атауларына да қозғау салып, тұрғындар сұранысына сәйкес өзгерістер енгізілді. Қала маңындағы Пригородное деп аталатын ауылға Сұлутөр атауы қайта берілді. Жалпақтөбе ауылындағы мәдениет үйі осында 17 жылдан астам тұрған даңқты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталды.
Сонымен қатар ауданішілік 10 көшенің атауы қазақ тіліне өзгертілді. Алдағы жылы 8 мектеп пен 10 көшенің атауын өзгерту, есім беру жұмыстары жүргізілуде. ӨНДІРІС ӨРКЕН ЖАЙЫП КЕЛЕДІ Тоқсан бес жылдық тарихы бар Жамбыл ауданында 17 ауылдық округ, 42 елді мекен, 88 196 тұрғын бар. Тұрғындардың 40,3 мыңы немесе 45,8 пайызы экономикалық белсенділер қатарына жатады. 2023 жылдың 12 айында ауданның жалпы шығарылған өнім көлемі 166 миллиард 832 миллион теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 170 миллиард 816 миллион теңгеге жеткен болатын. Ал өнеркәсіп саласында 36 миллиард 516,7 миллион теңгеге өнім өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 127 пайызды құрады. Мұның алдыңғы жылы 28 миллиард 743,6 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркісіп саласында «Амангелді ГӨЗ», «Кнауф Гипс Тараз», «Бином Строй деталь», «Суперфарм», «КазУпакТрейд» секілді ірі кәсіпорындарды атап өтуге болады. Бүгінде кәсіпорындар жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ұдайы көмек қолын созып отырады.
ЕГІСТІК АЛҚАБЫ ҰЛҒАЮДА Ауданда барлығы 3 721 агроқұрылым жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 4 өндірістік кооператив, 35 ауылшаруашылық кооперативі және 3 682 шаруа қожалығы бар. 2023 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 74 миллиард 242,4 миллион теңгені құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 70 миллиард 879,7 миллион теңге болған. Өткен жылы 60 152 гектарға егу жұмыстары үйлестірілді. Оның ішінде күздік бидай 4 582 гектар, жаздық арпа 13 432 гектар, майлы дақылдар 3 070 гектар, қант қызылшасы 1 540 гектар, картоп 602,5 гектар, дәндік жүгері 1 915 гектар, бақша 785 гектар, көкөніс 9 027 гектар, мал азығы 25 200 гектар алқапқа себілген. Бүгінгі күнге қамбаға 7 582 тонна бидай, 25 726 тонна жаздық арпа, 4 397 тонна майлы дақылдар, 45 676 тонна қант қызылшасы, 14 852 тонна картоп, 311 396 тонна көкөніс, 22 210 тонна бақша және 310 794 тонна мал азығы жиналды.
Аудан көлемінде жалпы сыйымдылығы 21,9 миллион текше метрді құрайтын 21 суқойма мен тоған бар. Ал ұзындығы 521,8 шақырымды құрайтын 73 каналдың өткізу сыйымдылығы 130,1 текше метр деңгейінде. «Қазсушар» мекемесінің жобасы шеңберінде «ПУИИД-2» және Еуропалық даму банкі арқылы 553 шақырымды құрайтын 69 каналды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Осы каналдар 14 мың 556 гектар алқапты суландырады. Жамбыл ауданының аумағы 430 954 гектарды, оның ішінде ауылшаруашылық жерлері 241 742 гектарды құрайды. Ауылшаруашылық жерлерінің құрамында 56 510 гектар егістік, 174 889 гектар жайылым, 1 268 гектар көпжылдық екпелер, 7 778 гектар шабындық, 1 297 гектар бөгде жерлер бар. Өткен жылы ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 11 364 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ал 2022 жылы 5 379 гектар мемлекетке қайтарылған еді. «Көктем терді күз ақтар, бағы, бабы келіссе» демекші, аудан шаруаларының еңбеккқор екеніне күмән келтіре алмаймыз. Дақылды ерте отырғызған шаруалар күз басталарда қызу тірлікке кіріседі. Өнімін өткереді, қоймада сақтайды. Жалпы аудан бойынша сыйымдылығы 39 230 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 67 қойма бар. Оның барлығы статистика басқармасына тіркелген. Бүгінгі күнде осы қоймалардың 61-інде 27870 тонна өнім сақтауда тұр. Оның ішінде 24450 тонна пияз, 3 370 тонна сәбіз, 50 тонна асханалық қызылша бар. ЖОБА ӨМІРШЕҢДІГІН ДӘЛЕЛДЕДІ Бүгінде аудан бойынша 35 ауылшаруашылық кооперативі тіркелген, оның 12-сі жұмыс істеп тұр.
Атап айтқанда, сауынды сиырмен айналысатын «Алтын белгі», егін, малшаруашылығы, жемшөп өндіру, сүт өндірісіне басымдық берген «Іске сәт», «Айкүміс агро», «Өрнек-Даму», «Қызыл Дихан», «Пионер», «ЧпРК Аманкелді», «AZ-NUR Агро», «Ел Дәулет», «Ырыс Н.Б.К.», «Жетістік», «Сары мырза» коопретивтерінің жұмысы жанданып келеді. Оның үстіне кооператив жұмысына «Ауыл аманаты» жобасы үлкен серпін беріп отыр. Өңір азаматтары жылыжайдың да қыр-сырын меңгеріп келеді.
Есепті жылы аумағы 9 гектарға жуық 20 жылыжайда бірінші және екінші айналымдардан қияр, қызанақ, бұрыш дақылдары отырғызылып, 161,2 тонна өнім жиналды. Жеке кәсіпкерлер өз ауласында қызғалдақ гүлдерін баптап, саудалауға да көшті. Жер емген шаруалар үшін техниканың қажеттігін айтпасақ та түсінікті. Оны жаңарту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мәселен, 2023 жылы шаруа қожалықтар 1 миллиард 136,2 миллион теңгеге 147 ауылшаруашылық техникасын алды. Оның ішінде лизинг жүйесімен 556 миллион теңгеге 1 комбайн, 13 трактор, тағы басқа 21 техника алынса, өз қаражаттары есебінен барлығы 580,2 миллион теңгеге 112 ауылшаруашылық техникасына қол жеткізілді. 2022 жылы 709 миллион теңгеге ауылшаруашылығына қажетті 131 техника алынған болатын. Шаруалар малдың да бабын жақсы біледі. Соңғы жылдары мал басында өсім бар. Олай дейтініміз, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, малшаруашылығымен айналысуға бел буған шаруалар жетерлік. Жалпы өткен жылы 44556,3 тонна сүт, тірі салмақта 12682,7 тонна және сойыс салмақта 7334,7 тонна ет, 62289,2 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Ауданда ірі қара малы 51 308, қой-ешкі 341 792, жылқы 24 881, түйе 42, үй құстары 403 883-ке жетіп отыр. Ал 8700 басқа арналған 17 мал бордақылау алаңы, 13 тауарлы сүт фермасы өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы бүгінде көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған «Ауыл аманаты» жобасы ауданда 6 ауылдық округте іске асырылуда. Байыпты бастама 2019 жылы Бесағаш, 2021 жылы Өрнек, 2022 жылы Қаракемер, 2023 жылы Айша бибі, Қарасу, Тоғызтарау ауылдық округтерінде қолға алынды. Бесағаш ауылдық округіне 5 бағыт бойынша 279 аулаға 1 миллиард 35 миллион теңге, Өрнек ауылдық округіндегі 89 аулаға 392 миллион 609 мың теңге, Қаракемер ауылдық округіндегі 166 аулаға 990 миллион теңге, Айша бибі ауылдық округіндегі 125 аула 1 миллиард 8 миллион теңге, Қарасу ауылдық округіндегі 155 аула 863 миллион 600 мың теңге, Тоғызтарау ауылдық округінде 78 аула 538,8 миллион теңге несие алып, жұмыстарына кірісті. Жоба арқасында кәсіпкерлер қатары артып, тұрмыстық табысын арттыруда. Бұл өз кезегінде жобаның өміршеңдігін дәлелдеп отыр. 2023 жылдың 12 айына аудан бойынша жалпы белсенді жұмыс жасайтын 8 639 кәсіпкерлік нысанында 7 915 адам жұмыспен қамтылды.
Барлық шағын кәсіпкерлік саласы бойынша есепті кезеңде 33 миллиард 527,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл ауданда жалпы шығарылған өнім көлемінің 19,2 пайызын құрайды. ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА ҚАРҚЫН БАР Жыл өткен сайын құрылыс жұмыстары да ұлғайып келеді. Мәселен, 2022 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 10 миллиард 234 миллион теңгені құраса, 2023 жылы 13 миллиард 179 миллион теңгеге жетті. Өткен жылы аудан көлемінде бюджет қаражаты есебінен барлығы 4,4 миллиард теңгеге 36 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның 33-і аудандық бюджетке тиесілі.
Бұдан бөлек 82,4 миллион теңгеге 20 нысанға жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бүгінде Ақбұлым, Қаракемер ауылдарында мәдениет үйінің, аудан орталығында музей, кітапхана, жастар сарайы, аспалы көпірдің құрылысы жүргізілуде. Ауылішілік жолдарды жөндеуден өткізу тұрғындардың басты талаптарының бірі. Жергілікті жүртшылықпен кездесуде осы мәселе жиі көтеріледі. Жалпы аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 72 шақырым республикалық маңызы бар, 85,7 шақырым облыстық мәндегі жолдар, 163,9 шақырым аудандық мәндегі жолдар және ауылішілік 539 көшенің ұзындығы 427 шақырымды құрайды. Ауылішілік көшелердің 274 шақырымы асфальт, 152,4 шақырымы шағалды төсем. Әрине, бір мезетте көшелерді бірден асфальттауға мүмкіндік аз. Дегенмен бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарып келеміз. Мысалға алсақ, 2022-2023 жылдары 134 мың 620 шақырымды құрайтын 142 ауылішілік көше мен аудандық мәндегі жолдар жөндеуден өтті. 2022 жылы 49, 2023 жылы 93 көше тақтайдай тегістелді.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға бюджеттерден 3 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды. Бүгінде Аса, Шайдана, Тастөбе, Ащыбұлақ, Қостөбе, Жамбыл ауылдарында көшелер толықтай асфальтталды. Ағымдағы жылы да 20 жобаны жүзеге асыруға күш салып, тұрғындардың талап-тілегін орындайтын боламыз. Ауыл азаматтарының жол жөндеумен қатар көтеретін мәселесі – көше жарықтандыру. Бұл жұмыстарға да басымдық беріп келеміз. Өткен жылы 9 ауылдың 24 көшесі жарықтандырылса, 10 ауылдың 13 көшесіндегі жарықшамдарын жөндеу, трнасформатор орнату, шамдарды ауыстыру жұмыстары жүргізілді.
Ал 2022 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің 11 көшесіне жарықтар орнатылып, 6 елді мекеннің ауылішілік көшесінің бағаналары ауыстырылып, электр желілері тартылды. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына келер болсақ, өткен жылы аудандық әкімдік ғимаратының сыртқы қасбеті, кірістер басқармасының ғимараты, Аса ауылындағы учаскелік полиция пункті жөндеуден өтті. Қызылқайнар ауылындағы сквер, Өрнек ауылындағы саябақ, Ауған соғысына және Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арналған саябақтар бір жаңарып қалды. Халықты сапалы ауызсумен қамту басты міндет болып табылады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы да, облыс басшысы да нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Жалпы бүгінде аудандағы 42 елді мекеннің 36-сында орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Яғни 87 972 тұрғынның 76 269-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған (86,6 пайыз). 2022-2023 жылдары Сеңгірбай, Көлқайнар, Қаракемер, Әулиекөл ауылдары сапалы ауызсуды тұтынса, Бесағаш пен Түрксіб ауылдарындағы ауызсу құбырын биыл іске қосу жоспарлануда. 2022 жылы Ақбұлым ауылының Төлебеков, Бес ана, Дүйсенбаев көшелеріндегі және Жасөркен ауылындағы ауызсу құбырлары ағымды жөндеуден өтті. Сонымен қатар Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе, Өрнек- Жұма ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылысын бастауға биылға 2,1 миллиард теңге қаралып отыр.
Ауызсуға қаржы қарастыру көптеген қиындық тудырды. Әсіресе Бектөбе мен Қызылшарық ауылдары тұрғындарының осы мәселені көтеріп келе жатқанына талай жыл болды. Оның үстіне ауызсу құрылысы аяқталмайынша жол жөндеу жұмыстарын да бастай алмай отырмыз. Тұрғындар талабына сәйкес аталған ауылдардың құжатын өткізу үшін елордаға бірнеше мәрте барып, вице министрдің қабылдауында қорғадық.
Бұл істің сәтті аяқталуына облысымыздан сайланған Сенат, Мәжіліс депутаттары Бекболат Орынбеков, Сәкен Арубаев, Мұқаш Ескендіров сынды азаматтардың көп көмегі тиді. Биыл ауызсу құрылысы басталатыны туралы қуанышты хабарды ауылдықтарға да жеткіздік. Бұл жобалардың бірқатары келесі жылға өтпелі екенін де айтқым келеді. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 2025 жылы елді мекендердің ауызсумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Ал өңірде газбен қамтылу көрсеткіші 90,4 пайызды құрайды. 42 ауылдың 38-і табиғи отынға қосылған. Қалған Тоғызтарау, Жаңа Өткел, Құмсуат, Сеңгірбай елді мекендерін ауылішілік және магистральді газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы көзі қарастырылуда. Бұл игіліктерді де соңына жеткізуге жұмыс істейтін боламыз.
Сонымен қатар 2023 жылы Тастөбе, Еңбек, Ащыбұлақ ауылдық клубтары газдандырылды және Бірлесу-Еңбек ауылының Жапарбеков көшесіндегі газ құбыры ағымдағы жөндеуден өтсе, 2022 жылы тұрғындар сұранысына сәйкес Түрксіб ауылындағы Ынтымақ көшесінің бойына газ құбыры тартылды. Бұқараны баспанамен қамту жайы да назардан тыс қалған емес. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1 632 адам тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 115 бала, әлеуметтік әлсіз топта 588 адам бар. Сондай-ақ 591 көп балалы отбасы және 338 мемлекеттік қызметші тұрғынүй кезегіне тіркелген. 2023 жылдың 12 айына жалпы алаңы 77652 шаршы метрді құрайтын 419 жеке меншік тұрғын үй қабылданды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101 пайызға орындалды. Сондай-ақ жалпы аудан бойынша 19 724 адам жекеменшік тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға кезекте тұр. 2022 жылы Аса ауылындағы 811 азамат жер телімін алса, өткен жылы мұнда электр желісі тартылды. Бұдан бөлек аудан орталығынан көпқабатты 4 тұрғын үй салуға жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттары республикалық бюджетке жолданды. Тағы бір айта кететін жайт, 2021 жылы 6 ауылда кезектілікке сәйкес ауыл азаматтарына жер телімі берілген болатын.
Жер теліміне барлық инфрақұрылым тартылған, тек үй салу қажет. Әйтсе де тұрғын үй салу жұмыстары баяу жүргізілуде. ҮШ АУЫЛДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ САЛЫНАДЫ «Дені саудың – тәні сау» демекші, бұл салада да жетістіктеріміз аз емес. Тұрғындарды аудан орталығына әурелемес үшін ауылдарда денсаулық сақтау нысандарын салудамыз. Жалпы денсаулық сақтау саласында 36 мекеме мен ұйымдар халыққа қызмет көрсетеді. Онда барлығы 98 дәрігер мен 467 орта буындағы медицина қызметкері бар. Өткен жылы Өрнек, Айша бибі амбулаториялық пункттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Құмсуат ауылында 5 келушіге және Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған денсаулық нысандары бой көтерді. Сондай-ақ жекеменшік серіктестік негізінде Шайқорық ауылында отбасылық медициналық орталық ашылды.
Ал осы жылы Қостөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы басталмақ. Білім саласына да баса назар аударылып келеді. Аудандағы жалпы 39 білім беру ұйымының
29-ы орта, 9-ы бастауыш, біреуі негізгі мектеп. Жалпы 920 сынып комплектісінде 16 896 балаға 1 906 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар мектепалды дайындық бойынша 73 сынып комплектісінде 1 072 бала білім алуда. Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі 1 компьютерге орташа есеппен 4 оқушыны құрайды. Жалпы ауданның барлық мектептері интернет желісіне қосылған. Оның ішіңде 27 мектепте 45 химия, физика, биология кабинеттері, 18 мектепте 24 кабинет лингофон және мультимедиялық құралдармен жабдықталған.37 мектепте «E-learning» электрондық оқыту жүйесі енгізілсе, 32 мектепте 117 интерактивтік тақта бар. Барлық мектептерге бейнебақылау орнатылған. 2022 жылы Айша бибі ауылында 300 орынды білім ордасы, 2023 жылы Шоқай ауылында 150 орынды орта мектеп пайдалануға берілсе, биыл Бектөбе ауылында жекеменшік мектеп-гимназия есігін айқара ашты. Ағымдағы жылы Шайдана ауылында 150, Қостөбе ауылында 100, Бәйтерек ауылында 100 орынды мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Аудандағы мектепке дейінгі білім беретін 26 балабақша мен 20 мектеп базасындағы шағын орталықта 4 309 бүлдіршін тәрбиеленуде. ЖАСТАР САРАЙЫ АШЫЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН «Мәдениет – халық айнасы» деп жатамыз.
Өткен жылы аудан халқы өңірдің 95 жылдығын сән-салтанатымен атап өттік. Жалпы аудан халқына 1 аудандық, 5 ауылдық мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 29 кітапхана, 1 жылжымалы «Зерде» бейнемобиль мәдениет ошағы қызмет көрсетуде. 2023 жылдың 12 айында аудан көлемінде 866 мәдени көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 70 461 адам қатысты. 2022-2023 жылдары Айша бибі, Гродеково ауылдық мәдениет үйлеріне, Шайқорық, Ащыбұлақ ауылдық клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұртшылықтың талабына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар және Ақбұлым ауылдарында мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Аудандағы кітап қоры 226 мың дананы құрайды. Ал орталық кітапхана ыңғайластырылған ғимаратта қызметтер ұсынуда. Осы мәселені біржақты ету үшін өткен жылы аудандық бюджеттен қаражат қарап, орталық кітапхананың құрылысын бастадық. Биыл игілікке беруге күш салатын боламыз. Спорт – мемлекеттің абыройын асқақтататын сала.
Ауданда 188 спорттық нысан бар. Аудан бойынша 35 353 адам спортпен тұрақты айналысады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде өткен жылы Гродеково, Сұлутөр, Айша бибі елді мекендерінен еңселі спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Аса, Қаратау, Тоғызтарау, Қызылдихан, Түрксіб ауылдарында шағын футбол алаңдары салынса, Түрксіб ауылына 2 балалар ойын алаңы орнатылып, абаттандырылды. Ш. Ниязбеков ауылындағы шағын футбол алаңы қоршалып, спорт алаңшасы абаттандырылды. Шайқорық, Тоғызтарау, Гродеково, Қапал ауылдарына балалар ойын алаңы игілікке беріліп, Жалпақтөбе, Сұлутөр ауылдарында шағын футбол алаңына жасанды төсем төселді. Биыл үш ауылда, яғни Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарында әмбебап кешендердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 2022 жылы Құмтиын, Қаракемер, Шайдана, Ақбұлым, Тастөбе, Ерназар ауылдарындағы шағын футбол алаңшаларына жасанды төсем төселсе, Танты, Бәйтерек ауылдарында шағын футбол алаңшасы салынды. Сонымен қатар Аса ауылындағы көпқабатты тұрғын үй мен Бесағаш ауылына балаларға арналған ойын алаңшасы орнатылды. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі таңда аудандағы жастар үлесі 28 434 адамға жетіп, жалпы халық санының 33,4 пайызын құрап отыр. Оның ішінде 6 873 жас білімгер болса, аудандағы орта мектептерде 6 753 жеткіншек тәлім алуда. 2023 жылдың 12 айында 2 364 жас жұмысқа орналасты, яғни тұрақты жұмысқа 978, әлеуметтік жұмысқа 27, ақылы қоғамдық жұмыстарға 338, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 296, «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасымен 58 жас жолдама алса, 48 жас қайтарымсыз грант, 53 жас 2,5 пайыздық несие алды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 336, электронды еңбек биржасы арқылы 77 жас оқыды. Бұдан бөлек 2 жас «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасының игілігін көрсе, «Ауыл аманаты» жобасына 151 жас тартылған. 2023 жылдың қорытындысымен жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында 1 034 іс-шара өткізіліп, 29 871 жас қамтылған. Алда ауқымды жобаларды да іске қосамыз. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен аудан орталығынан Жастар сарайын салуға қаржы қарадық. Биыл қолданысқа беруді көздеп отырмыз.
Екі жылдың бедерінде ел-жұрттың игілігіне бағытталған осындай істер атқарылды. Сәйкесінше көп ауылдардың ажары ашылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келеді. Дегенмен толайым тірлікке қарап тоқмейілсуге тағы болмайды. Осы орайда облыс басшысы тарапынан нақты тапсырмалар жүктеліп отыр. Бұл тұрғыда өңірге инвесторлар тарту, жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, инфрақұрылым желісін дамыту сияқты маңызды міндеттердің салмағы үлкен. Сенімге селкеу түсірмей, өңірді өркендету жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз.
Ерлан Қыдыралыұлы,
Жамбыл ауданының әкімі